• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ауыл 12 Маусым, 2024

Сабақтастықты үзбеген серіктестік

108 рет
көрсетілді

Еңбек ері Геннадий Зенченконың есімі респуб­лика тұрғын­дарына жақсы таныс. Солтүстік Қазақстан облысындағы Қызылжар ауданына қарайтын Новоникольск аулында ең ірі әрі жоғары технологиялы ауыл шаруашылығы құрылымы – «Зенченко и К» коммандиттік серіктестігін құрып, ұзақ жылдар бойы ең озық шаруашылықты дөңгелетіп отырды. 2016 жылы 79 жасында дүниеден өткенде ісін баласы Геннадий жалғастырды.

«Әке көрген оқ жонар» дегендей, білікті азамат зор табыс әкелетін шаруашылықты тек баюдың көзіне айналдырмай, агрофирманың жоғары техно­ло­гиясын одан әрі дамытып, облыстағы ең өнімді, жоғары дамыған шаруашылық қалыптас­тырып жатыр. 

«Атасы жақсы қандайды...» демек­ші, үлкен Геннадий мар­құм­ның немересі, екінші Геннадийдің ұлы Иван да әкесінің байлығын шашып, әлем кезіп қыдырып кетпей, институт бітірген соң, шаруашылыққа оралып, қазір бас инженер болып жүр.

Жерді күтудің, тыңайтудың не түрлі озық әдісін, тұқымды, өскінді баптай білудің үздік тәсілдерін игерген бұл фирма кем дегенде гектарынан 25 центнерден астық алып келеді. Күздің қара жаңбырында дымданған астықты барынша құрғата алатын, қуаты зор кептіргіш агрегаттары да бар. Астықты ешқайда тасымай, өздері тұрғызып алған 320 мың тонналық мини элеваторларда сақтайды. Бидайды жеке диірменде ұшырып, әбден тазалайды. Нанды да наубай­хана­ларында пісіріп, толып жат­қан азық-түлік дүкендерінің жүйесі арқылы сатып отырады. Картоптың да жоғары сұрпын өсіріп, оны ең озық голланд технологиясымен өңдеп, гектарынан жыл сайын 300 центнерден өнім алып келеді. Сонымен қатар рапс, пияз, қызылша, сәбіз де өсіреді.

Шаруашылықтың екінші қыры сүтті сиыр өсіруге бағыт­талған. Бұл істе де комман­диттік серік­­тестік – облыстағы ең озық шаруа­шылық. Мұнда осы за­ман­ғы жоғары технология­лы сүт кешені салынған. Мың сиырға арналған екі фермадағы сүт сауу «Карусель» атты блокпен іске асырылады. Асыл тұқымды сиырдың бәрі де жылына 6–8 мың литр сүт береді. Шаруашылықтың өз сүт зауытында сүттің 40 түрі шығарылады. Барлық өнім­нің сапасын бір сәтте кемітпей, Петропавл, Көкшетау, Аста­надағы дүкендерге уақты­лы жеткізіп отырады. Тұты­ну­шылар «Зенченко и К» белгісі көрсетілген өнімді жапа-тар­мағай алып жатады. Халық бұл фирма өнімдерінің барынша сапалы, қоспасы аз болаты­нына әбден көз жеткізген.

Шаруашылық кейінгі уақытта Германия маман­да­рының жобасымен барлық жұмыс үдерісі автомат­тан­дырылған сүт зауытын да салды. Шаруақор басшылар электр қуатын үнемдеу үшін 2012 жылдан бері электрді желден өндіретін құрылғылар да орнатып алған. Сондықтан фирма электр қуатын артық төлейміз деп алаңдамайды.

Жуырда шаруашылыққа облыс әкімі Ғауез Нұрмұ­хамбетов арнайы барып, ха­лықпен жүз­десті. Әкім алды­мен атағы аспанға шыққан шаруашылықтың әлеу­мет­тік нысандарын аралады. Қазіргі уақытта «Зенченко и К» құны 120 млн теңге болатын, футбол, волейбол, бас­кетбол ойнайтын арнайы алаңдары бар спорт кешенінің құрылысын жүргізіп жатыр. Құрылыс жұмыстарын тамыз айын­да аяқтау жоспарлан­ған. Ново­ни­кольск ауылдық окру­гі­нің әкімі Елена Захарова облыс әкіміне спорттық алаңды таныс­тырып, оның аумағында жас­тар ғана емес, барлық тұрғын сейіл құрып, демалып жүруіне жағдай жасалатынын айтты.

Әкім танысқан екінші әлеу­меттік нысан – сырты әсем безен­дірілген балабақша. Мұнда қазір 96 бөбек тәрбиеленеді. 27 адам қызмет істейді. Бала­бақша жанын­дағы мектеп үйі де жұтынып тұр. Оны жөндеп, жаңғыртуға шаруашылық 280 млн теңге бөлген. Төменгі сыныптардағы 360 оқу­шы шаруашылық есебінен тегін та­мақ­танатын көрінеді. Бұған фир­ма жыл сайын 27 млн теңге бөліп отыр.

«Балабақша мен мектеп жар­қы­­рап тұр. Әрбір сынып­ бөлмесі жо­­­ғары талап­пен жабдықталған. Қа­ла мектеп­терінің кейбірін­де мұн­­­­­­дай жоқ», деді аймақ бас­шы­­­сы.­ ­

Сонымен қатар өңір басшысы жұмысшыларға арналған тұрғын үйлерді, әлеуметтік және спорт нысандарын аралады.

Ауыл орталығындағы жа­ңа­­дан салынған «Наш» дү­ке­­нінде негі­зі­нен шаруа­шы­лықта өндірі­летін ет, сүт, нан өнімдері тұр. Одан кейін облыс әкімі бастаған топтың сапары шаруашылықтың көкөніс сақтау қоймасы мен элеваторға жалғасты. Ал ком­па­нияның жаңадан салынып жатқан сүт фермасына келгенде сенсациялық жаңалық күтіп тұр екен. Шаруашылықтың бас директоры Геннадий Зенченко жаңадан тұрғызылып жатқан сүт кешені Қазақстанда ғана емес, Орталық Азиядағы алпауыт кә­сіп­­орын екенін айтты. 9 млрд теңгеге салынып жатқан кешенде бір мезгілде 8 мың тұяқ сиыр күтіледі. 7 кешеннен тұратын, әрқайсысында 1,3 мың тұяққа дейін күтілетін ферма 2025 жылы пайдалануға берілмек.

«Бұл орталықта роторлы сүт­ сауу аппараты орнатылады. Ол бір сағатта 700 сиырды са­уып­­ үлгереді. Бұл біздің уақыт үнем­деуіміз үшін өте пайдалы», дейді Геннадий Геннадиевич.

 

Солтүстік Қазақстан облысы