• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 13 Маусым, 2024

Жанат Чайкина: Жанарымда жасырынған мұңды көрді

145 рет
көрсетілді

Сұлулар... Арулар... Бикештер... Ханымдар... Сан қилы жанр мен алуан амплуада өзін еркін сынай білген біздің бүгінгі кейіпкеріміз жартығасырлық сахнадағы ғұмырында соңынан сәулелі із, өрісті өнеге қалдыра білді. Әлі де бабында. Театрдағы түрлі бейнелер Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жанат Чайкинаның сомдауына санаға сілкініс, көңілге көктем орнатып келеді. Ал актрисаның жансарайын жарып шыққан әсерлі әңгімесі одан да әдемі.

Актриса айтады: – Әртіс адам үшін сахна деген – күллі әлем. Онда дүниенің бар қы­зығы жатқандай сезіледі кейде. Сондықтан да рөлсіз жү­ріп қалсақ, аздап ауырып қа­ла­тынымыз рас. Бірақ мен бар­лығы үшін шүкір деймін. Арманымдағы рөлдің барлығын дерлік сахнада сөйлету мүмкіндігі бұйырды. Қазір де рөлден кенде емеспін, бұйырғанын ойнап келеміз. Өзің де көрген боларсың, жақында маған арнап өзімнің – 70, сахналық ғұмырымның 50 жылдығына орай режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов ита­лиялық драматург Эдуардо де Филиппоның «Әйел құпиясы» лирикалық драмасын қойды. Оқыған адамдар біледі, жалпы, пьесаның түпнұсқасындағы оқиға желісі ұлтымыздың мен­талитетінен алшақтау ғой. Сондықтан болар, режиссер шығарманы алғаш ұсынғанда «Дәл осы қалпында қойсақ, көрермен түсініп, қабылдай қояр ма екен?» деген де іштей күмәнға толы ой болды. Бірақ Болат Қасымжанұлы спектакль сюжетін бүгінгі заманға лайықтап қоятындығын, басты планға ана мен бала арасындағы ұлы сезім шығатындығын жеткізгенде, іштегі күмән бірден сейілді. Дайындыққа кірісіп кеттік. Төрт айға созылған тыңғылықты дайындықтан соң «Әйел құпиясын» көрермендерімізге ұсы­нып та үлгердік. Жылы қабылданған сияқты. Режиссер уәде еткендей, біздің қойылым бала­ларының болашағы үшін жанын берген ана туралы болып шықты. Себебі ана баласын қандай болса да жақсы көреді. Олардың өскенде жақсы өмір сүргенін, сапалы білім алғанын қалайды. Сол жолда бойындағы барын сарп етуге әзір ғой әзиз жүрек иесі. Одан бөлек жүрек мәселесі, махаббат туралы да толғандық. Сол арқылы бүгінгі қоғамды, ер мен әйел арасындағы қарым-қатынас құндылықтарын көрсетуге ұмтылдық. Жалпы, психологиялық рөлдің қай-қайсысы да актерді өсіреді ғой. Осы жасымда сараптаған кейіп­керім Филумена Мар­ту­раноның орны мен үшін бір төбе болғаны анық. Себебі мен де жар болдым, бүгінде үш бірдей қыздың анасымын, тәп-тәтті немерелерімнің әжесімін. Сондықтан да Фи­луменамен бірден «тіл табыс­тым». Бойымдағы балаларыма деген бар махаббатты осы қойылым арқылы көрсетуге күш салдым. Оны талғампаз көрермен де сезген сияқты. Жылы қабылдап, толассыз ықыласын жаудырғанын көріп, көңілім жайланды.

