• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
18 Маусым, 2010

ТАСҚЫНҒА ТОСҚЫН

809 рет
көрсетілді

Журналист жолда жүргенде

1.ҚАЛБАТАУ ҚАРҒЫНЫ

Сіздің тілшіңізге төтеншелеу тапсырма табысталды, оқырман.  Еліңіздің бас газеті бас­шылығы тарапынан. Шығыс Қазақстан­дағы тасқын болған біраз аймақтарды аралап көресіз. Жазушы-журналист әрі сырт көз ретінде байқай­сыз. Байып­тайсыз. Сөйтіп, оқырман қауымға жан-жақты баян етесіз. Мамырдың соңғы күні. Сиыр сәскеде біз өскелең Өскеменнің қақ ортасында қайран қазақтың алтын бесігі, ата жұрты Алтай шыңдарына күлімсірей қараған Абайдың алып бейнесіне басымызды иіп тұрдық. Бұл зәулім ескерткішке әлі бір жыл да тола қойған жоқ. Бүкіл қазақ қуанғанын білесіз. Себебін де сезесіз. Байқасаңыз, Абайы­ңыздың алдынан өтіп бара жататын жастарыңыз да, жасамыстарыңыз да өз­герің­кіреп, өзгеше өңденіңкіреп, бой-бас­тарын тіктеңкіреп, биіктеңкіреп кететін­дей-ау. Әне, анау жақта, күллі қалаға көрінетін Ботбай биігі зораяды. Оның тү-у төбесінде көгілдір туыңыз желбірейді. Туыңыздан сәл төменіректе “Қазақстан” деген аппақ жазу ақ шұғыла шашады-ай. Бұларға да бір жыл тола қоймаған. Өскемен қаласының әкімі, тасқынға байланысты құрылған Төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық штабтың бастығы Ислам Әбішевпен жарты сағат әңгіме­лестік. Жалпы, жағдайдан хабардар бол­ған­даймыз. Облыс әкімі Бердібек Сапар­баев шұғыл түрде әлдебір жаққа аттанып барады екен. Жұма күні жүздеспекке келістік. Түс ауа Көкпекті ауданына қарата жолға шықтық. Асфальт жолыңыздың қай қапталына қарасаңыз-дағы, топан су тасқынының ізін байқайсыз. Қалбатау қарғынының қалдықтары. Ойдым-ойдым көлшіктер. Жарыса аққан жылғалар. “Жер жарықтық суыңызды сіңіре алмай, әлі күнге дейін ықылық атып қиналып жатыр ғой”, – дейді кенді Алтайдың бел­гілі қаламгері Әлібек Қаңтарбайұлы. Ұлан ауданының Көкпектіге ұласар биіктерінен Қалбатауыңыз анық көрінеді екен. Қал­ба­тау десе, Қалбатау. Көкпекті жағы көгіл­дір. Жарма жағы бозғылтым. Осы өңірдің өрені, талантты ақын Нұржан Қуантайұлының “Жолда” деген өлеңі бар. “Қалбаның тауы-ай, қарайтып кеткен жел өңін; Шоқ қайыңдарың жайқалтып жасыл желегін. Күн сәулесімен көз қысып ойнап әйнегі; Жосылған жолда тасырқап “Пазик” келеді”, дейтұғын шумағы ойға ора­лар. Біздің темір көлігіміз “Пазик” емес. Жүйрік, жүрдек, жап-жаңа жеңіл мәшине. Алайда, асфальт жолдың был­қыл­­дап, батпағы шығыңқыраған тұс­тарында тасырқамаса-дағы, жатырқап-ақ қалады. “Мынау – тарғыл-тарғыл таулар ортасындағы Тарғын ауылы. Сәл­ден соң Өмеш асуынан өтеміз”, – дейді “Егемен Қазақстанның” осы облыстағы меншікті тілшісі Оңдасын Елубай. Оңқай сақадай ойнақшып, орнында отыра алмай. Қалбатауда қар жатыр. Сәуірдің соңына таман сүрі қарыңыздан түк қал­май­тын тау ғой. Ал биыл жыра-жыра­ларындағы, жықпыл-жықпылдарындағы қарыңыз мамырыңыз түгілі маусымы­ңызды аяқтайды-ау. Шоқ-шоқ шыршалар мен топ-топ қайыңдарыңыз қалқалаған қаракөлеңке шатқалдарындағы шып-шып терлеген қасат қардың қалдықтары шілдеңізге дейін шыдайтындай. Өмеш