• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 12 Маусым, 2024

Қатысушыларға сертификат табысталды

74 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біраз уақыт бұрын елімізде шет­елдік оқу орындарының филиалын ашу туралы тапсырма берді. Прези­дент тапсырмасын іске асыру үшін М. Х. Дулати атындағы Тараз өңір­лік­ университетінде «Менделеев сыныбы» жобасы қолға алынды.

Жоғары оқу орны мен өңірдегі химия өндірісінің локомотиві саналатын «Қазфосфат» ЖШС және Д.Менделеев атындағы Ресей химия-технология уни­вер­ситеті бірлесіп қолға алған жобаның алғашқы түлектері кәсіби мамандардан дәріс алып, білімін жетілдірді.

Ал бірер күн бұрын М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Менделеев сыныбы» жобасының 10-11 сынып бітірушілеріне сертифи­кат табыстау рәсімі салтанатты түр­де ұйымдастырылды. Іс-шараға Д.Мен­делеев атындағы РХТУ, «Қаз­фосфат» ЖШС қыз­меткерлері, қала мектептеріндегі химия пәнінің мұға­лімдері, Дулати уни­вер­ситетінің оқыту­шылары мен студенттері қатысты.

Былтырғы қазан мен биылғы мамыр айы аралығында тараздық 22 оқушыға Д.Мен­делеев атындағы Ресей химия-тех­но­­ло­гиялық университеті мен Дулати уни­вер­ситетінің оқытушылары дәріс берді. Кә­сі­би мамандардың тәлімін алған білім алу­­шылар жоба аясында оқуын тәмамдап, хи­мия-математика бағытында білімін ­ұш­та­ды.

М.Х.Дулати университетінің басқарма мүшесі – стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Шолпан Есімованың айтуынша, химия өнеркәсібінде нақты жобаларды жүзеге асыру үшін түрлі біліктілігі бар 15 мыңнан астам қызметкер қажет. Оның ішінде ­3 мыңнан астам жоғары білімді, 2 мыңнан астам орта техникалық білімі бар және кәсіптік білімі бар жұмысшылар керек екені анықталған.

«Қазфосфат» ЖШС өндірісінің артуы­на байланысты бүгінгі таңда 4000-ға жуық ма­ман қажеттілігі туындап отыр. Ал өңір­лік университетке химия өнеркәсібі үшін ма­мандарды даярлау міндеті жүктелген.

Іс-шараға бейнебайланыс арқылы қосылған Д.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті рек­то­рының міндетін атқарушы Илья Воро­тын­цев түлектерді құттықтап, жылы лебізін жеткізді. Сондай-ақ ол «Менделеев сыныбы» жобасы әрі қарай жалғасын табатынын айтты.

«Қазфосфат» ЖШС персоналмен жұмыс департаментінің директоры Қайрат Болатов түлектерді жобаны сәтті аяқтауымен құттықтады. Химия саласы мамандарын мектеп табалдырығынан бас­тап даярлау тиімді бастама екенін айтқан ол оқушыларды әрі қарай ізденуге, терең білім алуға шақырды. Қ.Болатовтың айтуынша, «Қазфосфат» ЖШС-на қарасты зауыттарға білікті кадр­лар қажет. Ол мамандар «Менделеев сыныбы» түлектері арасынан шықса құба-құп.

Іс-шара барысында мамандар қолы­нан сертификат алған оқушылар бола­шақ­та химия саласының білікті маманы атануға ниетті екенін жеткізді.

 

Тараз