Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, сенаторлар медиа саласына және жаңартылатын энергияға қатысты заңдарды, сондай-ақ балық аулау субсидиялары жөніндегі келісімді қарады.
Қазақша контент әзірлеушілерді қолдау қажет
Отырыс барысында сенаторлар «Масс-медиа туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заңдарды қарап, мақұлдады.
Палата төрағасы атап өткендей, бұл заңдар масс-медиа саласындағы заңнаманы жүйелі түрде жетілдіруді көздейді. Негізгі заң арқылы масс-медиа қызметінің мақсаттары, қағидаттары мен міндеттері бекітілді.
«Оқиғаларды объективті түрде жариялау және таратылатын ақпараттың анықтығы – заңда көрсетілген негізгі қағидаттардың бірі. Жаңа нормалар арқылы БАҚ қызметін ұйымдастыру шарттары, журналистердің кепілдіктері, олардың азаматтармен және ұйымдармен өзара қарым-қатынасының негіздері де реттелді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту мақсатымен отандық контентті дамытуға арналған ережелер де қарастырылған. Балалар мен мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қосымша қорғауға арналған нормалар да бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, мемлекет, медиа және қоғам арасындағы келісім Әділетті Қазақстанның берік іргетасына айналуға тиіс. Осы ретте мақұлданған заңдар барлық мүдделі тараптың пікірін ескеретін сапалы жаңа құқықтық модель қалыптастырады деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Ұсынылған жаңа нормалардың қатарында қаржыландыру тетіктеріне, бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарына қойылатын ескіру мерзімдерін белгілеуге, БАҚ сұрауларын қарау мерзімдерін қысқартуға және тағы басқа мәселелерге қатысты новеллалар бар.
Палата спикері кеше қазақ тілінде контент жасап жүрген креативті индустрия өкілдерінің форумында осы мәселе кеңінен талқыланғанын айтып, оларды қолдау маңызды міндет екенін тілге тиек етті.
«Кеше креативті индустрия өкілдерінің форумына қатыстық. Сол жерде қазақ тілінде балаларға арналған контент жасап жүрген мамандар біраз проблеманы көтерді. Оның ішінде қаржыландыру, маркетинг, ақпараттарға қолжетімділікті қамтамасыз ету сияқты өзекті мәселелер бар. Осыған байланысты бүгін қаралып жатқан заң аясында балаларға арнап қазақша контенттер жасайтын жастарды, ұжымдарды қолдау тетіктерін де назарға алуымыз керек. Мемлекет тарапынан көрсетілетін мұндай қолдау бір реттік емес, жүйелі түрде болуға тиіс. Сенат алдағы уақытта осы бағытта мүдделі тараптармен тиісті жұмысты жалғастырады», деді ол.
Жаңартылатын энергияны пайдалану ұлғаяды
Сонымен қатар Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралып, мақұлданды. Бұл заң осы бағыттағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану көлемін одан әрі ұлғайтуға, сондай-ақ электр энергетикасы саласын қосымша қолдауға бағытталған. Осыған байланысты заңда жаңартылатын энергия технологияларын пайдалануды ынталандыру және өңірлік электр желілерін дамыту үшін бірқатар құқықтық тетіктері қарастырылған.
Сондай-ақ депутаттар «Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы (Балық аулау субсидиялары жөніндегі келісім) ратификациялау туралы» заңды да қарап, мақұлдады. Құжат заңсыз, хабарланбайтын және реттелмейтін балық аулауға ықпал ететін субсидия беруді шектеу арқылы балық ресурстарының сақталуын қамтамасыз етуге арналған. Отырыста атап өтілгендей, ДСҰ-ның барлық мүшесі үшін міндетті Хаттаманың қабылдануы көпжақты сауда байланысы бар ел ретінде еліміздің имиджіне оң әсерін тигізеді.
Сақтандыру саласындағы зәруліктер
Палата отырысында бірқатар сенатор депутаттық сауалдарын жолдады. Андрей Лукин Үкіметті сақтандыру компанияларының қызметіне бақылауды күшейтуге шақырды. Депутаттың айтуынша, қазіргі ең төменгі сақтандыру мөлшерлемесі жұмыс берушілер үшін, әсіресе ауылдық жерлерде қаржылық ауыртпалық тудырып отыр.
Елімізде 2005 жылдан бастап қызметкерлерді міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс істеп келеді. Ол еңбек міндеттерін орындау кезінде оларды жазатайым оқиғадан сақтандыруды тіркеу мақсатында талап етіледі. Алайда бұл салада бірқатар проблема да бар.
Депутаттың айтуынша, қазіргі уақытта ең төменгі сақтандыру мөлшері тиісті жылға белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерін құрайды. «Қолданыстағы сақтандыру жүйесі еңбекке қабілетінен 30-дан 100%-ға дейін айырылған жағдайда ғана төлем беруді көздейді. Қалған жағдайда міндетті сақтандыру шарты жасалған және тиісінше орындалған жағдайда да қызметкердің жоғалтқан жалақысы мен денсаулығының бұзылуына байланысты шығындарды өтеу тікелей жұмыс берушіге жүктеледі. Егер қызметкердің қайтыс болуы немесе кәсіптік еңбекке қабілеттігінен айырылу дәрежесі 30% және одан жоғары болуына байланысты сақтандыру төлемі залалды толық өтеуге жеткіліксіз болса, ал жоғалтқан табыс мөлшері 10 айлық жалақыдан асатын болса, айырмашылықты жұмыс беруші өтеуге міндетті», деді сенатор.
