Бар ғұмырын ұлт мәдениетін насихаттауға арнап, әлемге «Абай жолы» роман-эпопеясымен қазақтың мыңжылдық тарихын, салтын, дәстүрін дәріптеген кемеңгер жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің өмір жолына қатысты деректер, мұрағат материалдары қашанда құнды.
Алаш үкіметінің астанасы болған Семей қаласында Мұқаңа қатысты тарихи орындар мен ғимараттар жетерлік. Солардың бірі – 1918-1920 жылдары жазушы тұрған қала орталығындағы академик Павлов көшесі, 70 мекенжайында орналасқан тарихи ғимарат. Бұл үйді Мұхтар Омарханұлының тұрақ еткені туралы жеке іс парағында жазылған. 1919 жылғы қараша айында М.Әуезов семинарияны бітіріп, бастауыш мектепке сабақ беру құқына ие болады. Семей губерниясында кеңес өкіметі орнағаннан кейін ол біршама билік қызметіне араласады. 1919 жылдан бастап ол губерниялық революциялық комитетте бөлім басқарады. Облыстық мемлеттік архивте М.Әуезовтің Семей губерниялық ревкомы бөлімшесінің меңгерушісі болып жүрген кездегі жеке ісі сақталған. Мұрағат материалында осы үйде тұрғандығы көрсетілген.
Тарихи үй 1869 жылы салынған. Үйдің жалпы аумағы – 251,8 текше метр. Іргетасы бетонды, ленталы. Қабырғалары 2,5 кірпіштен қаланған. Төбесі ағашпен жабылып, темір шатырмен шатырланған, едені тақтай. Терезе мен есіктері қолдан қарапайым түрде жасалған.
Тарихи ғимарат Больничная көшесі 62, Демьян Бедный көшесі, 11-13 деген мекенжайды иеленсе, бүгінгі күні Семей қаласындағы академик Павлов көшесі, 70-үй деп өзгертілген. Бұл үйде тек қана Мұхтар Әуезов емес, Алаш арыстары Әлихан мен Ахмет, Міржақып пен Сұлтанмахмұт сынды тұлғалар аялдағаны туралы тарихи деректер бар.
Семей