«Бірлестік-2024» оқу-жаттығуы аясында әскери инфрақұрылым нысандары тексерілді. Іс-шара барысында Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары, генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров Ақтау өңірлік гарнизонының әскери бөлімдері мен мекемелерінде болды.
Инспекцияның басты мақсаты – әскери инфрақұрылым мен тиісті бөлімшелердің «Бірлестік-2024» халықаралық жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізуге, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан әскери контингенттерін қабылдауға дайындығын бағалау. Оқу-жаттығу «Оймаша» полигонында және Маңғыстау облысының Қарақия ауданындағы Тоқмақ мүйісінде өтеді. Онда қазірдің өзінде қажетті инфрақұрылым мен шатырлы лагерь дайын.
Қаныш Әбубәкіров Тоқмақ мүйісіндегі «Бірлестік-2024» оқу-жаттығуының негізгі эпизодтарының бірі өтетін нысанды көріп, шатырлы қалашықты, байқау мұнарасын, әскери-дипломатиялық корпус пен БАҚ өкілдерін орналастыруға арналған орындарды жайластыруға нұсқаулар берді.
Сондай-ақ ол «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің командалық пунктін, оқу-сүңгуір орталығын, Әскери-теңіз базасының кемелерді арқандап байлауға арналған пирстерін, «Жаңаөзен – Бейнеу» автокөлік жолының әуеайлақ учаскесін аралады. Бұған қоса генерал-лейтенант Ұлттық контингенттер штабының, казармалардың, шаруашылық жабдықтау пункттерінің, асханалар мен тұрмыстық қызмет көрсету далалық бөлмелерінің техникалық жай-күйін жіті тексерді. Электр қуатын беру, өрт қауіпсіздігі, медициналық және көліктік қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты нақты тапсырмалар берді.