Мен ойладым: Белгілі теат­р сыншысы, ұстазымыз Әшір­бек Сығай айтып кеткен­дей, «Оның суреткерлік мәне­рі, шы­ғармашылық стилі Х.Бөкее­ва­ны еске салып өтердей. Еуро­палық, шығыстық сахналық мәдениетті қатар иегеруге деген талпыныс-талабы бірден-ақ көзге ұрады. Ішпен сезіну, егіліп ойнау, актерлік парасат пен биік мәдениет қағидаларын бойына табиғи сезіну қасиеттері – Жанаттың ең-ең қымбат ұстанымдары. Иә, Жанат Чайкина жай есім емес». Оның айқын айғағы актриса сахнадағы жартығасырлық сындарлы ғұмырында қазақ театр өнеріне М.Әуезовтің «Қарагөз» – Қарагөз, «Абай» – Мағыш, «Хан Кене» – Қарашаш, «Түнгі сарын» – Жүзтайлақ, «Ай­ман – Шолпан» – Шолпан, Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» – Баян, «Ақан сері – Ақтоқты» – Ақтоқты, Б.Майлин «Шұ­ғаның белгісі» – Шұға, А.Чехов «Ваня ағай» – Соня, «Шағала» – Заречная, У.Шекспир «Асауға тұсау» – Катарина, «Лир Патша» – Корделия мен Шут, «Сонеттері» – Ақын, Ф.Шиллер «Мария Стюарт» – Ма­рия Стюарт, Еврипид «Ме­дея» – Медея, Ш.Айтматов «Ана – Жер-Ана» – Жер-Ана, А.Ца­гарели «Гамарджоба» – Ханума, Ж.Шевре «Ізгілік формуласы» – Жанн, Э.Шмитт «Хат» – Роза әжей, Э.Филиппо «Әйел құпиясы» – Филумена Мартурано сынды шоқтығы биік кейіпкерлерді сыйлады. Жанат Чайкина сомдаған сұлу лирикалық кейіпкерлері арқылы рухы күшті әйел затының, ар­дақты аналар бейнесінің ең аяу­лы мінез-қасиеттерімен қатар, адамның дара тұлғалығы, аза­маттық рухтың биіктігі, махаб­баттың құдіреттілігі ерекше жарқырай көрінеді. Жас шамалары, түсінік-түйсіктері әр деңгейлі болғанымен, бұл кейіпкерлердің барлығы соңында келіп Ана деген ұғымның аясынан пана табар еді».