Депутат сондай-ақ ауылдық жердегі жұмыс берушінің қаржы жүктемесіне еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жұмыс жағдайын жақсарту қамтылғанына алаңдаушылық білдірді. Сақтандыру компаниялары жазатайым оқиға кезінде шығындардың аз ғана бөлігін өтейді. Андрей Лукин осыған байланысты Үкіметке сақтандыру саласындағы жағдайды жақсартуға мүмкіндік беретін бірқатар шараны қарастыруды ұсынды.
«Ауылдық жерлердегі жұмыс берушілерге сақтандыру сыйлықақысының сомасын мөлшерлес қайта қараумен 6 айға сақтандыру шартын жасасу мүмкіндігін қарастыру керек. Ауылдық жердегі жұмыс беруші төлейтін сақтандыру сыйлықақысының ең төменгі мөлшерін ең аз жалақы көрсеткіші бойынша 1-ден 0,5-ке дейін төмендету керек. Сақтандырудың тиімділігін арттыру шараларын әзірлеу туралы мәселені қарастыру керек. Атап айтқанда, сақтандыру компанияларының қызметіне бақылауды күшейту және олардың операцияларының ашықтығын қамтамасыз ету керек», деді Андрей Лукин.
Білім беруде саннан сапаға көшкен жөн
Сенатор Алтынбек Нұхұлы мектеп оқушыларына арналған білім беру бағдарламасының жүктемесі шамадан тыс екенін айтып, алаңдаушылық білдірді. Депутаттың пікірінше, Орта білім беру сапасын арттыру тұжырымдамасына осы бағыттағы халықаралық тәжірибені ескере отырып өзгерістер енгізу керек.
Мектептерде тым көп пән оқытылады, ал оқулықтар оқушыға түсінуге қиын ғылыми тілде жазылады. Сенатордың айтуынша, білім сапасы жағынан алға кеткен Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия және Канада сияқты елдерде 7-8-сыныпта нақты ғылымға қатысты 4-6 пән оқиды, ал бізде 15 пән, ал 9-сыныпта тіпті 16 пән оқытылады. Міндетті оқу пәндерінің саны 2,5 есе көп. Сонымен қатар химия, биология және география сияқты оқу пәндері шетелдің мектебінде бір «Ғылым» пәніне біріктіріліп, өте аз уақыт оқытылады. Осыған қарамастан, кейінгі 15 жылдағы халықаралық PISA зерттеуінің қорытындысы бойынша осы елдердегі оқушылардың жаратылыстану ғылымы бойынша сауаттылығы жоғары болып отыр. Бұл пәндер санынан оқыту сапасы маңызды екенін көрсетеді.
«Қазақстанда мектеп оқушыларына тақырып бойынша шамадан тыс көлемді ақпарат беріледі және оқулықтардың тілі ауыр әрі ғылыми сипатта жазылған. Ал озық елдің тағы бірі Ұлыбританияда – керісінше, ақпарат көлемді емес, тақырыптар тәжірибеге бағытталып, күнделікті өмірдің жағдаяттарымен байланыстырылып оқытылады. Басқаша айтқанда, оқушының алдағы өмірінде прагматикалық тұрғыдан қаншалықты маңызды екенін түсіндіруге көп көңіл бөлінеді, яғни оқушылардың құзыреттілігін қалыптастыратын нәтижеге бағдарланған білім беріледі. Орта білім беру саласында сапалы білім беру үшін оқушыларға заман талабына сай білім беру мазмұнын жасау керек. Орта білім беру сапасын көтерудің тұжырымдамасына сәйкесінше өзгерістер енгізілуі керек деп есептейміз», деді Алтынбек Нұхұлы.
Сенат отырысында сонымен қатар депутат Мұрат Қадырбек Кентау қаласының экологиялық проблемаларына тоқталды. Ол экологиялық қауіпті аймақтарда тұратын азаматтарға үстемақы төлеу мәселесін көтерді.
Сенатор Нурия Ниязова Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы көпсалалы аурухананың өзекті проблемаларына Үкіметтің назарын аударды. Аталған нысан ангиографиялық жүйе орнатуды қажет етеді. Бұл жабдық қан айналымы жүйесінің ауруларын сапалы емдеу және инсульт салдарынан болатын өлімді азайту үшін керек.
Арман Өтеғұлов өз сауалында отандық теміржол саласындағы негізгі проблемаларға, оның ішінде инфрақұрылымның тозуы, вагондардың тапшылығы, үдерістерді автоматтандырудың төмен деңгейі, билеттердің жетіспеушілігі және олардың жоғары құны сияқты түйткілдерге тоқталды.
Ал Айнұр Арғынбекова радиофармацевтикалық дәрілік препараттарды тіркеу және лицензиялау үдерісіндегі шектеулер елімізде ядролық медицинаның дамуына кедергі келтіретінін тілге тиек етті. Осыған байланысты сенатор процедураны жеңілдету үшін ұлттық нормативтерді еуропалық стандарттарға бейімдеуді ұсынды.