асуының ирелеңдеген иіндерінде де қоңырқайланған қарыңыздың қасаттанған қаспақтары сіресіп-ақ жатыпты. Мінекиіңіз, мынау – Самар ауылы. Бұрындары аудан орталығы болған. Көкпекті ауданының әкімі, баяғының батырларын елестетер еңсегей бойлы Дүйсен­ғазы Мусин мырза күні кешегі қыстың ызғарын сезіндіріп, әсерлі әңгімелейді. Әсірелеп тұрған жоқ. Бастан кешкендерін, көзбен көргендерін айтады. Мынау кең-кең иықтарына түскен ауыр жүкті аңғарасыз. Ойға толы үлкендеу басына таңырқай қарайсыз. Қарыңыздың қалыңдығы тегістеу тұстарда, далалы жазықтарда 1-2 метрге, ал таулы жерлерде 5-7 метрге жетіпті. Көз алдыңызға келтіріп көргейсіз! Тоғызыншы мамыр күні тоқсанға толған Аркадий Ахмадиев ақсақал өзі жасап келе жатқан жылдарында мұндай алапатты бастан кешпеген. “Анау тұрған аққайың мен қоңыр теректі қараңыздаршы, – деді аудан әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев. – Міне, осы екеуі де қардан көрінбей қалды ғой. Сенесіздер ме?” Онша иланыңқырамағанымыз рас-ты. Аққайың мен қоңырқайлау терекке бір, Ербол інімізге екі қараймыз. Қайта-қайта. Дүйсенғазы сенбесеңіздер, өздеріңіз біліңіздер дегендей, алға түсті. Топан су Көкпектіні күтпеген жерден басты десек, дұрыс болмас, әрине. Қыс қазан айынан басталған. Қар жаумас бұрын қазан ұрған. Қара суық қақаған. Артынша Алтайдың қара жаңбыры төпеген. Қайтадан қара суық қақаған. Қара жер қақайып қатқан да қалған. Тебіні тасқа айналған соң, қайтсін-ай, жылқыңыздың тұяғына дейін кетілген. Қараша мен желтоқсан және қаң­тарыңыз қарға қарық қылған. Көкпек­тіңізде ең қиын екі жер бар. Біріншісі – Байбура асуы. Екіншісі – жаңа ғана біз өтіп келген Өмеш асуы. Осы қос қойнауыңызға қар қалың түседі. Қазір тазаласаң, қазір бітеледі. Қаншама қыруар техника қажет. Қол күші керек. Байбура мен Өмеш асуларының жолдары жабылса, бітті дей беріңіз. Онда Тарбағатайыңыз тынады. Зайсаныңыз зар илейді. Күрші­міңіздің көкірегін күрсін кернер. Бұлар­дың бәріне Көкпекті арқылы барасыз. Басқа жол жоқ. Ал енді көзге елестетіңіз. Алты метр­ден асатын қар. Асу да асу жолдар. Қан­шама шақырымдарға созылар қойнаулар. Қазір ғана күреп өтсең, артынша басып тастайтын жарты метр қардың қайдан ғана пайда болғанына қайран қаларсыз. Жолшыларға, төтенше жағдайлар жөнін­дегі саланың саңлақтарына алғыс жауды­рарсыз. “Сіздерге бір мәселені ашып айтуы­мыз керек, – дейді Көкпектінің әкімі Мусин мырза тоқтай қалып, бұрыла қарап біз жаққа. – Егер Бердібек Сапарбаев басшы боп келмегенде бар ма, онда... Арғы жағын менен емес, қарапайым бұқара халықтан сұрарсыздар”. Апаттың алдын ала білгенге не жетсін-ай, не жетсін. Алайда, алдын алмақ оңай емес. Облыс басшылары бастап, аудандағылар қостап, осы жағдаяттарға мән-мәніс үстеген. Қазаннан-ақ іш жиған. Қауіп ойлаған. Қара жердің қатып қалуынан, тұяғы кетілген тұлпарлардың, қара суықта құлап түскен сұңқарлардың қарауытқан түрлерінен секемденген. Қара қарғалардың құтырына қарқылдауынан қатер сезінген. Қыс айларында, әсіресе, қаңтар басынан табиғаттың тосын мінездеріне байланысты