Актриса айтады: – Мен үшін Ана сөзінің орны қашанда биік. Осы жасқа келсем де мына әлем тұтастай ана махаббатынан жаратылғандай сезінетінім де бар кейде. Ол – мен үшін бітпейтін, сарқылмайтын са­ғыныш. Сондықтан болар, маған бұйырған қандай рөлді де Ана деген парасат биігінен сараптауға тырыстым. Себебі мен ана махаббатынан нәр алып, анамның ақ батасымен көгерген жанмын. Олай дейтінім, әкем Аңсабай Шайқыұлы қанша балажан, мейірімді болғанымен, ол кісіге ұл-қыздарының өсіп-өнгенін, рахатын көруді жазбаған екен. Менің үш жасқа толар-толмас шағымда әкем Аңсабай небәрі 44 жасында дүниеден өтті. Аяқасты ауырып, сәтсіз жасалған операция­дан кейін кенеттен көз жұмды. Әкемнің бейнесі маған тек фотосуреттерден ғана таныс: ұзын бойлы, дене бітімі жинақы, ат жақты, қара торы, қою шашын төгілте артқа қайырған келбетті адам екен. Әкемнің көзін көргендер: «Аңсабайдан аумайсың» дейтін үнемі. Сенесіз бе, мен үшін бұл өмірде одан асқан мақтау болмапты. Ал анам Мақпуза Ыбырайқызы 32 жасында шиеттей алты баласын құшақтап, жесір қалды. Сонда кенже бауырым Самат екі жаста екен. Анам жас кезінде өте көрікті болыпты. Орта бойлы, талдырмаш келген келісті мүсін, аппақ сүттей сұлу ажар, тілерсекке түскен ұзын қою қара шаш көрген жанның көңілін тойдырғандай-ақ екен. Тағдырдың алдымыздан тосқан небір тауқыметіне қарамастан, анам ер адамға бергісіз қайсарлық көрсетіп, барлығымызды өсіріп, аяқтандырды. Әрқайсымыз бүгінде өмірден өз жолымызды тауып, адам қатарына қосылсақ, ол да сол аяулы анамның бар жастық өмірін біздің бақытты балалығымыздың жолына қиған қайсарлығы деп білемін. Осы күнге дейін менен «Фамилияңыз неге Чайкина?!» деп сұраушылар көп. Сіздің де көкейіңізде осы сұрақ тұрғанын көзіңізден оқып тұрмын (күлді). Әрине, қазақ­тың қара торы қызының орыс фамилиясында болғаны әрі ерсі, әрі қызық шығар. Тіпті жас кезімде орыс көршілеріміз Жа­нат емес, Лиза Чайкина деп атай­тын. Себебі Кеңес одағында сондай батыр қыз өткен екен. Жастау кезімде асығып тұрған уақытта «Күйеуім орыс» деп құжаттарымды алып, жүгіріп кететінмін. Шын мәнінде, олай емес, әрине. Әкем орыстардың арасында өсті, қызмет бабында да үнемі орыстармен араласқан соң Шайқы деген есімді Чайкин деп ауыстырып, сол құжат бо­йын­ша туған біз осылай аталып кетіппіз. Міне, Чайкина атануымның бар құпиясы осы ғана. Әрине, бүгінгі таңда әкемнің сол кездегі шешімін мақұлдау оңай емес, бірақ біз де есейген шағымызда құжатымызды өзгертпедік. Тұрмысқа шыққанда да барлығымыз анамның тілегі бойынша өз фамилиямызда қала бердік. Өйткені бұл тек өте қысқа да әдемі, әуенді де сирек кездесетін, адамның есінде бірден жатталатын және ең бас­тысы – әкемізден қалған ең аяулы құндылық.

Мен ойладым: «1954 жылдың 14 маусымында Павлодар облы­сының Ертіс ауданында өмірге келген болашақ өнер иесі ес білгелі өмірін өнермен тоғыстырған. Ән салды, әдемі боп әлемге көзін ашты. Әйгілі әнші болуды армандады. Сондықтан да Жанатты бала кезден бәрі тез таныды. Сабақты жақсы оқитын, үсті-басы мұнтаздай, тап-тұйнақтай тақылдаған қара қыз болып өсті. Бірде анасы ойнап жүрген қызын шақырып алып: «Павлодар деген үлкен қалада әдемі, кең мектеп салыныпты. Онда пианино мен ән-би үйретеді. Бірақ ол мектепте жатып оқу керек, ба­расың ба?» дегенде, жеті жас­тағы Жанат: «Барамын!» деп жауап береді қызығушылығы мен қорқынышы аралас. Ин­тернатта оқыған жылдары мектептегі үйірмелерге белсене қатысып, көптің сүйіспеншілігіне бөленген бойжеткеннің өмірін бірде Алматыдан арнайы келген қонақтар бір-ақ сәтте өзгертіп жіберді. Жанары оттай жанған сұлу қыздың алдағы тағдырын сахнадан көрген көреген ұстаз Рабиға Қаныбаева жалындаған Жанатты Алматыға өзімен бірге ертіп әкетеді. Міне, осы сәттен бастап Ертістің еркесі Алатаудың аруына айналып шыға келеді. Осылайша, әнші болам деп Алматыға аттанған бойжеткен консерваториядан бір-ақ шықты. Актер деген не мамандық? Ол кім болып шығады? Қайда істейді? Онда кімдер сабақ береді? Білмеген... Тек бар ұққаны – кейін оқуын бітіргенде киноға түсуі мүмкін. Бойжеткенге ұнағаны осы ғана. Киноға түсу. Өйткені ол кино көргенді, әсіресе үнді фильмдерін тамашалағанды жақсы көретін. Тағдырдың тартуы шығар, осылайша арманын арқалап Алматыға жеткен жас қыз сәті түсіп, Қазақстанның Халық әртісі Шолпан Жандарбекованың курсына қабылданады».

