• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Ауыл 12 Маусым, 2024

«Жарқын ауыл» жобасы іске қосылды

60 рет
көрсетілді

Облыс әкімдігі мен «Amanat» партиясының өңірлік ­филиалы ауылдық елді мекендерді дамытуды, абаттандыруды көздейтін «Жарқын ауыл» жобасын қолға алды. Аталған бағдарлама алғаш Қостанай ауданына қарасты Айсары аулында қанатқақты режімде іске қосылды. Игі жоба «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында жүзеге асырылмақ.

Бүгінде Қостанай облысы тұр­ғын­да­рының 38 пайы­зы ауылда тұрып жатыр. Өкінішке қарай біраз ауылдың инфрақұрылым­дық жағдайы әлі де мәз емес. Бұл бағытта шешімін күтіп тұрған мәселе көп. Мәселен, өңірде 140-тан астам ауылға сапалы ауызсу жүргізілмеген. Сондай-ақ 150-ге жуық ауыл жылдамдығы жоғары интернетке қол жеткізе алмай отыр. Жол сапасы, көшелер­ді жарықтандыру жұмысы, мектептер мен медицина­лық нысандардың жағ­дайы да көңіл көншітпей­ді. Ама­наттықтардың айтуынша, «Жарқын ауыл» осы атал­ған мәселелердің күрмеуін тар­қатуға тиіс.

«Жоба ауылдық елді ме­кен­дердің әл-ауқатын арттыруды көздейді. Демеу­шілердің қаражаты есебінен тұрғын үйлер салынады, балаларға және спортпен шұғылдана­тын адамдарға арналған алаң­дар ашылады, скверлер мен саябақтар жабдықталады, демалыс үйлері салынады және ауыл инфрақұрылымын жаңғырту бағытында өзге де ауқым­ды жұмыстар жүргізіледі. Жоба аясында 400-ден астам ауыл қамтылып отыр. Өңір кәсіпкерлері бұған 10 млрд теңге көлемінде қаржы бөліп, қолдау көрсетуге дайын екен­дерін айтты. Әсіресе облыс әкімі бізге үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Бұл – партия мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара тиімді әрекеттің жарқын үлгісі. «Жарқын ауыл» жобасы ел дамуына ерекше серпін береді деген сенімде­міз», дейді «Amanat» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов.

Айсарыда іске қосылған «Жарқын ауыл» жобасының алғашқы кезеңінде ауылдық округтің 3 көшесі жөнделеді. Жергілікті стадион қайта жаңартылады. Айсары мен Половниковка елді мекен­де­ріне су құбыры тартылады және фельдшерлік-акушер­лік пункт салынады. Аталған шаруа­ның бәрін биыл 1 қазан­ға де­йін аяқтау жоспарланып отыр. Партия өкілдері мен кәсіпкерлер осы жөнінде екі­жақты мемо­­рандумға қол қой­ды. Айсары ауылдық окру­гін гүлден­діру жобасы Бисем­бай Бурашев, Болат Аңқауов, Андрей Хорошилов, Олег Двое­глазов, Андрей Эм, Свет­лана Быстрякова, Талғат Жүр­гім­баев, Батыр­жан Мұхам­бет­жанов, Максим Поно­марев және Мұрат Бәсі­баев сияқты кәсіп­кер­лер­дің көме­гімен жүзеге асы­рыл­мақ.

«Біз жергілікті тұр­ғын­дар­­дың тұрмысына қолайлы жағдай жасай отырып, ауыл­дық жерлерді өмір сүруге барынша тартымды әрі қолайлы етуге тырысамыз. Бүгінде ауыл жастарының көбі мектеп бітірісімен ірі қалаларға кеткісі келеді. Өз болашағын ауылмен емес, қаламен өлшейді. Сондықтан біздің алдымызда ауылдың инфрақұрылымын жақсарту арқылы жастарды көбі­рек ауылға тұрақтандыру, ауыл­дық елді мекендерде өмір сүруге қолайлы жағдай жасау сияқты маңызды міндеттер тұр», дейді «Amanat» партия­сы Қостанай аудандық фи­лиа­лы­ның төрағасы Марина Растегаева.

Алдағы уақытта партияның өзге де аудандық филиалдары жергілікті әкімдіктермен, кәсіпкерлермен мемо­ран­думға отырмақ. Бұл құжат жобаның тұрақты­­лығы мен ашықтығын қамтама­сыз етуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, алдағы үш жыл ішінде 400-ден астам елді мекен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіліп, ауыл ішіндегі жолдар жөнге кел­ті­ріледі. Ауыл интернеті ширап, шалғай елді мекен­дердің сыртқы келбеті жақсарады.

Мұның сыртында, «Amanat» пар­тиясының сайлауалды бағ­д­арламасы аясында биыл Қос­танай облысында 5 жаңа мектеп салу, жұмыс істеп тұрған 51 мектепті жөндеу, 19 дәрі­гер­лік амбулатория мен фельд­шер­лік-акушерлік пункт ашу, 19 елді мекенді сумен қамта­ма­сыз ету жоспарланып отыр.

 

Қостанай облысы