• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
«Таза Қазақстан» 14 Маусым, 2024

Еріктілер еңбегі

70 рет
көрсетілді

Астанада «Amanat» партиясының бастамасымен бастау алған ауқымды «Таза Қазақстан» Road-эстафетасына Қарағанды облысы да қосылды. Елордадан шыққан еріктілер Осакаров ауданына жетіп, жол бойынан 4 сағаттың ішінде 13 тонна қоқыс жинады.

Одан соң Кеншілер қаласына келіп, қаланың орталық саябағында ән шырқалып, акция ерекше сипатта өрбіді. Саябақта серуен құрып жүрген қарағандылықтар бос бөтелкелер мен қалдық қоқыстарын арнайы сыйлыққа алмастырды.

Жалынды жастар шежірелі Шет ауданына да табан тіреп, бірқатар экологиялық іс-шараға қатысып, республикалық маңызы бар тасжолды қоқыстан тазартты.

Күні кеше Балқаш қаласына барды. Маршруттың жалпы ұзындығы 1200 шақырымнан асады. Оның біраз бөлігі Қарағанды облысында.

– Қарағандыдан бастап, Шет ауданы мен Балқашқа дейін біздің 250-ден астам ерікті эстафетаға қатысып жүр. Эстафетаның ең ұзын шақырымы, яғни 700 шақырымы Қарағанды облысына тиесілі. Біз әрмен қарай эстафета жалауын Жамбыл облысына тапсырамыз, – дейді «Amanat» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков.

Жолға шыққан еріктілер тек жол бойын ғана емес, автотұрақтар мен кемпингтерді де қоқыс қалдықтарынан тазартады. Еріктілер квадрокоптерлерді пайдалана отырып, аэробарлау арқылы қай жерде қоқыстың көбін аңғарып алады. Жиналған қалдықтар қоқыс полигондарына тасылып, қажет деген бөліктерін қайта өңдеуге жөнелтеді.

Осы апта ішінде жас белсенділер мен «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері «Астана – Алматы» тасжолы бойының аумағын тазартады.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына бағытталған бұл эстафета Алматыға дейін жалғасады.

Мұның арқасында күрежолдың жиектері мен автотұрақтар, аялдамалар тазарады. Жол тазалығына жанашырлық танытқан сан жүздеген жас еріктілер республикалық акцияға осылай үлес қосып жүр.

 

Қарағанды облысы