• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мәселе 15 Маусым, 2024

Шыбын-шіркей мазаны алып тұр

117 рет
көрсетілді

Павлодарда шыбын-шіркейге қарсы улау жұмыстары шілденің ортасына дейін жалғасады. Биыл өңірдегі дезинсекциялық іс-шаралар аумағы іс жүзінде екі есеге, яғни 71,5 мың гектардан 127 мың гектарға ұлғайтылды. Осы уақытқа дейін Ертіс өзенінің жайылмаларын улау үшін 8 ұшақ жалпы саны 326 рет әуеге көтерілген.

Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары бас­қармасының бас маманы Жанэль Асайынованың айтуынша, қа­зіргі уақытқа дейін Ертіс өзені жайылмаларының 125,2 мың гектары химиялық өңдеуден өткен. Мамандар өзен бойымен жалпы ұзындығы 1 800 шақырым болатын аумақты үш мәрте әуеден өңдеп шықты. Ал 59 ауылдық елді мекенде барьерлік өңдеу жүргізіліп жатыр. Өңдеу көлемі мен аудандары едәуір ұлғайғанын ескерсек, биологиялық және химиялық препараттардың кө­лемі де артқан. Атап айтқанда, 157 тонна биологиялық және 11,4 мың литр химиялық препарат қарастырылған. Бұл іс-шараларға облыстық бюджеттен 2,9 млрд теңге бөлінген еді.

Өңделген аумақтарды көле­міне қарай бөлетін болса, мынадай цифрлар шығады: Павлодар қаласы – 31,9 мың гектар, Аксу қаласы аумағы – 15 мың гектар, Тереңкөл ауданы – 19,6 мың гектар, Ақтоғай ауданы – 19,6 мың гектар, Павлодар ауданы – 29,5 мың гектар, Ертіс ауданы –9,2 мың гектар, Железин ауданы – 384 гектар.

«Биыл көктемде Ертіс арнасынан шыққаннан бастап ғылыми топтың сүйемелдеуімен шыбын-шіркейлердің дамуы зерттелді. Соның нәтижесінде мердігер ұйымға өңдеу жұмыстары бо­йын­ша нұсқаулықтар беріліп отырды. Көктемнің салқын болуы қансорғыш жәндіктердің дернәсілдерінің дамуының біраз тежелуіне ықпал етті. Осыны пайдаланып мердігер ұйым толығымен өңдеу жұмыстарын жүргізді. Әуелі биологиялық препаратпен, ал су арнасына кірген соң шалшық сулар химиялық препаратпен өңделді. Авиа және жаяу өндеушілердің арқасында препараттардың тиімділігі 90%-дан жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Қазіргі кезде қолжетімсіз (жаяу және авиациямен өндеуге мүмкіндік жоқ) жерлерден қанат­танып ұшып шыққан шыбын-шіркейге қарсы барьерлік өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», дейді Ж.Асайынова.

Ғылыми топтың феноло­гиялық бақылаулары күнделікті негізде жүргізіледі. Олардың болжамы бойынша су мөлшерінің көп болуына байланысты өңдеу жұмыстары шілде айының ортасына дейін жалғасуы мүмкін. Қазіргі таңда Ертіс өзеңінің жағалауында орналасқан елді мекендерде сары масаға қарсы барьерлік өңдеу жұмыстары жалғасып жатыр.

 

Павлодар облысы