Қостанай индустриялық-педагогикалық колледжінің 2-курс студенті Роман Говако еріктілерге арналған мобильді қосымша жасап шығарды. Қосымша жастардың түрлі волонтерлік жобаны іздеп тауып, оларға тіркелуіне септігін тигізеді. Сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың еріктілердің жұмысын басқаруына, үйлестіруіне көмектеседі.
«Біз ойлап тапқан қосымша жастарды волонтерлік қозғалыстарға қатысуға ынталандырады және бүкіл үдерістің ашықтығы мен әрбір ерікті үшін түсінікті болуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар еріктілер жұмысын автоматтандырып, басқаруға тиімді әрі ұйымдастыруға қолайлы етеді», дейді Роман Говако.
Жас өнертапқыш қосымшасын ұстазы Гүлнар Бейбітқалиқызының көмегімен өңірдегі су тасқынына қарсы іс-шаралар кезінде сынақтан өткізіп көрген. «Сынақ қорытындысында қосымша өте тиімді екенін танытты», дейді жоба жетекшісі.
Мобильді қосымша әр еріктінің неше сағат жұмыс істегенін, қандай жұмыс атқарғанын автоматты түрде есептеп отырады, есептеу мен есеп беру үдерістерін жеңілдетеді. Басқаша айтқанда, еріктілер өздері атқарып жатқан жұмыстың көлемін қадағалай алады, ал қоғамдық ұйымдар қандай да бір игі істі атқарысуға атсалысып жатқан волонтерлерді тиімді басқарып, олардың жұмысын бағалай алады. Қосымша жадына сақталған мәліметтер кейін еріктілердің тұрақты жұмысқа орналасуына көмектесетін портфолиоға айналады.
«Қосымшаның көмегімен еріктілер өз жұмыстарын оңай қадағалап, ұйымдастырушылармен үздіксіз байланыста болады. Қоғамдық ұйымдар да жұмыстарын сапалы жоспарлап, үйлестіре алады. Яғни еріктілер мен ұйымдардың бірлескен іс-шараларының сапалы өтуіне жол ашады, бұл өз кезегінде еріктілер қозғалысының дамуына ықпал етеді», дейді жоба жетекшісі Гүлнар Бейбітқалиқызы.
Қостанай облысы