мониторинг күшейтілген. “Осы Самардың өзіне он күннің ішінде Сапарбаев үш рет келген”, деседі Лайлы өзенінің бойында тұратын жұрттарыңыз. Қалбатаудың қай-қай қапталдарына қарасаңыз-дағы қар ешқашан ерімей­тіндей еді. Тарбағатай жағы да тұтасып, сілем-сілемдері сіресіп жатып алды. Тегістіктердің өзінде тау-таулар пайда болған. Тастан емес. Алты-жеті метрдейін ақ қардан. Бірте-бірте кір шалған, қошқыл тартқан кәдуілгі қарыңыздан. Наурыздың екінші жартысында ғана жіпсіді. Аракідік қана. Сәуір ортасынан ауа Қалбатау қаражонданып, ақ жолақ­тардан да арылып үлгеретін еді. Биыл бәрі басқаша. Қалың көрпені тас бүркенген тауларыңыз тым-тырыстанды. “Бұл өңіріңізге бөлекшелеу өзгеріс пен өңденіс дарытқан дарынды да арынды әкім Бердібек Сапарбаев үлкенді-кішілі тоғандар мен бөгендердің бәрін аралап шықты. Тарбағатайдың Қалбатау жақ қолатындағы Қандысу су қоймасының басында өзі жүрді. Қойманың құлағын бірте-бірте босатып, қайта қатайтып, суын азайттырды. Өйтпегенде, жарты ауданды шайып кетуі мүмкін еді, Алла сақтады”, – дейді Әлібек Қаңтарбайұлы бір жөте­ліп, жөткірініп қойып. “Үйбай, Үйденеде де сөйткізді ғой”, – дейді Оңдасын әріптесіміз. Преображенка ауылында екі мыңдай халық тұрып жатыпты. Бес жүз үй бар. Жетпіс пайызы қазекем, отыз пайызы өзге ұлттың өкілдері. Қалбатау жағындағы көпірдің жағдайы да қиын болған. Аудан әкімі Дүйсенғазы Мусин айтады: “Пре­обра­женканың кіреберісінде, өзен бұра­лаңдайтын тұста ғой көпіріміз. Көпірдің шығыс жағы көп жылдардан бері бітеліп, арал пайда болған. Су сол аралды айна­лып, көпір астынан әзер-әзер өтетін. Соны да байқаған Бекең болды. Осы ауданға ауысқалы уайымдайтын ек. Бірақ қол қысқа. “Беке, тасқын соқса, су сыймас. Рұқсат берсеңіз, аралды жарайын. Әйтпесе, көпірді де, ауылды да аман алып қала алмаймыз”, – дегем. “Ойланайық­шы, аздап кідіре тұр. Жаруға асықпа”, – деді облыс әкімі. Қыстыгүні он мәрте оралды. Ауданымызға. Ақырында, үкімет­тік резервтен қаржы бөлінді. Ақпан айы­нан бастап, аралды қазып алуға кірістік. Төтенше жағдай жөніндегі саланың адамдары боп. Басқаларымыз боп. Олай етпегенде, Преображенка ауылы кетіп қалар еді. Тасқын кезінде тазаланған өзен арнасымен 350 текше метр су жөңкіді. Көпір діріл қағып тұрды. Әзер-әзер төтеп берді. Ал арал алынбағанда...” Қалбатау қарғыны сәуірдің соңында жүрді ғой. Көкпекті ауданын топан су 28-29 сәуір күндері басып кеп-кеп жөнелді. Сол 28-29 сәуірде ше, температура 28-29 градусқа жетіпті. Қалбатаудың, бар-барша қыраттар мен жота-жондардың, шоқы-шатқалдардың жай жылдардағыдан алты-жеті еселеніп жатқан қалың қары бірден еріді. Бүкіл таулардың суы еңістерге қарата еңкілдей жөңкілді. Көкпекті мен Құлынжүн өзендері арналарына сыймай, лақылдай лықсып төгілді. Көкпектінің бастапқы тұсындағы тоқсан метр көпірдің өзі көміліп барып көрінді. Барлық көпір­лерге кезекшілік қойылды. Төтенше жағ­дай­лар жөніндегі мамандар, полиция Өске­меннен, өзге де жақтардан жеткен­дер, бүкіл аудан жұртшылығы жұмылды. Тасқынға қарсы. Ауданда он сегіз ауыл округі