БҚО-да 9 мамыр күні, кешкі сағат 20:00 шамасында екпінді жел соғып, бірнеше елді мекенде ғимараттар мен электр бағандарына залал тиді, деп жазады Egemen.kz uralskweek.kz-ке сілтеме жасап.
Жергілікті Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Сырым ауданында Аралтөбе (50 абонент, 2 әлеуметтік нысан), Бұлан (176 абонент, 7 әлеуметтік нысан), Өлеңті (100 абонент, 2 әлеуметтік нысан), Талдыбұлақ (46 абонент, 1 әлеуметтік нысан), ішінара Алғабас (43 абонент, 3 әлеуметтік нысан) елді мекендерінде, сондай-ақ Теректіде Ақсоғым ауылында (531 абонент, 4 әлеуметтік нысан) электр жарығы сөніп қалды.
Мамандар абоненттерді сол күні қалпына келтіруге кірісті. Нәтижесінде, Сырым ауданында Алғабас елді мекенінде 19 абонент, Теректіде Үлкен Еңбек ауылында 385 абонент, 3 әлеуметтік нысаннан басқа үй-ғимараттар жарыққа қайта қосылды.
«6 маусым күні де облыстың алты ауданында 25 елді мекенде екпіні секундына 14-тен 18 метрге дейін жеткен күшті жел 67 жеке тұрғын үй, 14 қора-қопсы, 18 әлеуметтік нысанның шатырын жұлып әкетті. Оқиға орындарында жергілікті атқарушы органдардың комиссиялары жұмыс істеп жатыр», деп хабарлады БҚО Төтенше жағдайлар департаменті.
Тұрғындар да екпінді жел салдарынан ауылдағы үйлердің шатырлары қирап, көшелер мен аулаларды қоқыс басып қалғанын жеткізді.