• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Теннис 10 Маусым, 2024

«Ролан Гаррос» аяқталды

82 рет
көрсетілді

Францияның бас шаһары – Парижде «Ролан Гаррос» турнирі аяқталды. Жүлде қоры 53 478 000 еуроны құраған жарыста Қазақстанның бес теннисшісі бақ сынады. Солардың арасынан Елена Рыбакина ең үздік нәтижеге қол жеткізді.

Еліміздің бірінші және әлемнің төртінші ракеткасы деген атағы бар Рыбакина бастапқы бәсекелерде бельгиялық Гретье Миннен (6:2, 6:3) мен Элисе Мертенс (6:4, 6:2), нидерланд Аранча Рус (6:3, 6:4) және украиналық Элина Свитолинаға (6:4, 6:3) сан соқтырғанымен, ширек финалда WTA тізімінде 15-сатыға жайғасқан италиялық Жасмин Паолиниден (2:6, 6:4, 4:6) ойда-жоқта жеңіліп қалды. Негізі Елена бұл ойыншыдан өтуі керек еді. Өйткені қарсыласына қарағанда оның атағы зор, шеберлік деңгейі де жоғары. Бірақ сол күні Рыбакинаның ойы­ны мүлдем жүрмеді. Ал өзге жер­­лестеріміз, өкінішке қарай, бұл турнирде тым сүреңсіз өнер көрсетті. Атап айтсақ, Юлия Пу­тинцева, Александр Бублик және Александр Шевченко екінші айналымнан аса алмаса, Михаил Кукушкин түсаукесер кездесуінде жеңілістің кермек дәмін татты.

Париждегі дүбірлі додада жер­лестеріміздің дені сенім үдесінен шыға алмағанымен, материалдық тұрғыдан бар­лығы да олжаға кенелді. Мә­селен, жекелеген сайыстың ширек финалына дейін жеткені үшін Елена Ры­бакинаның есепшотына 415 000 еу­ро түсті. Екінші ке­­зеңде жеңілген жер­­­­лестеріміз 110 000 еуро­ны ен­шіледі. Тіп­тен алғашқы айналымнан аса алмаған Михаил Кукушкиннің өзі 73 000 еуроны қалтасына басты.

Биылғы «Ролан Гарростың» басты сенсациясы» деп Мирра Ан­дрееваны айтуға болады. Әлем­дік рейтингте қалың топтың арасында жүрген 17 жастағы ресейлік жас дарын Францияның астанасында айды аспанға бір-ақ шығарып, жартылай финалға дейін жетті. Турнир барысында ол небір сақа спортшыларға сан соқтырды. Десек те бұл межеде Андрееваның Жасмин Паолиниге әлі жетпеді. Ал италиялық теннисші финалда әлем­нің бірінші ракеткасы Ига Свен­тектен 1:6, 2:6 есебімен ойсырай ұтылды. Сөйтіп, 24 жас­тағы Поль­ша­ның мақта­ны­шы «Ролан Гар­­роста» төр­тінші мәрте бас жүл­дені олжалады.

Ерлер арасындағы тартыста үздік шыққан төрт теннисші жартылай финалда жолықты. Бұл межеде испаниялық Карлос Аль­карас италиялық Янник Синнерді бес сеттік сайыста әзер ұтты – 2:6, 6:3, 3:6, 6:4, 6:3. Германиялық Александр Зверев норвегиялық Каспер Руудты қапы қалдырды – 2:6, 6:2, 6:4, 6:2. Финалда әлемнің үшін­ші ракеткасы Алкарас пен АТР тізімінде одан бір саты төмен тұрған Зверев күш сынас­ты. 4 сағат 19 минутқа созылған айқаста Пиреней түбегінен келген дүлдүлдің айдарынан жел есті – 3:6, 6:2, 7:5, 1:6, 6:2. 21 жастағы Карлос өзінің спорттық мансабында тұңғыш рет Париждегі додада дара шықты. Оған дейін ол «Уимблдон» мен АҚШ-тың ашық біріншілігінде бас жүлдені олжалаған. Аталған жарыстың қорытындысы бойынша жекелеген сайыста жеңімпаз атанған ойыншыларға 2,4 млн еуро табыс етілсе, финалда ұтылғандары сол соманың тең жартысын алды. Жартылай финалда күш сынасқан ойыншылар 650 мың еуроны иеленді.

Жалпы, Париждегі турнирде күтпеген нәтижелер көп тіркелді. Солардың арасы­нан «Ролан Гарростың» ре­корд­шы­сы Рафаэль Надаль мен «Үл­кен дулыға» санатын­дағы жа­рыс­тардың үш дүр­кін же­ңім­пазы, ұлыбританиялық Энди Мар­рейдің тұсаукесер кез­десу­лерінде сүрінуін, ТОП-10-дық­тың қатарына еркін еніп отыр­ған қытайлық Чжэн Циньвэнь мен беларусьтік Ирина Соболенконың 17 жастағы Мирра Андрееваға есе жібергенін айрықша атап өтуге болады. Сондай-ақ әлемнің бірін­ші ракеткасы, сербиялық Новак Джокович жарақатына байланыс­ты Каспер Руудқа қарсы өтуге тиіс ширек финалдық ойынға шықпады.