Жолаушыларды жалған нөмірлі автобуспен тасымалдаған жүргізуші анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
10 маусымнан бастап Жамбыл облысы аумағында «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Бірінші күні полицейлер жол қозғалысын қадағалау кезінде қоғамдық көлік жүргізушілері жасаған 131 жол ережесі бұзушылығын анықтаған.
«Полиция қызметкерлері «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолының 350-шақырымында Алматыдан Түркістан облысына бағыт алған жалған тіркеу нөмірлік белгімен «Yutong» қалааралық автобусты басқарған 49 жастағы жүргізушіні анықтады. Жолаушылар автобусы айып тұраққа қойылып, 36 жолаушы басқа автобуспен жеткізілді», делінген мәліметте.
Сот шешімімен құқық бұзушы екі тәулікке қамауға алынып, бір жылға жүргізуші куәлігінен айыру түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бірінші күні айып тұраққа барлығы 12 қоғамдық көлік қойылды.