• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Оқиға 14 Маусым, 2024

Иткөйлек

125 рет
көрсетілді

Қала іргесіндегі Ша­ғалалы ау­лында әлдебір ша­­руамыз болып ат басын бұрғанбыз. Таспадай тар­­тылған тас жолдың қос қапталына қоныстанған, етек-жеңі кең пішілген ауыл. Ертеректе өзге ұлт өкілдері көп болатын. Кейінгі жылдары тау асып, тас басып келген ағайын қоныстана бастады. Ағайынмен бірге біздің өлке баяғыда ұмытқан бағзы ырым, жол-жоралғы қайта оралғандай.

Ауыл іргесіне таяп кел­генімізде бір топ баланың арқасына әлдене бай­ланған төбетті қуып жүргенін көрдік. Жаяу балаға жүйрік ит жет­кізуші ме еді. Өздерінің де итті қуа-қуа әбден шаршағандары көрініп тұр. Бұрын көз ұшынан көрінген дүниені жазбай танитын жанардың оты кеміген сайын құрықсалым жердегі қарасынды әзер ажырататын жазған басымыз ұры ит көзден таса қалған қозы-лақты оңай олжа көріп жәукемдеп қашқан шығар деп ойлағанбыз. Шетін көріністің жай-жап­сарын білейік деп ат басын іріктік. Қуғыншы балалар алдыртқан албырт кейіпте емес, жүздерінде әлдебір қуа­ныштың лебі алаулайды.

– Асан, арғы жағынан қаумала, – деп айғайлайды біреуі. Енді біреуі көк­шу­лан төбетті алдаусыратып ша­қырып әлек.

Жол шетіндегі үйдің ірге­сінде ақ жау­лықты әжей тұр екен. Үлкен кісіге тоқтап сәлем бердік. Ит қуған бала­лар­дың жайын сұрастық.

– Иткөйлек қой, – деді әжей, – білу­ші ме едіңдер? Көне ырым.

Біз тіс жара қоймаған соң, әңгіменің тігісін өзі жазды.

– Бағзы заманда кішкентай балаға жел-құз тиіп ауыра қалса, бойындағы дерті итке көшсін деп кішкентай дор­баға қант-кәмпит, құрт салып, иттің мойнына байлап, қашыртқан. Бір ғажабы, жеңіл-желпі сыр­қаттанған көп бала осы бір көне ырымнан кейін құ­лан-таза жазылып кететін болған. Бұл күні ұмыт­тық қой. Бүгін де сол көне дәстүрді жаңғыртып жатыр едік.

Ата-ананың бар ниеті баланың үстінде ғой. Атам қазақтың адал ыры­мы­ның себі шынында да тиетін шығар.