Дарқан даланың даналығын бойына жинаған халқымызда «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейтін қанатты сөз бар. «Байдалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің механизаторы Жұматай Қайыржанов та – темірдің тілін білетін әкесінің жанында жүріп, өнегесін өмірлік серік еткен адам.
Биылғы көктем дала еңбеккерлерінің төзімі мен тәжірибесін, қажыры мен қайратын сынай келді. Егіс науқаны кешеуілдеуде. Аспан қабағы бір ашылмай, сылбырап жауын жауып тұр. Бірер күннен соң қолайлы уақыт та өтіп кетпек. Қазір қас қағым сәт қымбат. Көктемнің әр күні жылға азық дейтұғын дала еңбеккерлері күнді емес, сағатты санауда. Жұматай Қайыржанов 25-науқанды басынан өткеруде. Еңбек әліппесін бастап, техникаға отырғанда мінгені кеңес заманындағы доңғалақты трактор еді. Одан соң бірнеше жыл бойы К-700 тракторын тізгіндеді. Қазіргі алымды, жұмысы өнімді шетелдік техника тіптен ғажап. Ең алғаш «Buhler» қуатты егіс кешенін жүргізгенде таң-тамаша қалған. Қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта да терлеп-тепшімей жұмыс істеуге болады екен ғой. Кабинасына кондиционер орнатылған. Бұрын мұндайды кім армандап көріпті. Ішіне шаң да кірмейді. Дәл осындай техникада жұмыс істеген адам шаршай ма?
42 жыл бойы табан аудармай туған жерінің төсінде адал еңбек етіп келе жатқан Жұматай Ұрымбайұлы механизаторлар курсын бітіргеннен кейін трактор тізгіндеген. Кейін жаңа заманның жосығымен «Елім» шағын шаруашылығы құрылған кезде әр науқанның қажеттілігіне орай кез келген техникаға отырып жұмыс істей беретін. Тозығы жеткен ескі техникаларды жамап-жасқап қатарға қосу білікті маман Жұматайға бұйым болып па? Шағын шаруа қожалығының жаңа техникаға қолы қайдан жетсін? Көкірегі күркілдеген көне техниканы кәдеге жаратып, бір қолын екі ете алмай жатқан шаруашылықтың жүгін алға сүйреді. Әйтсе де қажыдым, талдым, шаршадым деген жоқ. Ең бастысы, әуел баста өзі құлай сүйген мамандығына адал болды. Кейін ойлап қараса, осы кәсіпті игеруі қайран да қайран әкенің аманаты іспетті екен. Өкшесін басып келе жатқан жастарға келелі кеңесін айта отырып, өз мамандығын мақтаныш қылатыны бар. Бір кезде табаны тастан таймаған тарланбоздай абыройлы еңбек еткен әкесі Ұрымбай Қайыржанов сол кездегі Балкашин ауданына қарасты Веселовский кеңшарының маңдайалды механизаторы еді. Жұматай оқушы кезінде әкесінің шаужайына еріп алқапқа баратын. Байқампаз балаға қуатты трактордың қара жердің төсін айырып жыртқаны, дәнді топыраққа сіңіргені қызықты көрінетін. Ес білгелі балаң көңілде жатталып қалған осы бір жұмыс ырғағын өзінің жалғастыратынын түйсінген де жоқ еді. Кейін ат жалын тартып мінгенде, жер емген әке жолын жалғастырамын деп шешті.
– Біз ел ырыздығын өсіріп жатырмыз. Қара жердің төсінде дәннің қылтиып шыққандығы, кейін басының толысып жайқалып тұрғаны бір бақыт, – дейді білікті механизатор. Жапан дала еселі еңбектің ырғағымен өзгеше бір күйге бөленіп тұрғандығын тыңдасаң, көңіліңді қуаныш кернейді.
Жоғарыда айтқанымыздай, ұрпақ сабақтастығы, еңбек сабақтастығы өз қалпымен дамуда. Бүгінде Жұматайдың ұлы Тимур «Байдалы» серіктестігінде он жылдан астам уақыт механизатор болып еңбек етіп жатыр. Адал еңбегінің арқасында шаруашылық басшылары тарапынан сан мәрте алғыс арқалады, өнімді еңбегі өзге әріптестеріне үлгі етілді. Осының барлығы шырайлы шаңырақтағы тәлімді тәрбиеден баянды бастау алып жатқаны даусыз. Айтпақшы, осы кәсіпорында отбасылық еңбек дәстүрінің жарқын мысалдары көп-ақ.
– Осы бір жайдың айнымай қайталанғанына өзімнің де таңым бар, – дейді Жұматай Қайыржанов. – Бала кезімде әкемнің соңынан бір елі қалмай қалай еріп жүрсем, менің балам да кішкентай кезінен далақұмар болды. Кейде күнге күйдіріп, шаршатпайын-ақ деп ойлаймын, бірақ соңымнан қалмайды. Трактордың әр тетігін, оның қызметін үйренгісі келеді. Осылайша, бала кезінен жатталған дүние жетіле беріп құмарлығын оятты-ау деймін, әкесінің, жоқ, әкесінің ғана емес, атасының жолын жалғастырып келеді. Майталман механизатордың ойынша дала баласына ырыздық мелтектеген осы жерде де өзіне лайықты орын бар. Адал еңбектің арқасында ауылдарының ажары кіріп, күн санап өсіп келеді. Барлық әлеуметтік-тұрмыстық жағдай туғызылған. Серіктестік толымды еңбекақысын уақытында төлейді.
– Әкелі-балалы Қайыржановтар біздің шаруашылықтың алтын діңгегі, – дейді серістестік директоры Марат Оразалин. – Осындай азаматтар барда ел еңсесі ешқашан төмендемеуге тиіс.
Қайыржановтардың өз отбасылық еңбек өтілін есептеу естеріне де келмепті. Ең бастысы, ақық дән аялап, дала сырын жаттап, кеңістікті нұрландырып тұр. Бұл даланың аспаны осындай ұлдары барда асқақтай түседі.
Ақмола облысы,
Сандықтау ауданы