Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитетімен бірлесіп, «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңын іске асыру мәселесі талқыланған дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шараға басқа министрліктер мен ведомстволардың да өкілдері қатысты. Отырысты ашқан Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті төрағасы Снежанна Имашева аталған заң Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қабылданғанын еске сала келе, оның негізгі мақсаты әлеуметтік әділеттілік пен елдің тұрақты экономикалық және әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету екенін айтты.
Парламент өкілдері активтерді қайтару комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков пен Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Бақытбек Тәшеновтің баяндамаларын тыңдады. Н.Сүйіндіков заңның жаңа тетіктерінің қалай қолданылып жатқаны, азаматтық тәркілеу құралдарын пайдалана отырып активтерді қайтару тәжірибесі туралы баяндады. Депутаттарға бүгінгі таңдағы жұмыс нәтижелері, негізгі халықаралық ұйымдармен және юрисдикцияларымен қол жеткізілген келісімдер жөнінде айтылды.
Депутат Марат Бәшімов Мемлекет басшысының тапсырмасын және қоғамның талабын ескере отырып, тақырыптың өзектілігіне назар аударды. Мәжіліс депутаттары құқық қорғау және уәкілетті мемлекеттік органдардың қысқа мерзімде елеулі нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті. Сондай-ақ прокурорлардың осы бағыттағы жұмысын күшейту мақсатында активтерді қайтару заңнамасын одан әрі жетілдіру мәселелерін талқылады.
Депутаттар қайтару тетіктерін жетілдіру және мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру үшін қажетті заңнамалық түзетулерді қарауға дайын екендіктерін білдірді.
Осы орайда шетелдегі заңсыз иемденілген активтермен қоса, ел ішіндегі заңсыздықтардың да беті ашылып, бірқатар өңірде жер телімдері мемлекетке қайтарылып жатыр. Мәселен, Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланудың заңдылығын талдау барысында ауданда жер телімін қолданбай келген шаруашылықтар анықталып, қабылданған шаралар нәтижесінде 3500 гектардан астам жер телімі мемлекетке қайтарылды. Оның жалпы кадастрлық құны 45 млн теңгеден астам соманы құрайды. Аудан прокурорлары ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне жер телімдерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес мақсатпен пайдалану қажеттігін ескертті.
Сонымен бірге Қызылорда қаласы прокуратурасының қадағалау актісі негізінде ұзақ жылдар бойы игерілмеген, 55 млн теңгені құрайтын 851 гектар жер учаскесі (оның ішінде кәсіпкерлік – 50 млн теңгеге 9 гектар, жайылымдық 5 млн теңгеге 842 гектар) мемлекет меншігіне қайтарылды.
Жер пайдаланушыларға берілген нұсқама талаптарын орындамаған 16 адамға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабының 3-бөлігімен әкімшілік шара қолданылды.
Бұдан бөлек ұзақ жылдар бойы пайдаланылмаған, кадастрлық құны 163,4 млн теңгенің 7069 гектарды құрайтын 158 жер учаскесі (оның ішінде кәсіпкерлік – 13,4 млн теңгеге 6712 гектар, жайылымдық – 150 млн теңгеге 357 гектар) анықталды. Бүгінгі күні аталған жер учаскелеріне қатысты уәкілетті органмен нұсқамалар беріліп, мәжбүрлеп мемлекетке қайтару үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр.
Жетісу облысында Ескелді ауданының әкімі жер заңнамасын бұзғаны үшін, атап айтқанда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 137-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Прокурорлар анықтағандай, 120 га жер жекелеген шаруа қожалықтарына конкурссыз берілген. Бұл Жер кодексінің 14-1, 35 және 43-1-баптарын бұзу болып саналады. Қадағалау актісі бойынша бұл жерлер де мемлекетке қайтарылды.
Жалпы, жыл басынан бері Жетісу прокурорлары жалпы кадастрлық құны жарты миллиард теңгеден асатын 103 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтарды. Бұлар ұзақ уақыт бойы игерілмей, мақсатымен пайдаланылмағаны өз алдына, жер заңнамасын бұза отырып берілген.