«Құс табиғатына сай болуға ұшуы керек, балық жүзуі керек, ал адам сүюі керек. Сүюдің орнына қатыгездік танытса, адам құстың жүзгеніндей, балықтың ұшқанындай қисынсыз ғұмыр кешеді», дейді жазушы Лев Толстой.
Жақында Мәшһүр Жүсіптің жиырма томдығының бірінен «Махаббат туралы» деп жазылған риуаятты рисалаға көзім түсті. Ақын ғашық-мағшұқ арасындағы бейсаналы байланыс жайын сөз етіпті. Әуелі осы екі сөздің ара-жігін ажыратып алайық. Ғашық – түсінікті, ынтық, ынтызар жан. Ал мағұшық – әлгі ғашық назарының иесі. Жә, енді Мәшекеңе сөз берейік:
«Махаббат оты әуелі мағшұққа түседі. Сонан тұтанып, ғашыққа түседі. Солай болғаны үшін шам өзі жанады. Сонан соң пәруананы күйдіреді. Шам неге бірінші жанады? «Мені көріп пәруана келер ме екен?» деп».
Апырай, мына тағылымның тамыры тым тереңде ғой. Баба сөзін байыптайық. Сонда сүйіктіңіз туралы әгараки жақсы ойласаңыз, ол міндетті түрде оны сезеді екен және сізге де сондай ілтипат көрсетеді. Бірақ бұл әрекетінің сырын өзі де ұқпауы мүмкін.
Осыдан барлық адам арасындағы қарым-қатынас құпиясы шешіліп сала беретіндей. Ішіміз жыли қоймайтын адамды көре қалсақ, оның да сөзі қатқылдау, жүзі суықтау көрінетіні содан болар. Бірақ ол жанмен тіл қатып, араласып көрмеуіміз мүмкін. Бар мәселе – ойда.
Көңіл терезесін әркім өзі тазартады. Бұл – пенделік мүсініңнен кісілік келбетің қашалатын рухани еңбек. Адамдар тек өзін кемелдендіруге күш жұмсаса, айналасы да соған сай жақсара береді. Ілгерідегі ізгілердің насихаты осыған саяды.
«Гүлді ойласаң – гүлстансың, тікенді ойласаң – тікендісің».
Ойыма Румидің осы ғақлиясы орала берді...