• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Құқық 13 Маусым, 2024

Апатқа ұрындырған асығыстық

154 рет
көрсетілді

Атырау облысында 1 ақпанда «Кибер Шериф» ақпараттық борттық бағдар­ла­масы іске қосылған еді. Патрульдік полиция ротасының қызметкерлеріне осы бағдарлама орнатылған 28 арнайы көлік берілді. Қазір тәртіп сақшылары көліктермен жолдағы қауіпсіздікті қадағалап жүр.

Облыстық полиция депар­та­менті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жүр­гізу­шілер тарапынан күре жолда жыл­дамдықты шамадан тыс асыру дерегі азаймай отыр. Мәселен, төрт айда 39 мыңнан астам жүргізушінің жылдамдықты шектен асырғаны тіркеліп отыр. Оның ішінде 16 мыңнан астам жүргізуші сағатына 130-дан 180-ге дейінгі жылдамдықпен жүйткігені анықталыпты. Сондай-ақ 107 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 23 адам қаза тапқан. Ал 6 мамырдан бері біржолақты жолды кесіп өткен 42 жүргізуші 6 айға көлік жүргізу құқығынан айырылған.

Жолда жүру ережесін бұзу­шы­лар қатарында мопед жүргізушілер де бар. Қос дөңгелекті көлікті тіз­гіндегендердің дені – жастар. Тіпті кейбірінің құжаты да жоқ. Атырау облыстық жергілікті полиция басқармасының басшысы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаевтың мәліметінше, мопед жүргізушілері жыл басынан бері 371 рет жол ережесін бұзған.

«Мопед жүргізушілерінің жол ережесін бұзу дерегіне талдау жасалды. Талдауға сәйкес олардың басым бөлігі жылдамдықты шамадан тыс асырады. Алдындағы көлікті басып озуға ұмтылады. Тіпті бағдаршамның қызыл түсіне тоқтамай өтіп кетеді. Осындай себептермен мопед жүргізушілерінің кінәсінен 17 жол-көлік оқиғасы тіркелді», дейді Е.Биғамбаев.

Полиция полковнигінің мәлім­­деуінше, 12 жасөспірімнің құжат­сыз мотокөлікті жүр­гізгені анықталған. Мотокөлік жүргі­зу­ші­лері ұшыраған жол апатынан 25 адам түрлі дене жарақатын алып, 1 адам қаза тапқан.

«Мәселен, Қызылқоға ауда­нының Мұқыр ауылында рұқсат құжатынсыз мотокөлікті жүр­гізген 19 жастағы студент төрт жасар баланы қағып құлатқан. Басынан жарақат алған балақай ауруханаға жеткізілді. Ол әлі күнге дейін дәрігерлердің бақылауында. Ал 17 жастағы бозбала мопедпен 16 жастағы бойжеткенді қағып, оқиға орнынан қашып кетті. Патрульдік полиция қызметкерлері аталған мопедтің қай бағытта бара жат­қанын анықтап, тоқтатуға тырысты. Алайда жасөспірім заңды талаптарды орындамады. Сол себептен патрульдік полицейлер оны мәжбүрлі түрде тоқтатты», дейді Е.Биғамбаев.

Полиция департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Аманжол Жұма­лиевтің айтуынша, бір аптада 7 жол апаты тіркелген. Жол-көлік оқи­ғасының салдарынан 6 адам қаза тауып, тағы үшеуі ауыр дене жара­қатын алған. Мәселен, 16 мамыр ­күні республикалық маңызы бар «Атырау – Ақтөбе – Астрахан» тасжолының 795-шақырымы тұсында «Lexus» автокөлігі бірнеше рет аударылған. Бұған себеп – 1987 жылғы жүргізушісінің рульге ие бола алмағаны.

«Дәл осы жол апатынан 3 адам жан­тәсілім етті. Екі жолаушы жара­қат алды. Ал 18 мамырда аталған жолдың 571-шақы­рымында 61 жастағы жүргізушісі «Tank-500» автокөлігімен жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды. Индер ауданының Бөдене ауылында 16 жастағы жасөспірім мотокөлік жүргізушісі жаяу келе жатқан құрдасын қаққан. Салдарынан жасөспірім оқиға орнында көз жұмды. Ал 19 мамыр күні Индербор кентінде 37 жастағы жігіт есепте жоқ мотокөлікпен кедергіге соғылып, қайтыс болды», дейді А.Жұмалиев.

Жүргізушілердің арасында жол ережесін бұзғанымен қой­май, айыппұлын төлеуді «ұмы­тып» кететіні де бар. Сондай борыш­кер­дің бірі 27 мамырда ұсталды.

«Күндізгі сағат 16.20 шамасында жедел басқару орта­лы­ғының қызметкерлері Қ.Сәтбаев-И.Тайманов көше­ле­рі­нің қиы­лы­сында «Nissan» автокөлігін тоқ­тат­ты. Патрульдік полиция батальоны қыз­меткерлерінің тексеруі кезінде көлік жүр­гізушісінің 3 млн 771 мың теңге айыппұлын төлемей жүргені анықталды. 46 жастағы азамат көлік жүргізу құқығынан айы­рыл­ғанына қарамастан, рульге отырған. Оған қатысты Әкім­ші­лік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабының 3-бөлі­гі­мен әкімшілік хаттама толтырылды», деп хабар­лады қалалық поли­ция басқармасынан.

Полиция қызметкерлері жи­нақ­талған іс құжаттарын маман­дан­дырылған әкімшілік сотқа жол­дады. Ал автокөлік айып тұрағына қойылды.

 

Атырау облысы