болса, соның бәрін дерлік су алып кетті. Екі күн, екі түн бойы топан суыңыз қайда барғысы келсе, сонда барды ғой, не керек. Самар ауылының кей жерін бір метр, жиырма сантиметр, басқа тұстарын сексен сантиметр су басты. Елді мекен­дердің тұрғындары эвакуациялана бастады. Мемлекеттік және жекеменшік мекемелердің, ұйымдардың, кәсіпорын­дардың, серіктестіктердің техникасы түгел жұмылдырылды. Жұртты құтқарып, көшіп-қондыруда аудандық полицияның алпыс қызметкері ерлік көрсетті. Үй-жайларын, малдарын, тірліктерін, мүлік-мүкәмалын қимай, көшіп-қонғысы кел­ме­гендер кездесті. Жасыратыны жоқ, сондай жағдайдың өзінде арақ-шарапқа тойып алып, “Ой, мороз-мороздатып” отырғандар да табылды. Оларды сүйрелеп алып шығып, темір көліктерге “тиеуге” мәжбүрсіз. Опат болып кетсе қайтесіз, олар да адам ғой. Аудандық полиция бөлімінің бастығы, подполковник Тимур Зәкірияновқа және оның жігіттеріне жұртшылық ылғи да алғыс жаудырар. Мінекиіңіз, біз Лайлы өзенінің бойын көріп келе жатырмыз. Жаяу. Өзеннің суы ақ көбік шашып, тастан-тасқа шапшып, сарқырай ағады. Екпіні әліге дейін әжептәуір-ақ. Қыста тас боп қатқан-тұғын. Наурыз айында басшылар бастап, жұрт­шылық қостап, сол көкпеңбек мұзға айналған арнаның бес километрін ойып, қазып, тазалаған. Әнекиіңіз, апаттың алдын алу дегеніңіз, осындай-осындай әрекеттерден құралар. Өйтпегенде, топан су кезіндегі Лайлыңыздың лаңы әлденеше еселеніп, есіріп кетер еді. Өзен бойының бәрі дерлік бір айға жетер-жетпес уақытта берік тастармен бүтінделіп үлгеріпті. Кей-кей тұстарда ғана жойқын тасқыннан опырылған жарлауыттар аңғарылады. Қарауытып. Сондай жарлауыттың жиегін­де тұрған үйдің жанына жақындадық. Өзі жол құрылысы жағында жұмыс істейтін Андрей Вайстың үй-жайы осы екен. Жекеменшік жүк мәшинелерін жәрдемге түгел жеккені үшін жұрт риза. Өскеменде естігенбіз. Төтенше жағ­дай­лар жөніндегі облыстық штабтың бастығы Ислам Әбішевтің бастамашыл­дығымен тасқын болған аудандар мен ауылдардың бәрінде қарапайым халықтың өзін-өзі басқаруына негізделген онбасы­лар мен жүзбасылар сайлау әдісі жедел ендіріліпті. Осы онбасы мен жүзбасы мәселесінің мәнісін біз барлық жерде де бірте-бірте, тереңірек ұғына түскендейміз. Бірде сарқырап, бірде күркіреп ағып жатқан Лайлы өзенінің жарлауыттанған жағасындағы үйлерді аралап жүрміз. Төртінші топтың онбасысы Қалима Қалымханқызы бүй дейді: “Мені ауыл тұрғындарының өзі сайлады. Әр үйді көріп, қандай зиян келгенін, нендей көмек керектігін тәптіштей нақтылаймын. Барлық мәліметті штабқа мәлімдеймін. Ләйла Ережепованы да, Меруерт Айтбаеваны да, Валентина Денисенконы да, Ақылбек Бөленбаевты да тұрғындар таңдап сайлаған. Жұрт сенген соң, әрине, ақтауға ұмтыласың”. “Осы маңайда топан судан құлап түскен төрт үй бізге қарайтын аумақтан, – дейді екінші топтың жетекшісі Айдар­хан Садықов. – Бір айға жетпей-ақ бәрі­не басқа үйлер сатып әпердік қой. Мұн­дай жағдай қашан болып еді? Елдігі­міздің, мемлекет мерейінің белгісі осы емес пе?” Қалима қадамын нықтай түсіп, алға шықты. “Иә-иә, ағайлар, солай. Елбасы­мыздың