• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Футбол 10 Маусым, 2024

Арменияға әліміз жетпеді

61 рет
көрсетілді

Еревандағы Вазген Саркисян атындағы стадионда футболдан Армения мен Қазақстанның ұлттық құрамалары жолдастық кездесу өткізді. Бұл матч 2:1 есебімен алаң иелерінің жеңісімен аяқталды.

Бас бапкер Магомед Адиев ұлттық командамыздан кеткеннен кейін бұл кездесуге футболшыларды отандық маман Руслан Балтиев бастап апарды. Бірақ Арарат тауының баурайында жерлестеріміздің жолы болмады. Бәсекенің 4-минутында қарсы жақ ойыншысының қақырата тепкен добын кері қайтаруға тырысқан Александр Марочкин оны өз қақпамызға енгізді. Армяндар алға шыққаннан кейін Қазақстан құрамасы бірден қарымта қайтаруға тырысты. Алайда сәттілік бізге жолдас болмады. Бірде Марочкиннің бағыттаған добы бағанаға тисе, Максим Самородов маңдайшаны көздеді.

Үзілістен кейін де тартысты ойын жал­ғасты. Екі жақ тарапынан да қауіпті шабуылдар ұйымдастырылды. Бұл жолы да алаң иелерінің асығы алшысынан түсті. 58-минутта Ваган Бичахчянның алыстан тепкен добы қақпа торынан табылды. Олардың екі бірдей нәтижелі шабуылына Қазақстанның футболшылары тек бір голмен жауап қайтара алды. Төрешінің қосқан 6-минутында Бауыржан Исламхан 11 метрлік нүктеден есеп айырмашылығын қысқартты – 2:1.

Осы сәтсіздіктен кейін жерлестеріміз Мажарстанға аттанды. Олар бүгін аталған мемлекеттің Сомбатхей қаласында Әзербайжан құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді.