• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Форум 11 Маусым, 2024

Инженерия ауқымы кеңейе түседі

36 рет
көрсетілді

Өткен апта соңында Дәулет Серікбаев атын­дағы Шығыс Қазақ­стан техни­ка­­лық уни­вер­­си­тетінің базасында ин­же­нер­лік білім саласы оқу-әдіс­­те­мелік бірлестігі­нің ке­ңей­тіл­ген көшпелі оты­рысы өтті. Қазір елі­міз­дегі 52 жоғары оқу орны ин­же­нер­лік техни­ка­лық бағыттағы білім­ бағдарламаларын жүзе­ге асы­рып жатыр. Магис­тра­ту­ра мен докторантурада 103 мыңнан астам студент білім алады.

«Былтыр 24 мыңнан астам студент инженерлік бағытта білім алды. Қазіргі уақытта ин­женерлік білімге ден қойғандар көп. Инженерлерді даярлауда да бірқатар жетістікке жет­тік. Қазіргі уақытта аталған ба­ғытта 11 оқу-әдістемелік бар. Жалпы,  8 мыңның үстінде білім бағдарламасы болса, оның мың жарымы техникалық бағытта. Алайда бұл заман талабына сай ма? Соны жүйелеп алуымыз керек», – дейді Ғылым және жоғары білім министрлігінде Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі комитет төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова.

Отырыста айтылғандай, тех­ни­ка­лық оқу орындарының көбі кә­сіпорындармен қарым-қа­ты­насты нығайта түсулері қа­жет.  Өскемен өндірістік қала бол­ған­дықтан, Д.Серікбаев атында­ғы ШҚТУ студенттері практика­­ны да өндіріс ошақтарында өте­ді. Қарым-қатынас тығыз. Деген­мен заманға қарай инженер­­лік-техникалық бағыттағы маман­дарды даярлаудың жаңа тұжы­рымдамасы әзірленіп, талқыға түсіп жатыр.

Жиында жаңа технология­ны меңгеріп, ел экономикасын ілгерілетудің жаңа әдісін қа­­лып­тастыруымыз керек. Ол үшін техникалық, инженерлік кадрларды жетелеуіміз керек. Аталған тұжырымдамаға қа­тысушылардың бірі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техни­калық зерттеу университеті мен Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ екендігі де айтылды. Алайда қа­зір инженерлік бағытта кадр тап­шылығы бар. Оны шешу үшін «Мамандығым – болашағым» жо­басы жүзеге асып жатыр.

ШҚТУ ректоры Сәуле Рах­метул­линаның сөзінше, білікті ма­ман даярлау үшін оқытушы­лардың деңгейі халықаралық дәрежедегі тәжірибемен сәйкесуі керек. Біле білсек, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ – CDIO жүйе­сінің қозғалысына Орталық Азия көлемінде тұңғыш енген университет.

«Көшпелі отырысқа қатысу­шылар Шығыс Қазақстанда бас қосты. Келесі қай қалада өтетіні белгісіз. Десе де, техникалық университеттер базасына барып, ­өз тәжірибемізбен бөлісуге да­йынбыз. 2022 жылы Сингапур­де өткен форумнан көптеген мағ­лұмат алып қайттық. Сонда біз өз университетімізді та­ныс­­тырып, CDIO жүйесін оқу бағ­дарламасына қалай енгізіп жатқанымызды көрсеттік. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – ­студенттер оқуын аяқтап, өнді­ріске келгенде бірден жұмысқа кірісуін бақылауда ұстау еді», – деді Сәуле Жәдігерқызы.

Иә, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ –  Орталық Азиядағы не­гіз­гі университеттердің бірі. Мұнда оқы­ған студенттер де өндіріс ошақ­­тарында қат мамандықты алып шығып жатыр. Ең бастысы, оқу­ды тәмамдаған түлек­тердің жүз пайызға жуығы жұмысқа орнала­сады.

«Жалпы, оқу орнының тарихы терең, өзіндік стратегиясы мен саясаты бар. Инженерлік білім жолында үлкен топ еңбек етті. Енді осы тәжірибені басқа білім ордаларында қолға алған­ды жөн деп білемін», деді білім ордасының ректоры.

Ғылым және жоғары білім министрлігінде Жоғары және жо­ғары оқу орнынан кейінгі ко­­митет төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова қа­зір тех­никалық бағыттағы маман­дық­тарға қанша маман тапшы еке­нін зерттеу керектігін айтты. Магистратура мен докторантурада білім алатындар­ға стипендия төлеу мәселесі де қарастырылып жатқанын сөз етті.

Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылымдардың алдында қойған тапсырмасы төңірегінде де сөз қозғалды. Атап айтсақ, техногендік және табиғи апаттарды жоятын кадр­ларды даярлау қажет. Жасыл энергетиканы дамыту, су қорын сақтау, оқу орындарын жетілдіру, индустриялдың phd бағыттарын жандандыру күн тәртібінен түспеуге тиіс.

Жиында сейсмология тақы­ры­бында әңгіме өрбіп, түрлі табиғи апатты жою өте ма­ңыз­ды мәселелердің бірі екені қай­таланды. Еліміздің шығысы, оңтүстік шығысы – сейсмикалық қауіпті аймақ. Ал Орталық Қа­зақстан техногендік жер сіл­кі­нісіне бейім. Бұл салада зерттеу жүргізіп отырған сейсмолог ға­лымдар Пекин ғалымдарымен тікелей байланыста. Гидрология және инженер геология маман­дығы да кең өріс алып келеді. Бұл мамандық ең алғаш 1932 жылдан бастап Семейде оқытыла бастаған. Ендігі кезекте жоғарыда аталған инженерия саласы жан-жақты дами түседі.

 

Шығыс Қазақстан облысы