Еліміздің теннисшілері үшін Париждегі «Ролан Гаррос» турнирі аяқталды. Соңғы үмітіміз 24 жастағы Елена Рыбакина ширек финалда италиялық Жасмин Паолиниге жол берді.
Отандасымыздың үздіктер тізімінде 15 орынға жайғасқан 28 жастағы Апеннин түбегінен келген теннисшіні ұтатынына күмәнданғандар кемде-кем еді. Өйткені Елена Жасминге қарағанда әлдеқайда қарымды. Ол әлемдік рейтингте алғашқы төрттікті түйіндеп тұр. Қол жеткізген жетістіктері де одан әлдеқайда зор. Паолини бар болғаны былтыр «Ролан Гарроста» дәл осы межеге дейін жетіп, WTA турнирлерінде екі рет топ жарды. Десек те бұл кездесуде Рыбакина өте нашар ойнады. Бәсеке барысында жиі қателесіп, қарсыласының бір емес, бірнеше рет брейк жасауына мүмкіндік берді. Нәтижесінде, 2 сағаттан аса уақытқа созылған сайыста Жасмин Паолини 2:6, 6:4, 4:6 есебімен жеңіске жетті.
Жалпы, Елена Рыбакинаның грунтта еркін ойқастаған кезі сирек. 2002 жылы ол «Уимблдонда» дара шығып, былтыр Аустралияның ашық біріншілігінде финалға дейін жеткенімен, «Ролан Гарроста» үнемі сәтсіз өнер көрсетіп жүр. Жерлесіміздің Париждегі ең үздік көрсеткіші – 2021 жылғы жарыстың ширек финалы. Биыл да Елена дәл сол межеде сүрінді.