Биылғы оқу жылында өңір оқушылары түрлі білім додаларынан 211 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 35-і халықаралық, 171-і республикалық деңгейде. Нәтижесінде, Павлодар облысының құрамасы еліміздегі «Үздік олимпиадалық құрама – 2024» атағына ие болды.
Оқу жылының соңына қарай оза шапқан дарындарға құрмет көрсетілді. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов дарынды балалармен, халықаралық, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздарымен және жүлдегерлермен кездесіп, жетістіктерімен құттықтады.
«Сіздердің халықаралық және республикалық деңгейдегі зияткерлік олимпиадаларда жеткен жетістіктеріңіздің нәтижесінде облысымыздың білім жүйесі жоғары бағаланады. Керемет дайындық деңгейін көрсеттіңіздер. Біз сіздерді Ертістің, Павлодар өңірінің патриоттары ретінде көргіміз келеді», деді өңір басшысы.
Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Алғысхаттар мен 100 мың теңгелік сертификат табыс етілді. Сондай-ақ мектеп ұстаздарына оқушыларды даярлағаны, тәрбие бергендері, ата-аналарды қолдағаны үшін алғыс айтылды.
Республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын даярлаған ұстаздарға ақшалай сыйлық тағайындалды. Биыл 45 ұстаз аталған сыйлықтың иегері атанды. Олардың ішінде дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің физика мұғалімі Анатолий Билида мен математика мұғалімі Лилия Стадникова, дарынды балаларға арналған №3 гимназияның француз тілі мұғалімі Қымбат Батаева бар.
Павлодар облысы