«Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кемесінің экипажы ашық теңізге шығып кеткен екі адамды құтқарды. Олар 4 сағаттан кейін жағадан 10 шақырым аймақтағы «Жартасты» мүйіс маңынан табылды, деп жазады Egemen.kz.
«Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кемесінің экипажы жедел кезекшіден сапборд мінген екі адамның жоғалғаны туралы хабар алған соң оларды іздеуге кірісті.
Кеме командирі капитан-лейтенант Нұрбет Талғат дабыл алғаннан кейін гидрометеорологиялық жағдайды екшеді.
«Радиолокациялық станцияның көмегімен теңіз секторын зерттеген әскери байланыс және радиотехникалық қызмет командасының старшинасы аға матрос Әзімхан Әмірханов сергектік пен жоғары жауынгерлік дағдыларын көрсетті», деді Нұрбет Талғат.
Сапборд мінген жас жігіттерде екі адамға бір ескек қана болғаны анықталды. Теңізшілер оларды кемеге көтеріп, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Құтқарылған азаматтар шұғыл түрде Ақтау портына жеткізілді.