Кеше Парламент Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен отырысы өтіп, онда «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда қаралып, мақұлданды.
Депутаттар ел Президентінің сот төрелігін іске асыру сапасын қамтамасыз ету және судьялардың біліктілігін арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында заң жобасына бастамашылық жасаған болатын. Конституциялық заңның мақсаты – тиісті заңнамалық тетіктерді әзірлеу, құқықтың үстемдігін қамтамасыз ету және сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыру, сондай-ақ сот қорғауына құқықты іске асырудың құқықтық кепілдіктерін күшейту арқылы сот жүйесін одан әрі жетілдіру.
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров өз баяндамасында құжат Сот жюриінің жұмысын жетілдіруге және сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияны қайта қалыптастыруға бағытталғанын айтты.
Оның сөзінше, заң жобасына енгізілген түзетулерді 3 бағытқа бөлуге болады. Бірінші бағыт – Сот жюриінің жұмысын жетілдіруге қатысты. «Сот жюриінің сот ісін қарауы кезінде заңдылықтың өрескел бұзылуының әрбір фактісі бойынша судьяға қатысты тәртіптік іс материалдарын тексерудің жаңа тетігі енгізіледі. Бұл судьялар тарапынан заң бұзушылықтарды болдырмауға оң әсерін тигізетін болады. Ұсынылып отырған норма шеңберінде, жоғары тұрған сот тарапынан төменгі тұрған соттың істі қарауы барысында заңдылықтың өрескел бұзылу фактісі анықталған жағдайда, облыстық немесе Жоғарғы соттың төрағасы тиісті пленарлық отырыста судьяны тәртіптік жауапкершілікке тарту немесе тартпау туралы мәселені талқылау жөнінде Сот жюриіне ұсыныстар береді. Пленарлық отырыстың қандай да болса шешіміне қарамастан, заңдылықтың өрескел бұзылу фактілері бойынша барлық материал тексеру үшін Сот жюриіне жіберілетін болады», деді ол.
Н.Бекназаров қазіргі уақытта тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы шешімдерді Жоғарғы соттың және облыстық соттардың пленарлық отырыстары қабылдайтындықтан, іс жүзінде Сот жюриіне осындай бұзушылықтардың азғантай ғана бөлігі, атап айтқанда, 26%-ы ғана қарауға түсетінін жеткізді. Сондықтан тәртіптік істер бойынша жүктеменің ұлғаюы мүмкін деген болжамға байланысты Конституциялық заң жобасымен Сот жюриінің құрамын 9-дан 15 мүшеге дейін ұлғайту қарастырылған, оған 13 судья, сондай-ақ кеңесші дауыс беру құқығы бар заңгерлер қауымының 2 өкілі енеді.
Түзетулердің екінші бағыты – сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібін өзгерту. «Атап айтқанда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия судьяның кәсіби қызметін бағалауды жүзеге асырып келген өлшемшарттар қатарынан бірнеше талап, оның ішінде «адамгершілік қасиеттері» өлшемшарты алынып тасталады. Себебі ол бойынша бағалауды Сот жюриі, судья әдебі жөніндегі комиссия және пленарлық отырыстары да жүзеге асырады. Іс жүзінде бұл тәртіп бойынша судья бағалаудан қайталанып өтіп отырған. Конституциялық заң жобасы бойынша судьяның кәсіби қызметін бағалауды қолданыстағы нормаларда қарастырылғандай біржылдық қызметінің нәтижелері бойынша емес, алғашқы үшжылдық нәтиже бойынша жүргізу ұсынылады. Өйткені судьялар 1 жыл ішінде олардың кәсіби біліктілігін толыққанды бағалау үшін жеткілікті көлемде істерді қарап, тиісті тәжірибе жинақтап үлгермейді», деді Н.Бекназаров.
Сонымен қатар екінші бағыт ішінде сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияға қарау нәтижесі бойынша судьяны атқаратын лауазымына сәйкес деп тану туралы шешім шығару және оны Сот төрелігі академиясының біліктілікті арттыру курстарына жолдауына қатысты өкілеттіктер берілуі ұсынылады. «Бұл тетік судьялар корпусының сапасын арттыруды көздейді. Мысалы, Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның шешімдерін Жоғары Сот Кеңесі қарайды. Өз кезегінде, Жоғары Сот Кеңесі тиісті шешімдер қабылдайды, яғни судьяны атқаратын қызметінен босату немесе одан бас тарту туралы, судьяны басқа сотқа ауыстыру туралы және тағы басқалар» деді ол.
Түзетулердің үшінші бағытында судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан олардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін күшейту мәселелері қарастырылған. Атап айтқанда, Конституциялық заң жобасында отставкадағы судьяларға өмір бойғы қамтылым төлемінің мөлшеріне қатысты түзетулер қаралады, сонымен бірге судьяның сот жюриіне жіберілгенге дейін барлық материалмен танысу мүмкіндігін, сондай-ақ тәртіптік істі қарауға жеке өзінің немесе өкілінің қатысуы арқылы судьяның құқықтарын толыққанды қорғауға кепілдіктер беретін нормалармен толықтырылады.
Бірлескен отырыста қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Байтілесов сот-құқықтық реформаның негізгі бағыты – сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету екенін айтты. «Осы қаралып жатқан заңнамалық өзгерістер судья кадрларының сапасын арттыруға және олардың сыртқы және ішкі тәуелсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Сонымен қоса заң жобасын қабылдау Президент тапсырмалары шеңберінде жүргізіліп жатқан реформаларды іске асыруға және судьялар корпусының жай-күйін жақсартуға ықпал ететініне сенімдімін» деді ол.
Парламентшілер Конституциялық заң жобасын екінші оқылымға дайындау үшін Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясын құру туралы шешім қабылдады. Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева басқаратын комиссияның құрамына сенаторлар Нұрлан Бекназаров, Андрей Лукин, Айнұр Арғынбекова, сондай-ақ мәжілісмендер Абзал Құспан мен Үнзила Шапақ енді.