Павлодарда «Amanat» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы бастау алды. Акцияға қатысушылар алғашқы күні 11 тоннадан аса тұрмыстық және құрылыс қоқыстарын жинады.
Өңірде жүзге жуық адам аумақты тазалауға қатысты. Экологиялық іс-шараға «Amanat» партиясының мүшелері, «Жастар рухы» ЖҚ белсенділері, жергілікті колледждердің оқушылары, өңірдің қоғамдық ұйымдарының өкілдері қатысты. Тазалау орны ретінде Зеленстрой шағын ауданындағы қоқыс жылдар бойы жиналған учаске таңдалды.
«Коммуналдық мекеме қызметкерлері қаланың барлық аумағын жедел қамти алмайтыны мәлім. Біз еліміздегі тазалық мәдениетін қалыптастыру және экологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатындағы бастамаларды барынша қолдаймыз. Бүгінгі іс-шараға жастарды барынша тартуға тырыстық. Бұл бірреттік жоба емес, «Таза бейсенбі» акциясы апта сайын тұрақты өткізіледі», деп атап өтті партиялық ұйымның өңірлік филиалының төрағасы Илья Теренченко.
Жергілікті жастар, оның ішінде ақпараттық технологиялар және түсті металлургия колледждері акцияға белсене қатысты. Олардың пікірінше, мұндай іс-шаралар шаһардың экологиялық жағдайын жақсарта түсуге мүмкіндік береді.
«Жастарды қоғам тәрбиелеп отыр. Пайдалы іспен айналысып, бір-бірімізге көмекке келу аса маңызды. Ал қоғам біріксе, бірлігіміз нығаяды. Бүгінде жастардың дүниетанымы өзгеру үстінде. Біз студенттермен бірге аумақты қоқыстан тазарта жүріп, ән салдық. Бастысы бізге көңілді болды», дейді түсті металлургия колледжінің педагогі Исламбек Әлжанов.
Экологиялық акцияның алғашқы күнінің қорытындысы бойынша облыс орталығында 11 тоннаға жуық тұрмыстық және құрылыс қоқыстары жиналды. Сондай-ақ бұл күні Ақтоғай және Ертіс аудандарында, Ақсу мен Екібастұз қалаларында осындай тазалық іс-шаралары жүргізілді.
Павлодар облысы