Мемлекетіміздің басты байлығы, қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені Ата заңымызда анық жазылған. Сондықтан құқықтық мемлекетте адамның денсаулығына, өміріне қауіп төндіруге, қорлауға, ұрып-соғуға, қысым көрсетуге жол жоқ. Президент ана мен бала құқығын қорғауды, тұрмыстық зорлық-зомбылықты реттейтін жаңа заңға қол қойғанына да көп уақыт өте қойған жоқ.
«Анаға тағзымның» арқалағаны – ауыр жүк
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде Парламент депутаттарының бастамашылығымен әзірленіп, қолданысқа енгізілген заңның шұғыл арада қабылдануына не түрткі болғанын тәптіштеп түсіндіріп жатудың қажеті жоқ шығар. Қоғамда белең алған небір жағдайлар отбасы құндылығы, ана мен бала қауіпсіздігі құқықтық қолдауға өте зәру болып бара жатқандай ахуал қалыптастырды. Заң жобасы әзірленіп жатқанда ел көлемінде қаншама талқылау өтіп, мінберлерде қаншама пікір айтылды. Құқықтық мемлекет қалыптастыру жолындағы батыл қадамға баланған бұл заң туралы жұртшылық әлі де пікір білдіріп, үн қосып жатыр. Осы тұрғыда мамандардан отбасы құндылықтары жөнінде пікірін білген едік.
Жамбыл облыстық «Анаға тағзым» облыстық отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали мұндай қатаң шараларды қабылдауға кейінгі кезде қоғамда жиі тіркелген келеңсіз оқиғалар мен жантүршігерлік жағдайлар түрткі болғанын айтады.
– Әкімшілік полиция комитетінің мәліметінше, жыл сайын елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан 300-ге жуық әйел зардап шексе, кемінде 80 әйел қайтыс болады. Ал күн сайын ішкі істер органдарына осы мәселе бойынша 300-ге жуық хабарлама түседі екен. Кейінгі 5 жылда тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың, денсаулыққа қасақана ауыр зақым келтірудің деректері 2 есе өссе, орташа зақым келтіру 6 есеге артыпты. Отбасылардағы ұрыс-керіс, дау-жанжал, әйел-аналарды аяусыз ұрып-соғу, кемсіту, қорлау, оны көріп-біліп өскен балалардың аянышты халінің салдары қоғамда адам төзгісіз жағдай туғызды.
Бірақ бүгінде қоғам проблемаға үнсіз қалмай, оған қарсы күресуге дайын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Басты міндетіміз – әйелдер мен балаларды қорғау» деп, жыл сайынғы Жолдауларында әйел құқығы мен бала қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөліп келеді. Соның аясында республикада тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс және отбасын қолдау орталықтары, жедел желiлер жұмыс iстеп тұр. Журналистер тақырыптық деректі, подкастарды жазып, оның барысында мәселені талқылап, агрессияның кез келген көрінісіне төзбеуді насихаттап жүр. Соның бәрі тоғыса келіп, отбасылық, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңдарды қатайтуға, кінәлілерді жазалауды күшейтуге бастамашы болды. Сондықтан бұл қабылданған жаңа заң – қазіргі қоғамның дамуындағы көптен күткен қадам болғаны анық, – дейді Э.Мырза-Ғали.
Әр үйде мейірім салтанат құруға тиіс
Э.Мырза-Ғали дәл осы заңда отбасын қолдау орталықтарының қызметтері жөнінде айтылғанына қуанғанын жеткізді. Былтыр 1 шілдеден отбасын қолдау орталығы болып қайта құрылған «Анаға тағзымда» қазіргі таңда 3 бөлім және заңгерлік, психологиялық кеңес беру кабинеттері жұмыс істейді. Соның ішінде жаңадан ашылған «Ақпараттық талдау және әлеуметтік сүйемелдеу» бөлімі нақ осындай жайсыз отбасыларды аралап жүріп анықтап, қиын жағдайға тап болған отбасыларға жан-жақты көмек көрсетуді көздейді. Мәселен, бөлім мамандары кейінгі 9 айда 57 отбасыға көмек көрсетіп, 22 отбасы әлеуметтік сүйемелдеуге алынған.
