Ресей суперкубогінде «Балтиканың» қақпасына жеңіс добын соққан Нұрәлі Әліпті жанкүйерлер осы матчтың ең үздік ойыншысы деп таныды.
«Еуро-2025» додасының іріктеу сайысында С тобындағы еліміздің әйелдер құрамасы Арменияны 4:1 есебімен ойсырата ұтты. Бұл голдардың авторлары – Александра Бурова, Аида Гайстенова, Бибігүл Нұрышева және Әселхан Тұрлыбекова. Қонақтар сапынан тек Марал Артин гол соқты. Осылайша, төрт кездесуден кейін жерлестеріміз алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Ал Тираспольде өткен жолдастық кездесуде еліміздің жасөспірімдер құрамасы (U-19) Әзербайжанға 0:2 есебімен есе жіберді.
Бұл күндері Францияда «Критериум Дофине» көпкүндігі өтуде. Өкінішке қарай, «Астананың» велошабандоздары әзірге үздіктер қатарына ене алар емес. Үшінші кезеңнен кейін Қазақстанның командасы сапындағы колумбиялық легионер Харольд Техада 23-орынды қанағат тұтуда. Сондай-ақ кеше Нидерландта «ZLM Tour» додасы басталды. Бұл жарыста «Астананың» намысын Макс Кантер, Рюдигер Зелиг (Германия), Глеб Сырица (Ресей), Даниил Марухин (Қазақстан), Макс Уокер (Ұлыбритания) және Давиде Тонеатти (Италия) қорғауда.
«Opta» статистикалық порталы санаулы күндерден кейін Германияда шымылдығы түрілетін футболдан Еуропа чемпионатының фавориттерін атады. Суперкомпьютердің есебі бойынша бас жүлдеден басты үміткер – Англия құрамасы. Олар 19,9 пайыздық басымдыққа ие. Екінші және үшінші орындарда – Франция (19,1 %) мен Германия (12,4 %). Ал Грузия (0,1 %), Сербия (1,0 %) және Украина (1,0 %) аутсайдарлер санатында.
9 маусымда Алматыда аралас жекпе-жектен «Номад» турнирі өтеді. Осы кештің басты бәсекесінде аталған промоушенде әлі бірде-бір рет жеңілмеген Айдос Жаппабергенов пен Жұман Жұмабеков чемпиондық белбеу үшін таласады.