қамқорлығын сезініп, шексіз алғысымызды білдіргіміз келеді дейтіндер көп. Қай шаңыраққа кірсе­ңіздер де, қай табалдырықтан аттасаңыз­дар да, көз жеткізесіздер. Шынында да, ауылдың малын тұтастай тасқын әкетті. Аудан әкімінің ұйымдастыруымен, онбасылар мен жүзбасылардың тер төгуімен барлық нәрсе тез анықталды. Жоғарыдан да, жан-жақтан да жәрдем жетті. Ел елдігін істеді. Өскеменнен студенттерге дейін келіп, көмектесті. Аудандық акция өтті. Мал-мүлік орнына келді, үйлер жөнделді. Огородтарды су шайып кеткендіктен, қара топыраққа дейін түсіріп берді. Бұдан артық не керек енді?!” Самар ауылында қызғын тірлік. Лай­лы­ның жағалауы толайым-тұтас таспен нығайтылғанын жаздық. Әрбір үйдің тақтай шарбақтары қалпына келтіріліп, су әкеткендері жаңартылып жатыр. Үй иелері қарап отырмауы тиіс. Тұтынушы­лық пейіл, патерналистік пиғыл болмаға­ны жөн. Мұны бәрі түсінеді. Ұғынады. Берілген цементті құйып, түсірілген қараші­рік топырақты жаймалап, батпаққа айналған ойпаңдарды құрғатпаққа тыры­сып жүрген тұрғындардың жанарларында жарқыл бар. Еліне сеніп, еңбегіне сеніп, еңселерін тік ұстайды. Орталық (бұрынғы Центральная) көшесінің тұсындағы жаяу­лар өтетін жаңа көпір жайнап тұрыпты. Бұл ауылдағы “Қали Саттарұлы” шаруа қожалығын басқаратын Самархан Жота­баевты, “Мәмбет” шаруа қожалығының жетекшісі Есімбек Мәмбетовті, “Каскад” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің иесі Николай Гусевті бүкіл облыс біледі. Кәсіптік лицей ұжымы да топан судың тұсында үлкен ұйымшылдық көрсетті. Оның директоры Нұртас Есеновті ел құрметтейді. Учаскелік аурухананың бас дәрігері Сайлаухан Күдербаев айтады: “Біздің дәрігерлеріміз бен мейірбикелері­міз ше, аурухана ішінен және ауласынан елу тоннадан астам лай шығарды. Таза­лық­шыларға дейін түні-күні жұмыс істеді. Қара жұмысты да, дәрігерлік қызмет пен көмекті де бір сағат тоқтатпадық”. Өзен жағалай жүріп, бір-екі күн бұрын ғана жаңа қонысқа көшкен Юрий Михай­лович Хоуцзон-Линнің үйіне жет­тік. Бұрынғы баспаналары қирап қалған қарапайым жандарға біржарым миллион теңгелік тамаша үй-жай сатып әперіліпті. “Парыз” қорының есебінен. Юрий Ми­хай­ловичтің ұлты қытай. Самар ауылында бала кезінен, алпыс үш жылдан бері тұрады. Отызыншы жылдардың соңында ата-анасы саяси қуғын-сүргіннің сұрапы­лынан жапа шеккен. Шығыс Қазақстанға көшірілген. Қираған үйлерінің бір жағынан тасқын су кіріп, екінші жағынан шыққан. Бір аптадан кейін-ақ осы үйді беріпті. Әйелі Гүлбаршын алты жыл бұрын бақилық болыпты. Келіні Жанар жақсы қарайтын көрінеді. Жаңа үйге жаңа шифоньерді орналастырып, қуанып оты­рып­ты. “Мың да бір рахмет мемлекетіме!” – деген Михайловичіңіз тұманытқан жанарына жас алды. Көкпектінің өзіне, аудан орталығына қарай келе жатырмыз. Жаңбыр сіркірей бастады. Қара жолдың бәзбір тұстары былқылдап, темір көлігімізді лақтыра жаздайды. Қос қаптал түп-түгел шылқыл­даған су. Ойдым-ойдым айдындар. Талменка өзені тасыңқырап жатыпты. Преображенка ауылының жанындағы көпірге тоқтадық. “Әнекиіңіз, анау жерден үлкен аралды