– Әрбір үйде мейірім салтанат құруы керек деп есептеймін. Өз отбасында әрбір жан өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Отбасы мүшелері бір-біріне үстемдік еткеннен гөрі, әрдайым бір-біріне қамқорлық танытып, қолдау көрсеткені абзал. Анасының жүзінен қуаныштың лебі есіп, бақыттың нұры тамған шаңырақта балалар сүйіспеншілікке шомылып өсетіні белгілі. Сол себепті «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы ұстанған бағытындағы жұмыстарын жетілдіріп, жандандыра береді. Жаңа заңға сәйкес, мемлекеттік отбасылық саясатты іске асыру жөніндегі шараларды, оның ішінде неке мен отбасын сақтау, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) қолдау, тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға қолдау көрсету жөніндегі жұмысты үйлестіру жөніндегі шараларды жүзеге асыратын боламыз, – дейді Эльмира Инаятқызы.
Үйлену – үстемдікке қол жеткізу емес
Жаратқан Ие барша тіршілік иесіне жұптасуды бұйыртқан. Ер адам мен әйел адам бір-бірін тауып бас қосып, шаңырақ көтереді. Әрине, бұл – адам өміріндегі ең қуанышты және жауапкершілігі жоғары сәттің бірі. Ақ некенің қиылуымен бірге жаңа міндет, құқық және жауапкершілік пайда болады.
«Өмір – сынақ, бұл сынақтың материалдық және рухани салмағы болады», дейді дінтанушы, «Ислам зерттеулері орталығы» қоғамдық қорының директоры Балғабек Мырзаев. Сондай-ақ ол өмірдің ауыртпалықтарын бірге көтеру үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұбайлар бірге жұмыла кірісуі қажет деген пікірде.
– Шындығында, үйленуден, үй болу өте маңызды. Ата-бабаларымыздан қалған «үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөз бар. Отбасы – қоғамның негізін құрайтын маңызды тірегі. Отбасын құру арқылы тек екі адам бас қосып қана қоймайды, сонымен бірге қоғамның іргетасын қалайды.
Адамдар әсіресе бір-біріне «мал-мүлік арқылы емес», «аманат санасымен» байланысты болуы керек. Алла бізді әрқайсымызды жұбымызбен кездестіре отырып, бір-бірімізге аманат етіп тапсырған. Олай болса, жұбайымызбен, балаларымызбен жауапкершіліксіз, атүсті қарым-қатынас жасауға хақымыз жоқ. Жаратушының аманатын көздің қарашығындай сақтаудың орнына тоздырып-тоқырататындар бір күн келіп аманаттың иесіне қайтарылатынын естен шығармау керек, деген дінтанушы отбасында өмір сүре білу үшін қарапайым мінез-құлық ережелерін сақтауға тырысу қажеттігін алға тартты. Яғни кешірімді болыңыз, ашуыңызды ішке бүгіп қалыңыз, кемшіліктерді іздеп түрткілемеңіз, қателесіп жатсаңыз, кешірім сұраудан қашпаңыз.
«Әке» ұғымында қасиет бар
«Әке – асқар тау» деп жатамыз. Бұл даналық сөзден кез келген қиын шақта балалар әкенің қамқорлығына жүгініп, бала сүрінгенде, оған қауіп төнгенде әкесі тірегі болуға тиіс деген логика шығады. Бірақ үнемі бұлай бола бермейді. Психологтер бүгінде баламен үлкендерше сөйлесетін ата-ана аз екенін айтып шырылдап жүр. Әсіресе көпшілік әкелер бұл мәселеде томаға-тұйық.
