Ішкі істер саласын реформалап, «жұртқа жақын полиция» қағидатын қалыптастыруға жасалған қадам біраз бастамаға негіз қалады. Осы жылғы қаңтар айында өткен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Мемлекет басшысы қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау жауапкершілігі өте үлкен жұмыс екендігін, еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуі үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажеттігін атап өтті. Бұл үшін мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалып, «Заң және тәртіп» қағидаты біржола орнығуы керек. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыс барысын Қызылорда облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Мақсұтхан ӘБІЛӘЗІМОВТЕН білдік.
– Мақсұтхан Нұғманұлы, жалпы құқық қорғау саласындағы өзгерістерден күтер үміт көп. Бұл бастама өңірде қалай жүзеге асып жатыр? Заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету шаралары нәтиже берді ме?
– Біздің алдымыздағы қазіргі міндет – қоғамның талап-тілегіне құлақ асып, шұғыл әрекет ете білетін полицияның сервистік моделінің негізгі қағидаттарын жүзеге асыру. Жыл басындағы жиында Мемлекет басшысы кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне де айрықша назар аударып, полицияға білім беру басшылығымен бірлесе жұмыс атқаруды міндеттеді. Сондай-ақ есірткінің таралуына тосқауыл қойып, киберқылмыспен және интернет-алаяқтықпен күрес шараларын күшейтуге тапсырма берді. Біз Мемлекет басшысы алға қойған осы міндеттерді сапалы орындап, елімізде заң үстемдігі мен әділдікті сақтауда нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін қажетті шараларды қабылдауымыз керек.
Полиция қызметі қазіргі күн талаптарына жауап беруі қажет. Заманауи құқық қорғаушы осы күнгі жаңа технологиялардың қарқынды даму кезеңіне сай жұмыс істегені жөн. Осы ретте департамент күнделікті қызметінде жаңа технологияларды кеңінен қолдануды назарда ұстап отыр. Біздің полицейлер жол жүрісі қағидаларын автоматты тіркеу жүйелерін, кеудеге тағатын бейнетіркегіштерді, бейнебақылау камераларын белсенді қолданады. Тергеп-тексеру барысын азаматтар толық қадағалауы үшін қылмыстық, әкімшілік үдерістер толық электронды форматта жүргізіліп жатыр. Өткен жылы облыс орталығында 15 жерде полицияны шұғыл шақыру үшін «Дабыл батырмалары» іске қосылды. Сонымен қатар құқық бұзушылыққа куә болған жағдайда ол туралы фото және бейне хабарлама жолдау үшін «102 SOS» арнайы қосымшасы іске қосылды.
– Осы күні қала көшелерінде бейнебақылау камералары көбейді. Осы өзгерістердің құқық бұзушылықты төмендетуге септігі тиді ме?
– Қызылорда қаласында орналасқан жылдамдық өлшегіш құрылғылары бар интеллектуалдық камералар «Қорғау» мобильді бағдарламасына қосылды. Бұл бағдарлама көлікті жалған нөмірмен басқаратын жүргізушілерді, техникалық байқаудан өтпеген немесе сақтандырусыз жүргендерді анықтайды. Алда жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, қылмыс пен құқық бұзушылық көп орын алатын жерлерде қосымша 1400 бейнекамера, 19 зияткерлік қиылыс, 58 стационарлық жылдамдық өлшегіш құралдарын қоюды жоспарлап отырмыз. Өйткені саланы цифрландыру – адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ұтымды жолы.
Бұдан бөлек, қала ішіндегі қоғамдық орындар мен көпқабатты үйлердің ауласын полиция қызметкерлері тек қызметтік автокөліктермен аралап қоймай, күнделікті 10 бағыт бойынша бөлініп, жаяу шолып шығады. Осы жұмыстар нәтижесінде тіркелген қылмыстар 9 пайызға төмендеді. Оның ішінде ұрлық, мал ұрлығы, тонау, бұзақылық саны азайып отыр. Сонымен қатар бөтеннің мүлкін ұрлау, мал, пәтер ұрлығы, ұялы телефонды жымқырып кету, бұзақылық қылмыстарын ашу көрсеткіші едәуір жақсарды. Қабылданған профилактикалық шаралардан кейін қоғамдық орында, көшеде, отбасында жасалатын қылмыстар сиреп, 10 мың тұрғынға шаққандағы құқық бұзушылық деңгейі 6 пайызға азайды. Әсіресе биыл пәтер ұрлығы 5,7 пайызға төмендегенін ерекше айта кеткен жөн. Жедел уәкілдер мен криминалистердің жанкешті еңбегінің арқасында біздің облыста тіркелген пәтер ұрлығының 25 фактісін жасаған Түркістан облысының 26 жастағы тұрғыны ұсталып, қамауға алынды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұрланған алтын бұйымдар мен өзге де заттар иелеріне қайтарылды. Осындай жүйелі жұмыстар нәтижесінде Қызылорда облысы осы күні республика бойынша ең қауіпсіз аймақ болып саналады.
Азайды дегенімізбен мал ұрлығы әлі де болса кездеседі. Ұқыпсыздың малы ұрыға жем болатынын айтып, дабыл қағудан кенде емеспіз. Көп елді мекенде малын өріске айдай салып, алаңсыз жүре беретіндер азаймай отыр. Қараусыз түлік күрежолға шығып кетіп, талай апатқа себеп болып отырғанын да айтпай кете алмаймыз. Әкімшілік жауапкершілік туралы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы ақпараттандырылғанына қарамастан, тұрғындар осы бір әдеттен тыйылар емес. Қазалы ауданынан ұсталған 23, 28 және 29 жастағы азаматтар 11 бас түйені жайылымдық жерден айдап кеткен. Олар қазір қамауға алынды.