Актриса айтады: – Иә, бұл бір қызық жағдай болған. Сол кездегі корей-ұйғыр театрының ғимаратында бейтаныс бір пианиспен әндерімізді бір рет қайталап алып, обылыстан келген жастар өз өнерлерін комиссия мүшелеріне кезекпен көрсете бастады. Кезек маған да келді. Баянға ғана үйреніп алған мен пианистің сүйемелдеуіне дұрыс ілесе алмай, бір әнімді ғана айтып шықтым. «Бәрін құрттым-ау» деп өз-өзіме ыза болып, қатты қынжылдым. Емтихан нәтжесі оқыла бастады. Бір кезде: «Чайкина Жанат, сен Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының актерлік факультетіне оқуға жіберілесің» деді. Есім кіресілі-шығасылы. Актриса болам ба? Ешуақытта басыма келмеген ой. Не қуа­нарымды, не ренжірімді білмей аң-таңмын. Біздің курстың жетекшісі Қазақстанның Халық әртісі Шолпан Жандарбекова екен. Мен алғашында киноға түсетін әртістің оқуы десем, келгенім – театр факультеті болып шықты. «Несі бар, теа­тр­да ән-би, қимыл-қозғалыс, рөл ойнау – бәрі бар ғой» деп, бір-бірімізді жұбатқандай кеңес беріп, алдағы болатын емтихандарға дайындықты бас­тап кеттік. Жетпіске жуық талапкердің ішінен 12 жігіт, 5-ақ қыз оқуға қабылдандық. Соңғы емтиханда ғана Шолпан апаймен алғаш рет жүздестік. Актерлік шеберлік сынағына апай өзі қатысып, бізді таңдап алды. Ол кезде Шолпан апайдың сахнадағы шеберлігінен хабарымыз жоқ, тек киген киімі, жүріс-тұрысы, әдемі саусақтары мен хош исі, айтқан сөзі бізді ерекше еліктірді. Кейін театрға барып, ұстазымыздың ойынын көргенде көпке дейін алған әсерімізден шыға алмадық. Осылайша, сахна сиқырына арбалып, «эстрада әншісі боламын» деген арманым бірте-бірте ұмытыла бастады. Бұл өнер сатысы әнші болудан әлдеқайда биік, әлдеқайда терең сияқты көрінді сонда. Өнер мен мәдениеттің, эстетика мен этиканың, психология мен философияның қыр-сырына, қатпарларына үңілеміз деп төрт жылдың қалай зу ете қалғанын да аңғармай қалыппыз. Бұл төрт жыл – менің өмірімді өзгерткен, өнер туралы жайдақ түсінігіме үлкен төңкеріс әкелген табысты кезең болды. Осы үшін де бойымдағы талантты танып, театрға бағыттаған көреген жан Қазақстанның Халық әртісі, профессор Рабиға Қаныбаеваға, аңыз актриса Шолпан Жандарбекова бастаған ұлағатты ұстаздарыма алғысым шексіз.

