• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Футбол 05 Маусым, 2024

Адиевтің орнына Черчесов келді

42 рет
көрсетілді

Футболдан Қазақстан ұлттық құра­масының бас бапкері Магомед Адиев қызметінен кетіп, оның орнына Ста­нислав Черчесов келді. Сөйтіп, Ре­сейдің бір маманын екіншісі алмас­тырды. Отандық футбол фе­дера­ция­сының (ҚФФ) бұл шешімі дұрыс па, әлде бұрыс па оны уақыт көр­сетеді.

1977 жылы Грозныйда дүниеге келген Магомед Адиев ұлттық құраманың тізгінін 2022 жылы ұстады. Оның басшы­лығымен 21 рет жасыл алаңға шыққан жер­лестеріміз 11 матчты өз пайдасына шешті. Тоғыз мәрте ұтылып, тағы бір ойында тең есеп тіркелді. Ең басты табысымыз – Ұлттар лигасының В дивизионына жолдама алуы­мыз. Бұл турнирде біздің футболшылар Әзер­байжан, Словакия және Беларусь құра­маларынан басым түсті.

Адиев жетекшілк еткен тұста футболшыларымыз жақсы өнер көрсеткенін жоққа шығармаймыз. Әсіресе 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турниріндегі ойындары өте әсерлі болды. Сырт алаңда Словакия (1:0) мен Финляндияға (2:1) сан соқ­тырдық. «Астана Аренада» даңқты Дания­дан 0:2 есебімен ұтылып жатып, үзілістен кейін қарсыластар қақпасын қатарынан үш мәрте дәл көздеп, сенсациялық нәтиже тіркедік – 3:2. Матчтың 73 минутында Бах­тиер Зайнутдиновтің пенальтиден, 86 және 89 минуттарда Асхат Тағыберген мен Абат Айым­бетовтің соққан ғаламат голдары жайында жанкүйерлер әлі күнге дейін таң­дана әңгімелеп жүр. Егер соңғы кездесуде Словенияны ұтқанымызда, «Еуро-2024» жары­сының жолдамасы қоржында еді. Бірақ ондай бақ бізге бұйырмады.

Іріктеу турнир барысында 10 ойыннан кейін 18 ұпай жинадық. Бұл – біз үшін бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Өз тобымызда төртінші орын алып, плей-оффта күш сы­насуға мүмкіндік алдық. Бірақ шешуші бәсекеде жолымыз болмады. Бұл межеде азулы Грекия 5:0 есебімен тас-талқанымызды шы­ғарды. Десек те, қарт құрлықтың басты доп додасына бір табан жақындай түсуіміз барша көрерменге керемет эмоциялар сый­лады. Ең бастысы, халық қайта футбол көре бастады. Оған дәлел – ұлттық командамыз жасыл алаңға шыққанда «Астана Аренада» бос орын табылмайтын. Футбол өнері елі­мізде қайта тірілгендей болып, бізде де доп тебе алатын жақсы ойын­шы­лардың барына анық көз жеткіздік.

Осыдан біраз уақыт бұрын Магомед Мұсаұлы қызметінен кететінін мәлімдеді. Өзінің осы шешімін отбасылық жағдайымен байланыстырды. Оның үстіне Адиев биылғы жылдың сәуір айында Грозныйдың «Ахмат» клубының тізгінін ұстап үлгерді. Енді оның орнына келген Ста­нислав Черчесов жайында не білеміз?

Станислав Саламұлы 1963 жылы Ала­гирде туды. Солтүстік Осетияның тума­сы 1982-2002 жылдар аралығында Владикавказ бен Мәскеудің «Спартак», «Локомотив», Дрезденнің «Динамо», Аустрияның «Тироль», КСРО, ТМД және Ресей құрамаларының қақпашысы болды. Спорттық мансабын аяқ­тағаннан кейін Аустрия, Ресей, Польша және Мажарстанның бірқатар командаларын жаттықтырды. 2007 жылы Мәскеудің «Спартак» клубының Ресей Премьер-лига­сында күміс медальді еншілеуіне сүбелі үлес қосты. 2016 жылы «Легияны» Польша чемпио­ны етіп, ел кубогін иеленді. Соңғы жұмыс орны – Будапештің «Ференцварошы». Осы ұжыммен бірге Черчесов Мажарстанның екі дүркін чемпионы атанып, бір рет ел кубо­гінде бас жүлдені олжалады.

2016–2021 жылдар аралығында Станислав Черчесов Ресейдің ұлттық құрамасының бас бапкері болды. Осы қызметтегі оның табысы – 2018 жылы өз елінде өткен әлем чемпионатының ширек финалына шығуы. Топтық турнирде олар Сауд Арабиясы (5:0) мен Мысырды (3:1) ұтып, Уругвайға (0:3) есе жіберді. Плей-оффтың 1/8 финалында Ис­паниямен (1:1, 4:3) тең ойнап, пенальти соғу барысында басым түсті. Одан кейін Хор­ватиямен күш сынасты. Ширек фи­налдың да тағдыры «спорттық лотерея» арқылы шешілді. Негізгі уақытта жеңімпаз анықталмады – 2:2. Ал 11 метрлік нүктеден хорваттар дәлдік танытты – 4:3. 2020 жылғы ре­сейліктер «Еуро» додасының іріктеу тур­нирінде сүрінгеннен кейін Черчесов өз орнын босатты.

Шыны керек, жергілікті мамандар мен жанкүйерлердің дені Станислав Черче­совтің Қазақстанға келуін қаламады. Бірақ олардың пікіріне ешкім құлақ аспады. КФФ басшылары 60 жастағы бапкерді өздері аттай қалап алды. Кейбір дерек көздеріне сенсек, аталған азамат келсімшарт бойынша жылына 1,2 миллион еуро мөлшерінде жалақы алады. Біз үшін ең маңыздысы – Қазақстан футболының көсе­гесі көгергені, ойыншылардың деңгейінің өскені, ұлттық командамыздың әлем және Еуропа чемпионаттарына жолдама алғаны. Осындай аса жауапты міндетті атқару Ста­нислав Салам­ұлына жүктеліп отыр. Жаңа­дан тағайын­далған бас бапкерге біз алдағы дүбірлі додаларда сәттілік тілейміз.