Медицина саласында халыққа қалтқысыз қызмет етіп, тұрғындар алғысына бөленіп жүрген дәрігер көп.
Соның бірі – Гүлбахар Мәмбеткәрімова. Шындығын айтқанда, оның кіндік қаны Атырауда емес, Бесқалада тамған. Ал мұнайлы шаһарға 2014 жылы көшіп келген. Содан бері №7 қалалық емханада жұмыс істейді.
«Ата-енем атажұртына оралуды ойластырып, жаңа қоныс ретінде Атырауды таңдады. Біз де бірге көшіп келдік. Өзім 2002 жылы Ташкент педиатрия институтының Нөкістегі филиалын бітірген едім. Бұл шаһарға келген соң жұмыс іздеп, осы емхана басшысына жолықтым. Сол кездегі директор Ғазиз Есқали ағамыз бастаған ұжым туысқанындай бауырға тартты», дейді Г.Мәмбеткәрімова.
Ол бала күнінен дәрігер болуды мақсат етіпті. Өйткені оның әке-шешесі де, аға-әпкелері, жеңгесі мен жездесі де осы саланы таңдаған. Олардың жолын балалары жалғастырып келеді. Осындай үлкен әулеттің өкілдері бас қосқанда, әңгіме тиегі медицинаға, адамның денсаулығы, диагностика мен емдеу тәсілдеріне ойысады. Бір сөзбен айтқанда, отбасылық шағын конференция деуге болады.
«Болашақта медицина саласын таңдайтын болғандықтан, мектепте биология, химия пәндеріне көңіл аудардым. Дәрігер болғаныма өкінбеймін. Өйткені бала кезден әке-шешеміздің тұрғындардың денсаулығы үшін аянбай еңбек еткенін көріп өстім. Дәрігерлік біздің отбасылық кәсібімізге айналды», дейді Г.Мәмбеткәрімова.
Емханадан Гүлбахар Әбдікәрімқызына бір емес, екі учаске бөлінген. Оның бірі мекенжай бойынша аумақтық болса, екіншісі қосымша ретінде берілген. Оған С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті студенттерінің денсаулығын тексеру де жүктелген. Бірақ жұмыстың көптігінен бас тартқан емес. Өйткені өзімен бірге жұмыс істейтін медбикелер Гүлнұр Ғалымова, Әсия Қабдолова және Сәлима Нығметпен бірге бәріне үлгереді. Бәрі де бір-бірін жақсы түсінеді. Тұрғындардың телефон қоңырауына кезекпен жауап береді. Ақ желеңділердің қызметіне тұрғындар ұдайы ризашылығын білдіріп отырады.
«Мен Атырау қаласының «Ақдепо» деп аталатын бөлігінде тұрамын. Жас ұлғайған соң дәрігерге жиі қаралуға тура келеді. Дәрігер мен медбикелердің кеңесін ұдайы аламын. Олар бізді жылышыраймен қабылдайды. Сыпайы сөйлеседі. Дауыс көтеріп, қабақ шытқанын көрмедік. Диагнозды дәл қойып, тез емдеуге тырасады. Үш жыл бұрын коронавирус инфекциясымен ауырдым. Ауруханаларда орын болмағандықтан, үйде емделдім. Сол кезде Гүлбахар Мәмбеткәрімова күн сайын келіп, аурудың динамикасын бақылап отырды. Оның ем-шарасынан кейін сырқатымнан тез айықтым. Қазір отбасымызбен осы дәрігерге қараламыз», дейді 65 жастағы Жұлдыз апай.
Жақында Гүлбахар Мәмбеткәрімова жалпы тәжірибелік дәрігерлер арасында өткен республикалық байқауға қатысты. Оның осы саладағы өзіндік тәжірибесі, емдеу тәсілі зерделеніп, «Үздік отбасылық дәрігер» атанды.
«Менің мақсатым – сырқатына шипа іздеп келген пациенттерге тиімді емдеу тәсілін ұсыну. Бұл барша дәрігерлердің темірқазықтай бұлжымас қағидасына айналуы керек. Ал жетістікке жетуіме қолдау көрсеткен емхана мен сала басшыларына, барша әріптесіме, өзімнің сенімді серігіме айналған медбикелердің жұмысына ризашылығым шексіз», дейді Г.Мәмбеткәрімова.
Атырау облысы