Мен ойладым: «Жолында жақсы жандар жолығып, өнер­дегі бағытын адаспай тапқан Аңсабайдың алғыр қызы курс­тастарымен бірге дипломдарын қолына ала салып, бірден Талдықорғандағы жаңадан ашылған театрдың көсегесін көгертуге аттанады. Бұл театр Жанат үшін жемісті болды. Мен деген актрисалар армандайтын небір рөлдер Чайкинаның маңдайына бұйырды. Небір талантты режиссерлер келіп, Талдықорған театрына спектакль қойды. Солардың қатарында Әзірбайжан Мәмбетов те бар. Суреткер жаңа театрдың жас актерлерін іріктеп алып, «Асауға тұсауға» дайындады. Көп ішінен көзге түскен Жанатты режиссер Катарина рөліне бекітті. Мұн­дай кесек бейнелер, жо­ғарыда тізбелеп өткеніміздей, актрисаның шығармашылық қоржынында мол. Олардың қа­тарында – Еңлік, Нина Заречная, Медея, Корделия, Торғын сынды ойлы да терең образдар мол. Жалпы, Жанат Чайкинаның шығармашылық жолын үш үлкен кезеңге бөлуге болады. Алғашқысы – Талдықорған театрындағы 15 жылға созылған табысты кезең болса, келесісі – актрисаның туған жері Кереку театрындағы жемісті жылдар. Ал үшінші кезең – бас қаламыздың төріндегі бас театр Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музы­калық драма театрында табысты жалғасып жатыр. Қай театрда қызмет етпесін, киелі сахнаға деген адалдығын өзге байлық пен атаққа айырбастамаған актриса өнердегі өрісті жолын өскелең ұрпаққа өнегелі етсем деген арманын да айтып қалды сөз арасында».

Актриса айтады: – Қай театр­да қызмет етпейін, мен үшін актрисадан бұрын, адам ретіндегі арымның тазалығы маңызды болды. Жақсы әртістен бұрын ең әуелі жақсы адам болсам дедім. Сол ниетіме сай Алла Та­ғала жолыма да жақсы адамдарды жолықтырған болар. Өнер тудырған үш театрмның да менің өмірімнен, шығармашылық жолымнан алар орны үлкен. Әрқайсысы бір-бір мектеп болды десем, қателеспеймін. Әсіресе Талдықорған театрының тағдырымызға берген тартуы мол. Әлі есімде, екінші курстың аяғында біздің курстың сту­денттері шетінен тұрмысқа шыға бастады. Алдымен Ажар құрбымыз КСРО Халық әртісі Хадиша Бөкееваның курсында оқитын Тұңғышбайға, одан кейін мен сол курстың сту­денті Секербекке, Алмахан Кен­жебекова өз курстасымыз Кен­дебайға, ал Жібек Лебаева Сағат Жылгелдиевке тұрмысқа шықты. Барлығымыз студенттік жылдарда отбасын құра жүріп, өнерімізді тұралатқан жоқпыз. Оқуымызды да ойдағыдай тә­мамдап, театрдағы рөлдерімізді ойнадық. Бәріне үлгердік. Осы театрда жүріп «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағын алдым. Сондықтан да Талдықорған театрының тағдырымнан алар орны үлкен. Әсіресе 1975 жыл­дың 4 қарашасында театрдың шымылдығын Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш– Баян сұлу» қойлымымен ашқанымызда, 21 жастағы мен Баянның анасы Күнікейді, ал ұстазым Шол­пан Жандарбекова Қозының шешесі Мақпалды ойнағандағы толқынысты һәм өзім үшін өнердегі ең бір өнегелі тәжірибені еш ұмыта алмаспын. Соңғы сахнада қос ана Мақпал мен Күнекей қос қарашығын жоқтап, Қодарға қарғыс айтып зарын төгеді. Мен өзімді қанша ұстайын десем де, тәжірибесіз жас емеспін бе, шынымен жылап қоя беремін. Ал Шолпан апайға қарасам, дауысы сондай зарлы, ал көзінен жас көрінбейтін сияқты. «Техника деген осы екен ғой» деймін ішімнен. Әр спектакльде таусылып жыласа актрисаның несі қалады? «Сен өзің жылама, көрерменді жылат» деген сөз осыдан шыққан болар... Сол кездегі бас режиссеріміз Мұхтар Қамбаровтың спектакльден кейін Шолпан апайға: «Шәкіртіңіз сізден басымырақ ойнаған сияқты» деген әзіліне: «Дұрыс, солай болуы керек. Ұстаздан шәкірт озса, міне, ең­бектің ақталғаны сол» деген еді мақтанышпен. Мен үшін бұдан асқан баға жоқ.

