Қалың көпшілік түгілі, білімді саналатын топтағылардың да көбісіне кәдімгі Күннің жаратылысы тылсым сыр секілді. Ол ол ма, қарапайым көзге тек қана қара тастардың жиынтығы секілді болып көрінетін таулардың өзі өсудің жемісі екенін көпшілік біле бермейді. Ал таулар болса, кәдімгі тіршілік иелері секілді өседі. Осы тұрғыдан алғанда жер бетіндегі бірқатар таулар “кәрі таулар”, ал Алатау “жас таулар” тобына жатады. Қызық, қызық болса да, ақиқат осы. Біздің Жер де ғаламдық кеңістіктегі өсулердің жемісі. Бірақ өсудің өз құпиясы бар. Кез келген қара тасты алып, бір жерге қоя салсаң, оның өсуі мүмкін емес. Демек табиғаттың өзінде өсу деген құбылыс уақыт кеңістігінде бір-біріне байланыстылықта даму дегенді білдіреді. Түсініктірек болу үшін гүлге немесе ағашқа су құю керек екенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ егістік алқаптар топырағы тыңайтқыштармен байытылғанда ғана өнімдірек болады. Мінеки, байқап отырсақ өсулерге де осындай шартты қажеттіліктер керек екен.
Адамзатқа, оның ішінде жеке тұлғаға қатысты да осылай деуге болады. Уақыт кеңістігінде барлық қажеттіліктерді жинай алғандар ғана өсіп шығады. Айталық, АҚШ мемлекетінде толып жатқан президенттер қызмет атқарды. Бірақ солардың ішінде санаулылары ғана танымал және ел сыйлайтын тұлғаға айналды. Осындайда қиын кездерде осынау алып мемлекетті басқарып, алапат дағдарыстардан шығарып қана қоймай, сонымен бірге бүкіл дүниежүзілік деңгейде ерекше маңызды қызметтер атқарған Франклин Рузвельттің тағдыры мен қызметі менің есіме жиі оралады. Бір кездері біздегі ауылдық мәслихаттың депутаты іспетті қызметке сайланған 18 жасар Франклин анасына “Анашым, болашақ АҚШ президентін құттықта!” деп құшағын жая ұмтылған суреті бүкіл әлемнің газеттерінде басылған шығар. Естуімше, осы суретті сәті түсіп, өмірге әкелген суретші бір ғана осы туындысы арқылы жиналған гонорарларымен миллионер болып кетсе керек. Себебі, Франклин сатылап өсе береді, өсе береді. Ақыр аяғында, айтқаны келіп, АҚШ президенттігіне сайланады. Бұл ғана емес, Франклин Рузвельт АҚШ мемлекетінде өткен ғасырдың алғашқы ширегінде орын алған алапат дағдарысты еңсеруде үлкен шешімталдық танытып, онымен қоймай, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде болашақтың саяси құрылымын анықтаушы “Үлкен үштіктің” беделді біреуі болып шығады. Мен мұны бекерден-бекерге еске алып отырған жоқпын. Әлемде қанша мемлекет болса, сонша билеуші бар. Бірақ солардың арасынан бірнеше онжылдықтар мен ғасырларда біреуі ғана суырылып алға озып, адамзатты таңғалдыратын көшбасшыға айналады. Тіпті, кейбір көшбасшылар мемлекет тізгіні қолында болмаса да, ықпалды күшке айналып, ақыр аяғында өз мемлекетінің болашақ дамуын анықтауыш тұлға болып қалыптасады. Махатма Ганди, Кемал Ата-Түрік, Шарль де Голь осындай тұлғалар. Олар өзіне дейінгі өз елдеріндегі режімдерді төңкеріп тастап, жаңадан күні бүгінге дейін жасампаздық даму жолында келе жатқан мемлекеттердің саяси-экономикалық ұстанымын анықтап бергендер. Халқы оларды сондықтан құрметтейді. Бір назар аударарлығы сол, бұлар да осындай орасан зор маңызды қызметтерін өмір ақиқатына айналдырғанға дейін кемелденудің толық “сапарынан” өткендер.
Кезінде қазақ зиялыларының арасындағы шоқ жұлдызының бірі болған Сұлтанмахмұт Торайғыров: “Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып Күн болам, қараңғылықтың кегіне Күн болмағанда кім болам?!” деген екен. Абай болса бұған дейін қазақтың жалпы адамзаттық қауымдастық көшінде лайықты орны болуы үшін білім, ғылымды меңгеріп, оның жемісін көруге тиіс деген жөн сілтеуін жасап кеткен еді. Қазіргі кезге дейін осы екі алып тұлға жайлы ой толғаушылар “бұлар мықты ақын болған, мықты философ болған, мықты хакім болған” дегеннен арыла алмай келеді. Ал шын мәнінде, Абай бастап, Сұлтанмахмұт қостаған алыптар тобы болашақтағы ұлттық дамудың бағдарламасын сызып көрсетіп, айқындап берген ақылмандар еді. Әттең, бұлардың қолы қысқа болды. Бірақ өсиеттері бүгінгі ұрпаққа жетті. Біздер, