• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Қаңтар, 2015

Ізашар

608 рет
көрсетілді

* Есенберлин – 100

Дала тарихының дауылпазы

«Ілияс Есенберлин. Суреткер ақиқаты – тарих шындығы» атты алқа-қотан әңгімеге қатысушылар 100 жылдығы атап өтіліп жатқан заманымыздың аса көрнекті жазушысына осындай баға берді. Бір ғажабы, осы шара қазіргі Қазақстан Жазушылар одағы ғимаратының бір кездері Ілияс Есенберлин отырған кабинетінде өткізілді. Бұл бөлмеде бүгінде ақ­сақалдар алқасы орналасқан. Сөй­тіп, жазушы рухы өзі жайлы зерделі әңгіменің басы-қасын­да болып, айнала төңіректе қа­лық­тап жүргендей әсер етті. Одақ­­тың басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай бұл алқалы жиынның М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен бірлесіп өткі­зіліп жатқандығын атап айтты. І.Есенберлиннің 100 жылдығы Үкіметтің республика бойынша кеңінен аталып өтілетін мерейтойлар тізбесіне енген көрінеді. Бүгінгі жиын – қарашаңырақтағы жыл басындағы бірінші әңгіме десе де болғандай. Оның үстіне кеңестік сіреу саясат тұсында ұлттық сананы оятып, қазақтың арғы тарихын алғаш қопара жазған дәуір суреткерінің 100 жылдығы Қазақ хандығының 550 жылдығымен тоқайласа тұспа-тұс келуі Құдайдың бір жырғап бергеніндей болды. 550 жылдық той іс-шараларының біраз бөлімдері тарихи тақырыптың тарланбозы Есенберлин есімімен байланысты айшықталмақ. Соны­мен бірге, Жазушылар одағы бас­қар­масының төрағасы, сенатор Нұр­лан Оразалиннің сауал жол­дап ізерлеуі арқасында респуб­ли­калық, облыстық бюджеттерден қаржы бөлініп, бүгінде өзі де тарих тұлғасына айналған қайсар қаламгердің ескерткішін орнату мәселесі өз шешімін тапқандай. Соны­мен, Есенберлин жылы бас­талып кетті деп жалғады сөзін Ғ.Жайлыбай. Мерейтойға арналған іс-шаралар рет-ретімен өте бермек. Алдағы күзге қарай Астана, Алматы және Көкшетау  қалаларында жазушы шығармашылығына орай­ластырылған кең көлемді ғылыми конференциялар өткізілмек. Әдебиетіміздің абыз қарттары­ның бірі, академик Шериаздан Елеукенов жазушының даралығын ай­қындайтын творчестволық ерек­шелігін тап басып көрсетудің маңыздылығына тоқталды. Әрине, бұрынғы өткен үлкен жазушыларымызды ұлы, аса көрнекті, классик деп қошеметтей беруге болар. Бірақ ол несімен ұлы, нендей сипатымен дарабоз екендігін айта білген абзал. Осы тұрғыдан келгенде Ілияс Есенберлиннің жөні тіптен бөлек. Ертеректе Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров туралы толғау өлеңінде ол оның қазақ хал­қының қыран ұлы екендігін баса көрсетеді. Ал «Қатерлі өткел» ро­ма­нында астарлы түрде ол кезде аттарын атаудың өзіне тыйым са­лын­ған Ахмет Байтұрсынов пен Мағжан Жұмабаевтың бей­не­лерін сомдайды. Олардың аузы­на «Ұлт тәуелсіздігі» дейтін сол заман­да ешкімнің ойы түгіл, түсі­не кірмеген сөздерді салады. Бас ке­тетін тәуекелге бел буып Кене­сары туралы романын жазады. Алты ғасырлық қатпарлы қазақ тари­хын қамтыған «Көшпенділер» три­ло­гиясының өн бойында ұлттың бере­ке-бірлігін басты мұрат етіп қоя­ды. Ал одан кейінгі «Алтын ор­да» трилогиясын «...тікенектің ор­ны­на гүл шықты. Ол гүл Қазақ­стан Рес­публикасы деген ел еді» деп аяқтайды. Белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділов атақты «Қаһар» романы­ның алғашқы аты «Хан Кене» бол­ғандығын баян етті. Мұн­дай атаумен шығарма өтпейтін бол­ған­дықтан оны өзгертуге тура келген. Бағына қарай екінші атау да сәтімен табылып, ұлттық рухтың символына айналып жүре берді. Жазушы құдіреті ең алдымен оның азаматтық ұстанымынан, қай тақырыпты таңдап алуы­нан көрінеді. Осы тұрғыдан кел­генде қазақ әдебиетіндегі мұр­ты бұзылмай жатқан тарихи тақы­рып­тың алғашқы мұзжарғыш кемесі Ілияс Есенберлин болғанын әсте ұмытпауымыз керек. Жазушы Марал Сқақбаев Ілекеңді айрықша жақсы көруі «Қаһар» романынан басталған­ды­ғын еске алды. Иә, бұл роман шын мәнісінде халық санасын сілкіндірді, резонансы өте үлкен болды. Халық бұл кезде тарихи тақырыпқа сусап отырған-ды. «Алмас қылыш» та, «Жанталас» та тарихшылардың айта алмағанын айтып, жаза алмағанын жазып, тарих материалдарын мол қам­тығандықтан да жұртшылық назарын аударды. Ал «Алтын орда» трилогиясы көркемдікке қойылатын шарттарды сақадай сайлы орын­дауымен де құнды. Шешен өз сөзін тарихи тақырыпты қаузайтын жазушыларға арналған Ілияс Есен­берлин атындағы сыйлық таға­йын­дау керек деген ұсыныспен түйіндеді. М.Әуезов атындағы Әде­биет инс­титутының бас ғылы­ми қызметкері, филология ғы­лым­дарының докторы, жазушы Нұр­дәулет Ақыш Есенберлиннің тарихи тақырыпты игерудегі көркемдік концепцияларына тоқталса, жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев оның әлеуметтік зерттеулер бойынша ең көп оқылатын қаламгер екендігіне дәйекті мысалдар келтірді. Ұйғыр жазушысы Ахметжан Ашири Ілекеңнің өз тарихи романдарымен қазақ халқының мың жылдық өмірін бейнелеп, өшпес рухты суреттеп ұлы ерлік, ұлы еңбек жасағанына сүйсінісін білдірді. Сыншы Бақытжан Сар­балаев Ілияс Есенберлин мұрасы бүгінгі қазақ әдебиетінің даму мәселелерімен байланыстырыла зерделенуі қажеттігіне назар аударды. Әдебиет институтының бас ғы­лыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Гүлжаһан Орда Есенберлин қалыптастырған тарихи мектеп бүгінгі таңда тамаша жалғасын тауып жатқандығын баяндады. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.