Мен ойладым: «Актриса тек театр саласында ғана емес, кино әлемінде де келісті кейіп­керлерді кемеліне келтіре кейіп­теді. Соның бірі – Серік Жар­мұхамедов түсірген әйгілі «Өтел­меген парыз» фильмі болса, екіншісі – Желтоқсан оқиғасына байланысты таспаланған режиссер, Қазақстанның Халық әртісі Талғат Теменовтің «Қызғыш құс» картинасы. Сонда актрисаның шеберлігіне тәнті болған кеңес киносының аңызы Нонна Мордюкова режиссерге: «Жанна какая прелесть! Талантливая, красивая. Ей надо по-больше сниматься... Она... она красавица» деп тамсаныпты. Шынымен де Жанат Аңсабайқызының бойында нағыз әртіске тән әдемілік пен нәзіктік, зиялылық бар. Тек сол сұлулықты Нона Мордюкова айтпақшы, режиссерлердің қырағы көзі қалт жіберіп алғаны өкінтеді. Әйтпесе, «небір ойлы бейнелер Жанат Чайкинаның кейіптеуінде өзгеше өре биігіне көтерілер ме еді...» деген ой тұрады үнемі көкейде».

Актриса айтады: Менің өнерге еш өкпем жоқ. Шүкір, бақытты актрисамын. Бойымдағы барыма, талантыма сай өнер тудырдым, сахнада өмір сүрдім. Кино әлеміндегі тәжірибелерім де тағылымымен құнды. Әсіресе «Өтелмеген парыз» фильмін­дегі құбылыс актер Әнуар Молдабековпен бірге ойнауым – шығармашылығымдағы ең бір жарқын сәттердің бірі деп есептеймін. 1984 жылы «Өтел­меген парыз» түсірілетін болып, іріктеуден өттім. Кино­сынақты белгілі киноактер, режиссер Бәйтен Омаровпен өтіп, рөлге тағайындалдым да, біраздан кейін түсірілімге шақырылдым. Алматыға қайта келсем, басты рөлде Бәйтен аға емес, Әнуар Молдабеков екен. Қатты толқыдым әрі бір жағынан қуандым да. Фильмде менің екі-ақ көрінісім бар. Бірі – Досхан Жолжақсыновпен, екіншісі – Әнуар ағамен. Екеуі де біраз фильмге түсіп, сахнада да, экранда да майталман атанған көременнің сүйікті ак­терлері. Толқу да, қорқу да болды әрине. Олармен сөйлеспей, алыстау ағаштардың арасында жүріп дайындалатын болдым. Бағымызға орай, фильм сәтті шықты. Жастарға берер тәрбиелік мәні өте зор. Әнуар ағаның ірі пландағы көзін көргенде шынымен таңғаласың! Шеберлік деген осындай болса керек! Кейін де Талдықорған театрына келіп, спектакльдерімді көріп, жылы лебізін, қамқорлығын білдіріп жүрді. Сондай қарапайым жан болатын, жарықтық. «Өтелмеген парыздың» түсірілгеніне биыл міне тура 40 жыл болыпты. Арада сонша жыл өтсе де, фильм әлі теледидардан түскен емес. Көрерменнің қайталап көру­ден жалықпайтын сүйікті киноларының бірі. Фильм режиссері Серік Жармұханбетов киноның түсірілім жұмыстары туралы кезінде «Жас Алаш» газетіне сұхбат берді. Сонда журналистің «Актерлер қалай іріктелді? Неге Чайкина?» деген сұрағына: «Чай­кинаның көзінде үнемі мұң тұратын. Жәбірленушілік бар. Бет жыртысу сияқты үлкен қылықтарға бара қоймайды» деп жауап қайтарыпты. «Жанарыңда мұң бар сенің» деген сөзді бас­қалардан да жиі естідім... Ал оның жұмбағын өзім де әлі шешкен жоқпын...

 

Әңгімелескен –

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»