– Жұбайымызбен, балаларымызбен, ата-аналарымызбен жақсы тұру жұмыста немесе базардағы бөтен біреуге нәзік те сабырлы қарым-қатынас жасаудан да қиын екенін мойындауымыз керек. Міне, сондықтан да Исламда «Сендердің ең жақсыларың отбасымен ең жақсы қарым-қатынаста болғандарың», деп бұйырған. Көріп отырғанымыздай, қандай жағдай болса да біреуге кінә тағуымыздың орнына қарапайым болуға және шынайы сөздер арқылы мәселені шешуге тырысуымыз керек. Біреудің мәпелеп, әлпештеп өсірген қызын некеге алғаннан кейін оны қорлауға, кемсітуге, зорлық-зомбылық көрсетуге асыл дініміз түбегейлі тыйым салады.
Әділеттілікті, ынсапты және мейірімді әкемізден көріп үйренеміз. Қоқан-лоқының, зорлық-зомбылықтың «әке» деген ұғыммен мәндес болып кетуі, отбасында әке атының қорқынышпен, үреймен еске алынуы қандай қайғылы және өкінішті.
Шынайы мұсылман адам ешкімнің ақысын жемейді, біреуді алдамайды, адам баласына дөрекі сөйлемейді, әлсіздерге зорлық-зомбылық жасамайды, жетім-жесірлер мен кедейлерге тәкаппарлық көрсетпейді, – дейді дінтанушы Балғабек Мырзаев.
Отбасы институтының жауапкершілігі артты
Елімізде кейінгі жылдары отбасында болатын тұрмыстық жанжалдар көбейіп, арты адам өліміне апарған оқиғалар да жиілеп кеткені аян. Әйеліне қол көтеріп, бала-шағасының берекесі мен құтын қашырған опасыз әкелердің әрекеттері жаға ұстатарлық жағдайға жетті. Қатаңдатылған заңның тиісті өзгерістерін, енгізілген жаңа нормаларын ақпараттық тұрғыдан қолдап, жұртшылыққа түсінікті етіп жеткізу ісі әлі маңызын жоя қойған жоқ. Осы орайда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Астана қаласы бойынша өкілі Баян Жалмағанбетова: «Мемлекет басшысы әйел адамдардың құқығын қорғау және де балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң дәл қазіргі таңда осы заң елге керек, қоғам болып күткен құжат болып тұр. Шындығында, отбасындағы зорлық-зомбылық бүгінде ел ішіндегі асқынған дертке айналып отыр. Жаңа құжатта әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазалау шаралары күшейтілген. Мысалы, бұрын ұрып-соғу мен денсаулыққа қасақана зиян келтіру жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қарастырылған болса, енді қылмыстық жауапкершілікке енгізілді», дейді. Б.Жалмағанбетова жаңа заңнамаға сәйкес әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатаңдатылатынын, сондай-ақ отбасы институты, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі нығайтылатынын атап өтті.
Осы ретте жұрт «Мына заң ата-аналарды ата-аналық құқығынан айырып, қажет болса, мемлекет балаларын тартып алады екен» деп, байыбына бармай байбалам салып үлгерді. Осы шудың ақ-қарасын ажыратып беруді Баян Жалмағанбетовадан сұрадық.
– Ел арасында осындай түрлі қауесет таралып жатқанын естіп жатырмыз. Мысалы, заң балаларды тартып алуға ықпал етуі мүмкін деген пікір – таза жалған ақпарат. Сондықтан аталған мәселеге қатысты кез келген балама пайымдау негізсіз. Еліміз тек дәстүрлі, ұлттық отбасылық құндылықтар мен отбасы институтын сақтауға қолдау көрсететініне ешқандай күмән жоқ, – дейді Б.Жалмағанбетова.
Сонымен қатар жас балаларды өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтіруді насихаттағаны үшін, 16 жасқа толмаған жанға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды. Сол тұрғыда жаңа заң әйелдердің, жасөспірім балалардың қауіпсіздігін арттыруға зор септігін тигізеді деуге толық негіз бар.