– Осы күні отбасындағы зорлық-зомбылық та қоғамды алаңдататын ортақ мәселеге айналып отыр...
– Дұрыс айтасыз, қазіргі ең өзекті мәселенің бірі осы. 102 арнасына тұрғындардан отбасындағы тұрмыстық қарым-қатынастар бойынша 596 қоңырау түсіп, шешім қабылданды. Құқыққа қарсы әрекет жасаған 342, денсаулыққа қасақана зиян келтірген 106, әйелі мен баласына қол жұмсаған 95 тұрғын жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен 90 адам әкімшілік қамауға алынса, 143 құқық бұзушыға ерекше талаптар белгіленіп, 441 азаматқа қатысты қорғау нұсқамасы шығарылып отыр. Есепке алынған 102 қолайсыз отбасының ішінде әйелі мен балаларын ұратын, араққа құмар азаматтар да аз емес.
Қылмыс пен құқық бұзушылықтарға жол бермеуге бағытталған «Тұрмыс», «Квадрат», «Көрші бақылауы», «Учаске», «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» профилактикалық шаралары ұйымдастырылып, нәтижесінде облыста осы саладағы қылмыстар 82 пайызға азайған.
Жалпы, біздің қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылықты үй ішінен сыртқа шығара бермейтінін білесіз. Осыдан да біз бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер арқылы зорлық-зомбылық фактілері туралы полицияға дереу хабарлау қажеттігі туралы мақсатты жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Отбасында туындайтын тағы бір өзекті проблеманың бірі – жасөспірімдер арасындағы қылмыс. Биылғы 3 айда жасөспірімдер жасаған 4 қылмыс тіркеліп, 2 мектеп оқушысы, 2 колледж студенті қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Түнде үйінен жырақ кетіп, ойын-сауық орталықтарын заңды өкілсіз аралап жүрген 1 486 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Міндеттерін орындамаған 121 әке-шешеге әкімшілік хаттама рәсімделіп, 46 жасөспірім полиция есебіне алынды.
Осындай жағдайлардың алдын алу үшін «Жасөспірім» іс-шарасы мен «Абайлаңыз, балалар!» атты акциялар өткізіліп, департамент білім беру орындарында 1313 лекция және семинар жүргізді. Жасалған талдау қылмысқа қолайсыз жағдайлар жиі қайталанып тұратын үйелменнен шыққан жасөспірімдер көп баратынын көрсетіп отыр.
Осы ретте қоғам болып, ата-ана ретінде бірлесіп, жас ұрпақ тәрбиесіне немқұрайдылық танытпай, олардың жан-жақты дамуына күш салуымыз керек. Балалардың жолда жүру қауіпсіздігін де естен екі елі шығаруға болмайды. Әр шаңырақта мотоцикл, скутер, мопед, самокаттардың қаншалықты қауіпті екені жайлы жиі айтылса дейміз. Мысалы, скутер мен мотоцикл пайдалану барысында белгіленген тәртіпті сақтамағаны үшін хаттама толтырылған 431 адамның 19-ы жасөспірім екені анықталып отыр.
– Қазіргі әлеуметтік желінің көп жұмысты жеңілдеткеніне қуанамыз. Бірақ ғаламтордың мүмкіндігін түрлі мақсатта пайдаланатындар көбейіп отырғаны да жасырын емес қой. Мысалы, алаяқтық, есірткі саудасы деген сияқты...
– Оның ішінде есірткі сатушылар саудасын жүргізуге осы жасөспірімдерді көбірек пайдаланады. Жеңіл табысқа малданған сол балалардың көбі мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік арқалайтынын біле бермейтіні ойлантады. 2021 жылдан бастап граффити жазуларын салу, хабарландырулар, QR кодтарды тарату мен мессенджерлерде есірткі туралы оң пікірлер қалдырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ал есірткі айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Есірткі ешкімді жақсылыққа жеткізбейтінін ұмытпауымыз керек.
Синтетикалық есірткі дейтін кесел шықты. Неврология ғылымы адам психологиясына санаулы секундта қатты әсер ететінін әлдеқашан анықтаған есірткінің бұл түрімен күресу оңай болмай отыр. Олар негізінен интернет арқылы сатылады. Жыл басынан бері әлеуметтік желіде мониторинг жүргізіп, «Кибер қадағалау» ақпараттық жүйесі арқылы синтетикалық есірткіні жарнамалайтын 20 сайттың жұмысы тоқтатылды. Облыс аумағында 45 есірткі қылмысы анықталып, заңсыз айналымнан 9 килограмм 795 грамм есірткі тәркіленді және 1 фито-зертхана белгілі болды. Департамент нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жұмыс істеп келеді.
Технологияның дамуы интернет алаяқтары үшін де іздегенге сұраған болып отыр. Осыдан да бүгінде киберқылмыстар белең алып барады. Ал «Киберпол» арнайы тобы осындай қылмыстардың алдын алумен айналысып, өңірде интернет-алаяқтықтың 52 дерегі тіркелді. Іздеуде жүрген бір адам ұсталып, тергеу барысында жәбірленушілерге 1 млн 500 мың теңгеден астам материалдық залал өтелді.
Интернеттің мүмкіндігі сәт сайын ұлғайып, соған сай оны қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп отырады.
Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы халыққа хабардар етілгенімен де тұрғындардың банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде қоңырау шалғандарға сеніп, онлайн-несие рәсімдейтін алаяқтар құрығына түсіп қалуы азаймай отыр. Мемлекет үшін тәртіптен асқан тірек жоқ. Ал ол үшін бүкіл қоғам жұмылуы керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Мұрат ЖЕТПІСБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
ҚЫЗЫЛОРДА