«Таза Қазақстан» экологиялық акциясын Ертіс-Баян өңірінің жұртшылығы белсенді түрде қолдап отыр. Жергілікті кәсіпкерлер мен ірі өндіріс орындары абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстарын тұрақты жүргізіп жатыр. Кәсіпорындар «жасыл аймақтардағы» көшеттердің санын көбейте түскен.
Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының үндеуімен өңірдің кәсіпорындары өздері орналасқан елді мекендер айналасын абаттандыру, тазарту бойынша кешенді іс-шараларды жүргізіп жатыр. Акцияға «Тандем-ПВ» ЖШС да белсенді түрде қосылды. Ұжым басшысы Павел Горбачев қоластындағы қызметкерлерімен бірге серіктестік маңындағы көшелердің тазалығын қадағалап, тырмалары мен күректерін қолға алып, тротуарларды қоқыстан тазартты.
«Біздің халқымыз ежелден табиғатқа, өз үйінің және айналасының таза болуына ұқыпты қараған. Елімізде осы игі дәстүрлерді жаңғыртуға арналған «Таза Қазақстан» акциясы өтіп жатқаны қуантады. Осындай бірлескен іс-қимылымыздың нәтижесінде біз айналамызды үнемі мұнтаздай таза етіп ұстай аламыз», дейді компания директоры П.Горбачев.
Игі бастамадан «Каустик» АҚ қызметкерлері де шет қалған жоқ. Мұнда 129 түп көшет отырғызылды. Зауыт жанындағы жасыл белдеуде бөріқарақат, шетен және тобылғы ағаштары пайда болды. Компания басшылығы бұл жүйелі абаттандыру жұмыстарының барлығы өз қызметкерлері мен қала тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін жүргізіп отырғандарын айтады.
Ал ИнеУ колледжінің студенттері акция аясында облыс орталығындағы жерасты өткелін безендіру мақсатында «Сүйікті қалам» арт-челленджін бастап кетті.
Қазіргі күні жер-жердегі жастар орталықтары мен жастардың қоғамдық ұйымдары да тазалық жұмыстарын белсенді әрі тұрақты түрде өткізіп жатыр.
Павлодар облысы