талқандап, тасып әкеткенбіз. Мына жол Воздвиженка ауылына апарады. Топан судың түнінде сол ауылға барғанмын. Өзеннен су асып кетіпті. Сонда мың сиырдың мөңірей өкіргенін естіп, төбе шашым тік тұрған”, – дейді Дүйсенғазы Мусин. Аудан әкімінің уайымы жетіп-артыла­ды. Тасқынның зардаптары негізінен түзетіліп бітті ғой. Бірақ, жауын жағы тыйылмай тұр. Жаңбыр-жаңбырдың ара-арасында аздап-аздап астық молшылы­ғының қамы күйттеледі. Маусымның екісіне дейін меженің алпыс бес пайызы ғана жүзеленіпті. Тракторларыңыз егіс­тікке кіре алмай, қаңтарылып қала бере­ді. Көлкілдеген көлшік сулар, былқылда­ған батпақтар мұнда да көп. Көкпекті­ңізде астықты мол өндірмекке де, қазекем­нің қашанғы ақ бас сиырының асыл тұқымын мыңғырта өсірмекке де мүмкіндік жетіп артылады. Әттең, несие мен субсидия мәселесін мәністеу жағында ерекшелік­терді ескермей жүрген жағдаяттар бар. Әрине, нарықтың қатал заңын білмейді емес мұндағылар. Біледі. Бірақ бүгінгі таңда жалпы жағдай қалай қалыптасып отыр? Тығырықтардан қайтіп, қандай жолдармен шығуға болады? Орта деңгей­дегі және әлжуаз шаруашылық­тардың, қожалықтардың, серіктестіктердің тағдыры тәлкекке түскен күйі қала бере ме? Осылай жалғаса берсе, орта деңгейлілер мен әлжуаздардың да, ауылдардың да тоз-тозы шығып кету қау­пі тумай ма? Міне, осындай сауалдардың да қарапайым, қатардағы адамдардың жанарларынан, сөз ләмдерінен аңғарыла­ты­ны рас. Мәселен, жүз миллион тонна астық өндіретін осы Көкпекті ауданының шаруа қожалықтары қайран дәнді не жөндеп өткізе алмай, не өңдей алмай, не ойдағыдай саудалай алмай сарсаңға түседі. Жалғыз Көкпекті ғана емес, барлық аймақтарда дерлік осындай азап арқала­ған­­дар аз дей алмайсыз. Нарықтың қаты­гез жүйесіне икемделген де дұрыс шығар, бірақ уақытша болса-дағы аудандық бюджет кепілдігі әдісімен бе, бәлкім басқаша ма, әйтеуір қаржылан­дырудың кілтін тауып, әлжуаздарды әлдендіріп, орташаларды оңалдырмаса, қазекемнің қайбір тірліктері қайбір кезеңдердегідей құрдымға кетуі мүмкін. Мусиніңіз мұнда бір жылға жуық уақыт бұрын ғана келген. Сапарбаевыңыз сенім артқан. Кібіртіктері көп Көкпектіні, кері кетіңкіреген ауданды алға шығармақ ниетпен жіберген. Бұған дейін Қалбатауы­ңыздың арғы қапталындағы Жарма ауда­нын сегіз жыл басқарған. Қазақтың қанатты азаматтарының бірі Дәулет Тұрлықановтың демеуімен сол Жарма­ңыз­да қазақтың ақ бас сиырын өсірумен айналысатын шаруашылықтарды шып-шырғасын шығармай сақтап қалған. “Сақтап қалу” дегеніңіз айтуға, жазуға ғана оңай. Сол “сақтап қалу” сынды ер­лікті есте ұстай бермегендіктен, көп нәр­се­ден ұтылғанымыз, кері кетіңкіре­геніміз жасырын емес. Ал Жармаңызды жарытып отырған сол сақтап қалудың арқасы. Күні кеше ғана шетелдерден келген алпауыт­тарыңыз ақ бас сиырыңызға назар жығып, көңіл аударды емес пе? Дүйсен­ғазыңыз мына Көкпектіде де сол ақ бас сиырды көбейтпекті көздейді. Қазақы қой жөнінде де көкейде ойлар көктеп тұр. Бағзыдағы Көкпекті жәрмеңкесі қалай, қайтіп дүрілдеген? Оны да ойланбақ ләзім-дүр. Әзірше әкіміңіз тозып тұрған аудан­ның орталығын әжептәуір әдіптеп үлгерді. Орталық көше кеңейтілді, арық-атыздар түзетілді, асфальт төселе бастады. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай ғажайып мемориал пайда болды. “Туған жерге тағзым” акциясы аясында талай тірліктер қолға алынды. Әсіресе, тұрмыстық қызмет көрсету кешені керемет болмақшы. Осы жаздың өзінде аудан орталығында ауру­хана, мектеп, спорт залдары күрделі жөн­деу­ден өтеді. Тарихи-өлкетану мұражайы ашылады. Тек Қалихан Алтынбаев атындағы Мәдениет сарайының күрделі жөндеуіне 40 миллион теңге қаржы қаралыпты. “Ал аудан әкімінің өзі Көкпекті кентінің шеткі көшесінде, қатардағы, қарапайым үйде тұрады”, – деседі қатардағы қарапайым адамдар. Аудан әкімінің алаңдайтын жағдаят­тары аз емес, ономастиканы да қинала ойланады. Жарма жағында жүргенде ше, қаншама қажыр-қайрат жұмсап, ауылдар мен көшелердің атауларын түгелдей дерлік тарихи тамырларына, жағрапиялық жағдайларына оралтқан еді. Ал Көкпектіңізде тұтасқан күйде тапжылмай тұрыпты. Келе сала кей жерлерде кейіңкіреп, кей ауылдарда жайбағыстап, сең жібітуге кіріскен. Бір таңырқайтыны сол, бәзбір басқа ұлттар өкілдерін былай қойғанда, қазекемдеріңіздің өздері қатқыл пейілдерінен қайтпайды-ай. “Онда тұрған не бар? Ауылдың атын қазақшалағаннан бізге бірдеңе түсе ме?” – деп кергитіндер көп-ақ. Қалай-қалай боп кеткенбіз? Десеңізші! Қараңызшы. Қалай-қалай қалып отырғанын?! Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығы қарсаңында былай болып отырыпты: Черноярка, Преобра­женка, Белая, Миролюбовка, Новострой­ка, Палатцы, Новотимофеевка, Казнаков­ка, Пантелеймоновка, Мариногорка, Воздвиженка... Алаштың аяулы ұлдары рухтарын аялауға тиісті, тарихи-жағра­пиялық түп-тамырлары адам аттарын қалай бермейтін ауылдардың атаулары осылай келе жатыпты. Қалбатаудың жықпылдары жазылың­қы­рап, жота-жондарға, шоқы-шоқыларға айналыңқырайтын, жусанды даласы басымырақ, ақ селеулі алқаптары көбірек Жарма ауданы жағына һәм жолымыз түскен. Сол Жармаңызда Мусин әкімдік еткен жылдары Игоревка – Сұлусары, Георгиевка – Қалбатау, Вознесеновка – Бірлік, Саратовка – Қайтпас, Филиппов­ка – Шымылдық, Николаевка – Кеңтар­лау, Периятинка – Үкілі, Мари­новка – Былқылдақ болып өзгерген. “Әсіресе, Георгиевканы Қалбатауға ауыстыру азапқа түсті, – дейді Жарма аудандық “Қалба тынысы” газетінің бас редакторы Қайрат Жақсыбаев. – Переселендердің ең алғаш келіп қоныстанған мекені ғой бұл. Бұрынғы әкіміміз көп күш жұмсады. Біздің газет те белсенділігін бір сәт бәсең­деткен емес. Ономастика жөнінде”. Жарманың Зайсанға тартар тас жолы­мен жүріп келеміз. Жалпы, Өскеменнен бермен қарайғы жолдың мазасы жоқ. