• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Құқық 08 Маусым, 2024

Негізгі арқау – әлеуметтік әділеттілік

72 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитетімен бірлесіп, «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңын іске асыру мәселесі талқыланған дөңгелек үстел өткізді.

Іс-шараға басқа министр­лік­тер мен ведомстволардың да өкіл­дері қатысты. Отырысты аш­қан Мәжі­лістің Заңнама және сот-құқықтық реформа коми­­­теті төрағасы Сне­жанна Има­шева аталған заң Мем­лекет бас­шы­сының тапсыр­масын орын­дау мақсатында қабыл­данғанын еске сала келе, оның негізгі мақ­саты әлеуметтік әділет­тілік пен ел­дің тұрақты эконо­мика­лық және әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету екенін айтты.

Парламент өкілдері актив­тер­ді қайтару комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков пен Қаржы министрлігі Мем­ле­кеттік мүлік және жекеше­лендіру коми­тетінің төрағасы Бақытбек Тәшенов­тің баяндамаларын тыңдады. Н.Сүйіндіков заңның жаңа тетіктерінің қалай қолданылып жатқаны, азаматтық тәркілеу құралдарын пайдалана отырып активтер­ді қайтару тәжірибесі туралы баяндады. Депутаттарға бүгінгі таңдағы жұмыс нәтиже­лері, негізгі халықаралық ұйым­дармен және юрисдикцияларымен қол жеткізілген келісімдер жөнінде айтылды.

Депутат Марат Бәшімов Мемлекет басшысының тапсырмасын және қоғамның тала­бын ескере отырып, тақырып­тың өзек­­ті­лігіне назар аудар­ды. Мә­жі­ліс депутаттары құқық қор­ғау және уәкілетті мемле­кет­тік ор­ган­дардың қысқа мерзім­де елеу­лі нәтижелерге қол жеткіз­г­е­­нін атап өтті. Сондай-ақ про­ку­­­­рор­­­лардың осы бағыттағы жұ­мы­­сын күшейту мақсатында ак­ти­в­­терді қайтару заңнамасын одан әрі жетілдіру мәселелерін талқылады.

Депутаттар қайтару тетік­терін жетілдіру және мемлекет­тік органдар қызметінің тиім­ді­лі­гін арттыру үшін қажетті заң­на­ма­лық түзетулерді қарау­ға дайын екендіктерін білдірді.

Осы орайда шетелдегі заңсыз иемденілген активтермен қоса, ел ішіндегі заңсыздықтардың да беті ашылып, бірқатар өңірде жер телімдері мемлекетке қай­тары­лып жатыр. Мәселен, Батыс Қазақстан облысының Қара­төбе ауданында ауыл шаруа­шы­лығы мақсатындағы жер­лер­ді пайдаланудың заңдылы­ғын талдау барысында ауданда жер телімін қолданбай келген шаруа­шылықтар анықта­лып, қабыл­данған шаралар нәти­жесінде 3500 гектардан астам жер телімі мем­лекетке қайтарылды. Оның жалпы кадастрлық құны 45 млн теңгеден астам соманы құ­рай­­ды. Аудан прокурорлары ауыл­­­шаруашылық тауар өн­ді­ру­­ші­леріне жер телімдерін қол­­да­ныс­тағы заңнамаға сәйкес мақ­сат­пен пайдалану қажеттігін ескертті.

Сонымен бірге Қызылорда қаласы прокуратурасының қадағалау актісі негізінде ұзақ жылдар бойы игерілмеген, 55 млн теңгені құрайтын 851 гектар жер учаскесі (оның ішінде кәсіпкерлік – 50 млн теңгеге 9 гектар, жайылымдық 5 млн теңгеге 842 гектар) мемлекет меншігіне қайтарылды.

Жер пайдаланушыларға бе­ріл­­­­­ген нұсқама талаптарын орын­­­да­­маған 16 адамға Әкім­ші­­лік құқық бұзушылық туралы ко­декстің 462-бабының 3-бөлі­гімен әкімшілік шара қолданылды.

Бұдан бөлек ұзақ жылдар бойы пайдаланылмаған, кадастр­­­лық құны 163,4 млн тең­генің 7069 гектарды құрайтын 158 жер учаскесі (оның ішінде кәсіпкерлік – 13,4 млн теңгеге 6712 гектар, жайылымдық – 150 млн теңгеге 357 гектар) анықталды. Бүгінгі күні аталған жер учаскелеріне қатысты уәкілетті органмен нұсқамалар беріліп, мәжбүрлеп мемлекетке қайтару үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр.

Жетісу облысында Ескелді ауда­ны­­ның әкімі жер заңнамасын бұз­­ғаны үшін, атап айтқанда Әкім­­ші­лік құқық бұзушылық тура­лы ко­декстің 137-бабымен әкім­ші­лік жауапкершілікке тар­тыл­ды. Про­курорлар анық­таған­дай, 120 га жер жекелеген шаруа қожа­лы­қ­тарына конкурссыз берілген. Бұл Жер кодексінің 14-1, 35 және 43-1-бап­тарын бұзу болып саналады. Қа­да­ғалау актісі бойынша бұл жер­­лер де мемлекетке қайтарыл­ды.

Жалпы, жыл басынан бері Жетісу прокурорлары жалпы кадастрлық құны жарты мил­лиард теңгеден асатын 103 мың гектардан астам ауыл шаруа­шылығы жерлерін мемлекетке қайтарды. Бұлар ұзақ уақыт бойы игерілмей, мақсатымен пайдаланылмағаны өз алдына, жер заңнамасын бұза отырып берілген.