Тау туризмі – дұрыс игере білсек, игілігі көп сала. Дәл қазір әлем елдері тау-қыраттардың тазалығына ерекше мән беріп отыр. Біздің елімізде де бұл мәселе өзекті. Әсіресе туристер көп баратын қыраттағы қоқыстың көптігі тау биігімен таласа бастады.
Дүниенің тылсым сырларын біздің бабаларымыз да терең түсінгенін тәмсіл сөздеріне қарап білуге болады. «Дін де, ғылым да, әулиелік те қазақтың тілінде тұр» деп Мәшһүр Жүсіп атамыз бекер айтпаса керек-ті. Өйткені қазақта «Бұланнан биік аң жоқ, Бұланайдан биік тау жоқ» деген сөз бар. Сол ең биік Бұланай (Гималай) Непал елінің аумағында. Бұл елдің солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай екі қатар тау жотасы созылып жатыр, арасында үлкен аңғарлар мен қазаншұңқырлар бар. Ал солтүстік және шығыс шекараларында әлемдегі ең биік Эверест (8848 м) пен Канченджанга (8585 м) шыңдары тұр. Бұл тауларға жыл сайын әлемнің әр түкпірінен мыңдаған таушы мен саяхатшы барады. Таулар тылсымға толы. Оны тіпті «ажал аңғары» дейтіндер де бар, өйткені талай таушы табанынан таусылған, сөйтіп алып таулардың аңғарында мәңгілікке қалып қойғандар да көп (1992 жылдан қазірге дейін 400-ге жуық адам қайтпай қалған деген дерек бар). «Асқар тау, сенің бір мінің бар» демекші, әлемдегі ең биік, адам аяғы жетпес тау бола тұра, әлемдегі ең лас тау да осы Гималай болып тұр. Сол себепті мамандар бұл тауды «әлемдегі ең биік қоқыс полигоны» болып барады деп дабыл қағып жатыр. Өйткені тау шыңдары оттегі баллондары, жыртылған шатыр, арқан, сынған баспалдақ, полиэтилен пакет, бөтелке, консервінің үйіндісіне айналған.
Осыған орай «The Himalayan Cleanup» қозғалысы 2018 жылдан бері әлемнің 50-ге жуық экологиялық ұйымдарымен бірлесіп, тау тазалығына аса мән бере бастады. Оған әлемнің ерікті азаматтары жұмылдырылады. Оның ішінде біздің елдің де еріктілері бар (14 ерікті қатысқан).
2018 жылдан бастап Непал елінің армиясы Гималай тауларында бес рет тазалық жұмыстарын жүргізді. Осы уақыт аралығында 119 тонна қоқыс, 14 мәйіт және адамның қаңқа сүйектері жиналған. Ал биыл төрт адамның мәйіті, бірнеше қаңқа және 11 тонна қоқыс шыққан. Сарапшылардың пікірінше, Эвересте әлі 200-ден аса адам мәйіті мен 50 тонна қоқыс бар деседі.
Биыл Непал билігі альпинистерді іздеу және қоқыс тазалау жұмыстарын күшейтті. Олар туристер мен альпинистерге бақылау құрылғыларын орнатып, қоқысты жоғарыдан әскери тікұшақпен алып кетуді (тазалауды) қолға алды. Непал туризм департаментінің альпинизм жөніндегі директоры Ракеш Гурунг бұл мәселені шешуге арнайы бақылаушы топ құруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
2024 жылы мамыр айында аяқталған көктемгі альпинизмге Непал үкіметі шыңға шықпақ болғандардың 421-іне рұқсат берген. Өйткені биыл Непалдың Жоғары соты Эвереске шыққысы келетін таушылардың лицензия санын азайтты. The Daily Star дерегіне сәйкес, биыл Эвереске 600-дей таушы көтерілген. Оның сегізі қаза тапты, оған қоса із-түзсіз жоғалып кеткендері де бар.
