Алдағы қазан айында халқымыздың ардақты перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толады. Айтулы тұлға саналы ғұмырында туған халқына қалтқысыз қызмет етті. Оның айшықты ізі жүріп өткен жолында ғана емес, ол түскен суретте де сақталған.
Бір сәт суретке зер салыңыз. Фотода Нұртас атамыздың Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы кезі. Қасында атақты ғалым, академик Қаныш Сәтбаев. Белгілі журналист, оңдасыновтанушы Гүлсім Оразалықызының айтуынша, мұнда екі алыптың Алматыдағы Қазақстан ғылым академиясы ғимаратын салатын орынды архитектор, құрылысшылармен талқылап тұрған сәті бейнеленген.
Нұртас Оңдасынов – ел үкіметін өте қиын жылдары басқарды. Сол қиындыққа қарамастан көптеген жаңашыл іске бастамашы болды. Қайраткердің тікелей қолдауымен Қазақстан Ғылым академиясы құрылды. Соғыс болып жатқан ауыр кезеңде Ғылым академиясының жаңа ғимаратын салуға қаржы бөлді. Ардақты азамат академия ғимаратының іргетасы қаланғанда ырымдап, «Қазақ ғылымы күмістей таза болсын» деп күміс тиын шашыпты деседі.
Биыл Ұлттық ғылым академиясының алғашқы президенті Қ.Сәтбаевтың туғанына да 125 жыл толды. Соған орай 12 сәуірде елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде халықаралық ғылыми конференция өтті. Сонда Парламент Сенатының депутаты, Халықаралық Қ.Сәтбаев қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алтынбек Нұхұлы көрнекті ғалымды Жезқазғаннан ғылымға әкелген, сол жылдардағы үкімет басшысы Нұртас Оңдасынов деп, ол кісінің еңбегіне жоғары баға берді. Шынында, біртуар тұлға Қ.Сәтбаевтың газетке шыққан мақаласын оқып, ғалымның терең ойы мен сөзін ұнатып, оны Мәскеуге шақырады. Кездесіп сөйлескеннен кейін КСРО Ғылым академиясының президенті В.Л.Комаровқа алып барып: «Қазақтың Ғылым академиясының болашақ президенті болуға лайық жігіт», деп таныстырған екен. Бұл – ел ертеңін ойлаған қайраткердің елеулі қасиеті.