Баянауылдағы Жасыбай көлінің жағасы туристерді қабылдауға дайын. Алдағы сенбі, 15 маусымнан бастап демалыс аймағында жазғы туристік кезең ашылады деп күтіліп отыр.
Баянауыл курорттық аймағында бір демде 5 мың адам демала алатын 50-ден аса туристік нысан бар. Таулы өлкеде 13 негізгі туристік маршрут және 68 көрнекі орын жұмыс істейді. Былтыр Жасыбай демалыс аймағына шамамен 120 мың адам келген.
Павлодар облысы әкімдігінің ақпарынша, туристік саланы дамыту жөніндегі 2028 жылға дейінгі өңірлік бағдарламасы бекітілді. Онда 8,5 млрд теңгеге 17 инвестициялық жобаны және 12,3 млрд теңгеге 7 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру іс-шаралары көзделген. Баянауылдағы туристік әлеуетті одан әрі дамыту үшін Павлодар облысының әкімдігі мен ERG арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде 3 жобаның сметалық құжаттамасы әзірленді. Олар Баянауыл кентінде екінші дүниежүзілік соғыс батырларына арналған стелла бойындағы жаяу-серуендеу аймағын қайта жаңарту, Сабындыкөл көлінің жағалауы мен жағажайын қайта жаңарту, туристерге арналған музейі бар орталық салу. Бұған қоса ауданда дене шынықтыру-сауықтыру орталығын ашу көзделген. Келешекте аудан орталығында шаңғы-роллерлік трасса, шипажай салу, хостелі бар ірі заманауи жанармай құю стансасын тұрғызу сияқты жоспарлар да бар.
Туристік маусымның ашылуында аниматорлар, қолөнершілер шақырылып, спорттық және мәдени іс-шаралар болады. Жағажай волейболы, арқан тарту сияқты жарыстар өткізіліп, ұлттық ойындар ойнатылады. Негізгі бағдарламадан бөлек төрт экскурсиялық бағыт бар, сапсерфинг бойынша жаппай сүңгу, автобустық экскурсия, жаяу саяхат, джип-тур. Кемпіртас, Торайғыр көлі, Саймантас, Қоңыр әулие, Ескі өткел сияқты жерлер көрсетіледі.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы