АСТАНА. 25 сәуір. Ақтөбе қаласының тұрғыны 26 жастағы таксисті өлтіргені үшін 16 жылға темір торға қамалды. Бұл туралы «Мой Город» порталы хабарлайды.
Аталған портал таратқан мәліметтерге сүйенсек, қылмыскер кінәсін жартылай ғана мойындаған. Судья 21 жастағы ақтөбелікті 16 жылға қатаң режимдегі түрмеге жапты. Ал оның сыбайласы қылмысты жасырғаны үшін екі жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұл қанды оқиға 2014 жылы 28 қазанда болған. Марқұм болған таксист жеке VIP-тасымалдаумен айналысқан. Тұтынушыларын ол өзінің жеке көлігімен тасып, табыс тауып жүрген. Таксистің хабарландыруын интернеттен көрген қылмыскер оның қымбат көлігін тартып алуды ойлап, алдын ала қанды жоспар құрады.
Арам ойын іске асыру үшін ол таксиге тапсырыс береді. Мәртөк ауданындағы Жамбыл ауылына барар жолда ол жүргізушіні бірнеше жерден пышақтайды. Көп қан жоғалтқан жәбірленуші Нұрбеков сол жерде көз жұмады. Осыдан кейін қаныпезер жігіттің өлі денесін айдалаға сүйреп апарып тастап, өзі көлігін мініп кеткен.
Қайтыс болған Рүсем Нұрбековтің артында үш қызы жетім қалды. Балаларының үлкені 5-те болса, ортаншысы бір жарым жаста екен. Ал әкесі адам қолынан қаза тапқан күні кенже қызының өмірге келгеніне он-ақ күн болған.
Еламан Қоңыр.
Дерек: «Мой Город».
Сурет: ria.ru.