Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға тиісті көмек көрсетуді тапсырғаны мәлім. Осы орайда, Орал қаласында баспанасы жарамсыз деп танылған тағы 12 саяжай тұрғыны баспаналы болды. Жаңа пәтерлер демеушілер қаржысына сатып алынған, деп жазады Egemen.kz.
Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаржылық ұйымдар мен демеушілер өңірдегі зардап шеккен тұрғындарға қол ұшын созып, көмегін беріп отыр.
Комарово саяжайының тұрғыны Айнаш Сәменованың жалғыз баспанасы суға кетіп, жарамсыз деп танылған. Бүгін ол жаңа пәтеріне қоныстанды.
«2017 жылы Комарово саяжайынан үй салып, отбасымызбен тұрып жатқан едік. Тасқын кезінде үйімізді су басты. Қазір, міне, жаңа пәтердің кілтін қолымызға алдық. Қаланың орталығында жаңа үйде тұрамыз деп күткен жоқпыз. Осындай жағдай жасаған Мемлекет басшысына алғысымды білдіремін», деді ол.
Жалпы Орал қаласында бүгінге дейін саяжайдағы үйлерін су басқан 71 отбасыға баспана берілген. Аталған жұмыс әлі де жалғасады.