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың: “Жол нашар. Жол болса, бәрі болады”, деп жиірек қайталайтынын сапар барысында сезіне түсетіндейсіз. Әне, анау төбеден Ер Жәнібек сынды батыр бабамыздың ерен ескерткіші көрінді. Бірте-бірте жақындай түстік. Айналма, топырақ жолмен. Негізгі жолды тасқын шайып кеткен. Шаян тоғанында су жоқтың қасы. Табанында ғана қалғандай. Осы бөгеніңіз де топан су тұсында қатты қауіп төндірген. Жанама өзені жайылып, жолдарды бұзып-жарып кеткен. Ер Жәнібек қолбасшы. Қос бөрісі қасында. Дулығасы басында. Ақ найзасы қолында. Боз мұнара жанында. Осы биікке жерлен­ген деседі. Батыр бейнесін бажайлап, бипаз­дай сипап көрдік. Қоладан құйы­лыпты. Қытайда. Жұқалау секілді. Бүкіл кешен келісті-ақ. Үйлесіп, ұнасып, жара­сып-ақ көрінер. Бірақ қоласының қалың­дығы... Сәл-пәл уайымдайды екенсіз. “Қыс қатты болды ғой. Жармаңыз – тоғыз жолдың торабы. Күн сайын қанша­ма жолаушылар құтқарылды. Қаншама мәшіндерді аршыдық. Кейбір күндер мен түндерде жүзге жуық автокөлік, екі жүз­ден аса адам құтқаратынбыз. Қараңызшы, қазір түк болмағандай”, – дейді Қалбатау ауылының әкімі Марат Еділбаев. Жарманың тарихи-өлкетану мұра­жайында өзге жақта кездесе қоймас жәдігерлерді байқайсыз. Сақ дәуірінің бір белгісіндей жап-жалпақ таста патшаның алақаны бәдізделген. Бұл тасты Базаров Адасхан атты кенші қырық метр тереңнен тапқан. Дәулет Тұрлықановтың атасы Хасен қажы көтерген 420 кіләлік тас та осында. “Ақтайлақ биден бастап, Бұлғақ серіге дейін бізден шыққан. Әзілхан Нұршайықов пен Роза Рымбаеваға дейін”, – деп қояды мұражай шырақшысы Нұрбек ақсақал. Несін айтасыз, Жармаңыздың Мәде­ниет сарайы ғажайып тірліктер атқарып жатыпты. Отыз бес өнерпаздан құралған ұлт-аспаптар оркестрі “Кәусар” деп аталады екен. Біз барғанда “Махамбет” күйін күмбірлетіп қоя берді. Бәрі де көр­кем жігіттер, сұлу қыздар. Күй құдіре­тін ділімен ұғынатындар. “Кәусарыңыз” күллі Шығыс Қазақстаныңызға кеңінен таны­мал көрінеді. “Айқаракөз” ансамблі фольклор­лық бағытта. “Сұлуым” атты әнші қыздар ансамблінің өнерін тамаша­лағанда сұлулықтың сиқырына бөленер­сіз. Он сұлуыңыз сұңғақ бойлы он аққайың дерсіз. Қалбатаудың Өмеш асуы қияларында, шоқ-шоқ шыршалардың арасында топ-топ боп бұралар талдырмаш аққайыңдар сияқтанып, жүздері – бал-бұл, үндері бұлбұл, жанарлары жалт-жұлт жанады-ай. Тәптіштеуімізде гәп бар. Талай жерлерде боласыз. Айналайын ауылдардың, аудан­дардың өнерпаздарын байқайсыз. Көпші­лігінің әндері әдемі, күйлері күмбірлі, сөздері мәнерлі бола тұра, жүздерінен салқындық, көздерінен мұң аңғаратынсыз. Ал Жармада жаңағы­дай. Жоғарыдағыдай. Сөйтсек, мұндағы “Кәусар” да, “Айқара­көз” де, “Сұлуым” да тұрақты жұмыс істейді екен. Көптен бері. “Өнер иелерінің бәрі де штатта. Жала­қы­лары жаман емес. Тұрғын-жай­лары шешілген”, – дейді ауданның мәдениет “министрі” Аманжол. Жарманың жайдарман саябағында да ауыр қыстың, тау-тау қардың, топан судың іздері анық білінер. Көлшіктер. Батпақты ойпаңдар. Бәрібір, аққайың жапырақтары жақұттай жалтырап, күн шуағына алақан тосады. Жасыл көк, сары гүл басымдана бастапты. Қалбатаудың басында қар жатыр. Қарғыннан қалған. Бауыр-баурайларында жаз құлпырып келеді. Мархабат БАЙҒҰТ. Суреттерде: Лайлы өзенінің бойы осылай нығайтылуда; Талменка өзені әлі тасып жатыр; құрылыс басында; Көкпекті­дегі тұрмыстық қызмет үйі биыл пайда­лануға беріледі. Суреттерді түсірген Оңдасын ЕЛУБАЙ, “Егемен Қазақстан”.