• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Университет 13 Маусым, 2024

Абай университеті Түркістан облысында біліктілікті арттыру курстарын өткізді

80 рет
көрсетілді

Еліміздің жетекші педагогикалық жоғары оқу орны – Абай атындағы ҚазҰПУ Түркістан облысының жалпы білім беру мекемелерінің басшылары мен мұғалімдері үшін «Білім алушыларда пәндік, цифрлық құзыреттіліктерді, функционалдық сауаттылықты, икемді дағдыларды қалыптастыру» тақырыбында біліктілікті арттыру курсын өткізді.

Педагог кадрларының біліктілігі мен кәсіби құзыреттілігін арттыруды мақсат еткен курсты тыңдауға 8 мектептен 150-ден астам мұғалім келді.

Қауымдастырылған профессор Нұржамал Ошанова жүргізген курс жұмысына Амангүл Оракова, Азия Жұмабаева, Сәуле Әбішева, Нағима Ілиясова, Серік Иватов, Қалампыр Жұмағұлова және Шахислам Лайсханов сияқты білім беру саласындағы жетекші сарапшылар, ғылым докторлары, ғылым кандидаттары мен  университет профессорлары қатысты.

Панельдік сессияда 10-нан астам тақырып талқыланып, білім берудегі сапа менеджменті (TQM IS), белсенді оқыту әдістері арқылы функционалдық сауаттылықты дамыту, электронды цифрлық ортада орыс тілі мен әдебиеті оқулықтарын пайдалану, «4К моделі» және дискурстық талдау, мұғалімдер мен мектеп оқушыларының ғылыми-зерттеу жұмыстары, жаратылыстану пәндері бойынша метапәндік құзіреттіліктерді қалыптастыру, география мұғалімдеріне геоақпараттық білім беру мәселелері, білім беруде жасанды интеллекті (ЖИ) пайдалану, мектептегі ғылыми жобалардағы мәліметтерді талдауға қатысты тақырыптар қамтылды. Сонымен бірге лингвистикалық интерпретацияның оқыту әдістемесіндегі орны, ғылымды дамыту бойынша білім, мектепте қашықтықтан оқыту материалдарын пайдалану, цифрлық педагогика және педагогтың IT құзыреттілігі сияқты заманауи тақырыптар бойынша да лекциялар оқылды.  

Сарапшылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіби дағдылар мен білімді дамытудың негізгі факторларына тоқталса, қатысушылар педагогикалық практикасына енгізе алатын жаңа білімді, нақты әдістерді меңгеруге мүмкіндік алды. Аталмыш курстарда жыл соңына дейін мыңға жуық педагог біліктілігін арттыратын болады.

 

АЛМАТЫ