Қызылжардың түбіндегі Бескөлдің «Құлагер» ипподромына жиналған көпшіліктің сенбі күні рухы көтеріліп, делебесі қозып, жандары жадырап қалды.
Ат спортының облыста дәстүрлі түрде өтетін биылғы ұлттық ойындары тасқынның кесірінен жылдағыдан кештеу болып отыр. Бірақ «ештен кеш жақсы» демекші, атүсті ойындарын жақсы көретін халық жарыс болған күні ипподромға бала-шағасымен бірге көп жиналды. Бұл күні жорға жарыс, желістен жарыс, аламан бәйгелермен қатар «Қыз қуу», «Теңге алу» сияқты ұлттық ат спорты ойындары да көрсетілді.
Қыз-жігіттің қанын қыздырған «Қыз қууға» жастар қазақтың ұлттық киімдерімен шықты. Барлық жұптарда да жігіттер де, қыздар да діттегеніне жетіп, халықты мәз қылды. Құмар еткен қыздың үлбіреген алқызыл бетінен сүйіп, жазасын арқасымен көтерген жігіттің де қуанышы бір бөлек...
Жеті мың метрлік жорға жарысында ағайынды Артем мен Евгений Чибисовтер бірінші, екінші орынды олжалады. Олардың асыл тұқымды «Аквамарин» мен «Прогноз» атты сәйгүліктеріне құйрық тістесе отырып, үшінші болып мәреге Әлия Тоқтасынова өзінің «Фиалка» атты жүйрігімен жетті. Жарыс барысында оның жүйрігі екі жігіттен кейде озып отырғанымен мәреге тәжірибесі молдау жігіттер алда келді.
Желгірлердің желдей ескен желісінде Әуез, Әбдікәрім, Әбді- уәли Нұрахметовтердің жүйріктері басқаларды шаң қаптырып кетті. Михаил Скопцев пен Василий Ткачуктың желгірлері көп артта қалды.
Жарыстың ең үлкені де, шоқтығы биігі де аламан ғой. Көпшілік соны тосып, дегбірсізденіп тұрды. Сонымен 13 шақырымға созылған аламан да басталды. Қиқу мен айғайдың көкесі енді болды. Жандарынан зулаған жүйріктер өткенде делебесі қозбаған адам жоқ шығар. Жүйріктердің бәрі де ойқастатып, көсіле шауып барады, бірінен-бірі өтеді. Бірақ жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар ғана озады емес пе, ақырында Сәлім Әбілмансұрдың «Қарагері» мәре сызығын бірінші болып бұзды. Мәреден екінші болып «Фаворит» деген жүйрігімен Рымхан Нұртілеу өтті. Үшінші орынды Бижұма Тілекберген алды. Сөйтіп, қызылжарлықтардың қанын бір қыздырып, рухын бір көтеріп қызықты да, қылықты да Ұлттық ат ойындары да өз мәресіне жетті.
Солтүстік Қазақстан облысы