Президенттің іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институты мен Президенттік орталық бірлесіп ұйымдастырған дөңгелек үстел басында адвокаттық қызмет пен заңгерлік көмек туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды.
Дөңгелек үстел жұмысына Сенат депутаты Амангелді Толамисов, Конституциялық соттың судьясы Айжан Жатқанбаева, Республикалық адвокаттар алқасының ғылыми-консультативтік кеңесінің төрағасы Сергей Сизинцев, Қазақстанның заң консультанттары Республикалық алқасының төрағасы Серік Ақылбай қатысты.
Іс-шараны ашқан ПІБ жанындағы Парламентаризм институты директорының орынбасары Берік Бекжанов бұл іс-шара адвокаттық қызмет пен заңгерлік көмек туралы заңнаманы жетілдіру бойынша үлкен жұмыстың бастауы болатынына сенім білдірді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында «Күшті және тәуелсіз адвокатурасыз құқықтық мемлекет құру мүмкін емес», деп атап өткені белгілі. Депутаттардың бастамасымен іс жүргізу заңнамасын жетілдіру, адвокаттық қызмет пен заң көмегін көрсету, дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі шешу мәселелері жөніндегі заң жобасы қазіргі уақытта Мәжілісте қарауда жатыр.
Заң жобасының бастамашысы болған депутаттардың пікірінше, енгізілген өзгерістер мен толықтырулар адвокаттар мен заң консультанттары қызметінің тәуелсіздігінің тиісті кепілдіктерін жасауға, азаматтарға жоғары сапалы заң көмегін көрсетуге, адвокаттардың іс жүргізу өкілеттіктерін кеңейтуге және адвокаттық тәжірибенің кепілдіктерін қамтамасыз етуге бағытталған.
Дөңгелек үстел басында адвокаттың процессуалдық өкілеттіктерін кеңейту, заңгерлік тәжірибеге кепілдік беріп, адвокаттың қызметіне кедергі келтіргені үшін жауапкершілік туралы нормаларды қайта қарау, мемлекет кепілдік берген заң қызметін көрсету, кәсіпке «кіру» және өкілеттіктерін тоқтату, адвокаттық және заңгерлік көмекті ұйымдастырып, клиенттермен қарым-қатынас бағыттары, адвокатура қызметін ұйымдастыруды күшейту, тәртіптік жауапкершілік негіздері секілді мәселелер талқыланды.
Айта кетейік, отырысқа онлайн режімде ТМД елдерінен де заңгерлер, атап айтқанда, Әзербайжан Республикасы адвокаттар алқасының төрағасы Анар Багиров, Қырғыз Республикасы адвокаттар алқасы адвокаттар кеңесінің мүшесі Айжан Қадырова, Тәжікстан Республикасы Заңгерлер одағының төрағасы Алишер Хайдаров, т.б. қатысты.