• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
«Таза Қазақстан» 14 Маусым, 2024

220 мың адам қатысқан акция

96 рет
көрсетілді

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы басталғалы бері өңірде 1170 сенбілік өткізіліп, оған 220 мың тұрғын қатысты. Жалпы алғанда, 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер, 816,6 мың шақырым каналдар мен арықтар тазаланып, 60 мыңға жетеғабыл көшет егілді.

Бұған дейін жазғанымыздай, өңірдегі 600-ден астам оқушының қоқыс қал­дық­­тарынан жасаған қолөнер бұйым­да­ры көрмеге қо­йылды. «Көне Тараз» этномәдени ке­шеніндегі көр­меге жинал­ған жұртшылық білім алушы­лар­дың өнерін жоғары ба­ға­­ла­ды. Сондай-ақ бірнеше жас ғалым­ның инновациялық жобасы да жұртшылық тарапынан қызы­ғу­шы­лық тудырды. Әсіресе қоқыс қалдықтарын өңдейтін зауыт жобасы мамандарды тәнті етті.

Жергілікті атқарушы билік та­рат­қан мәліметке жүгінсек, Тұрар Рысқұлов ауданында «Ең белсенді тұрғын», Шу ауданында «Ең үздік аула сыпырушы», Қордай ауда­нын­да «Ең үздік аула», Талас ауданында «Ең үздік көше» байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болды.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы бері өңірдегі ерікті жастар өз қалауымен бірқатар жұмыстың сапалы атқарылуына мұрындық болғанын айта кеткен ләзім.

Волонтерлердің белсенділігімен Тараз қаласындағы «Мамыр» сая­бағында санитарлық-тазалық жұмыс­тары жүргізілді. Сондай-ақ бастауын Қырғыз Республикасынан алатын Талас өзенінің бойы, Айша Бибі, Бауыржан Момышұлы көшелерінде аялдамаларды бояу мен жуу жұмыс­тары талапқа сай атқарылды.

Бұдан бөлек, Байзақ ауданының орталық саябағы, Жамбыл ауданын­дағы Айша бибі кесенесінің маңы, Қордай ауданының орталығы мен Меркі ауданындағы Сыпатай батыр, Сарысу ауданындағы Шоқай датқа кесенелерінің айналасы, Шу қаласындағы теміржолшылар сая­ба­ғында тазалық жұмыстары жүр­гіз­ілді.

Жергілікті атқарушы билік кел­­тірген дерекке сенсек, жыл со­ңына дейін жалғасатын науқанға жам­был­дықтар айрықша үлес қосуға дайын екен. Осы жылы өңірдегі жолдарды жөндеу жұмыстарына 23,1 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа 469,6 шақырым жол жөндеу жоспарланған.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында қолға алынған road-эстафетасына қатысушылар Жамбыл облысына да келді. Елорда төрінен келген топ мүшелерін жамбылдық бел­сенділер күтіп алды. Олар екі жүз шақырымнан астам жол бойында тазалық жұмыстарын жүргізіпті.

Жалпы, өңірді абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстарына 10,3 миллиард теңге қаражат бөлінген. Тұрғын үйлер мен жолдарды жөндеу, саябақтарды абаттандыру жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады.

 

Жамбыл облысы