Жалпы, тауға тазалық жүргізудің қиындығын шендестіретін теңеу жоқ. Оған техника мен мол адам күші қажет етілетіні белгілі. Өйткені Гималай шыңдарының климаты әркелкі. Әдетте альпинистер жоғарыға көтерілген кезде жер сілкінісі, су тасқыны, қар көшкіні секілді табиғи кедергілерге тап болады. Таудың жоғары бөлігінде оттегінің жетіспеушілігі мен желдің қатты соғуы талай таушының өмірін қиды.
Осы жайттарды ескере отырып, ерікті тазалаушылардың жұмысын жеңілдету мақсатында 2014 жылдан бастап Непал тарапы базалық лагерьден (5 300 м) жоғары көтерілген әрбір альпинист таудан кемінде 8 кило қоқыс шығаруы керек деген талап енгізді. Ал Қытай тарапы – тауда адам мәйітін көбейтпес үшін кәсіпқой емес таушыларға (Эвереске шығуға) лицензия бермейтін болды.
Тау тазалығы дегенде, өз еліміздегі таулардың да жайы еске түседі. Тіпті бізде тау туризмі деген арнайы сала барын біреу білсе, біреу біле бермес. Еліміздің биік шыңдары – Хан Тәңірі (6995 м), Меридиан жотасы (6276 м), Талғар шыңы (4973 м), Шоқтал тауы (Күнгей Алатау 4770 м), Бесақан тауы (4622 м), Іле Алатауы (4600 м), Мұзтау шыңы (Алтай тауы (4506 м), Манас шыңы (Талас (4482 м), Сауыр тауы (3818 м). Оның ішінде туристер мен таушылар көп баратын таулар – Алатау шатқалдары мен Алтай таулары. Туристер жүрген жер тап-таза тұр деу қиын. Өйткені туристер көп баратын Мұзтауда жыл сайын тазалық жұмысы жүріп тұрады.
Мұзтаудың Ресей еліне қарайтын жағының тазалығымен айналысатын Константин Еланцевтің айтуынша, жылдар бойы жиналған қалдықтарды тек тікұшақпен ғана шығаруға болады. Сондай-ақ ол әр жыл сайын 100-ге жуық қап қоқыс шығаратынын айтады.
Ал «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде тау туризмін дамыту және табиғатты таза сақтау мақсатында қалдықтарды бөліп жинау алаңдарын жасақтау қолға алынды. қазір Іле-Алатау баурайы тұрмыстық қалдықтарды жинаудың инфрақұрылымын толыққанды жасақтаған еліміздегі алғашқы ұлттық саябақ болып тұр. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, ұлттық парк аумағында барлығы 31 жаңа қалдық алаңы орнатылып, ӨКМ операторы 225 контейнер қойған.
Ресми деректерге сенсек, Ұлттық паркке жылына 300 мыңнан аса саяхаттаушылар келеді екен. Сондықтан 2030 жылға дейін парк аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау деңгейін 85%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. «Қазір қалдықтарды тастайтын алаңдар: Алма-Арасан, Мұзтау, Қимасар, Аққайың, Қаскелең, Ақсай, Есік, Түрген, т.б. шатқалдарда орнатылды», дейді «Іле-Алатау» МҰТП қызметкерлері. Олардың айтуынша, келушілер жиі қоқыс қалдырады, темекі тұқылын тастайды, жаққан отын өшірмейді, тіпті вандализм фактілері де кездесетін көрінеді.
Ал жуырда басталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында тазалық жұмыстары тек қала маңында ғана емес, біз айтып отырған таудағы тазалық мәселесіне де отандастарымыз кірісіп кетті. Оның бір айқын дәлелі – Жамбыл облысы Меркі ауданындағы тау шатқалында жүргізілген тазалық жұмыстарын айтуға болады. Бауымыз да, тауымыз да таза тұрсын десек, бұл игі бастама басқа да таулы өлкедегі отандастарымызға үлгі болуға тиіс.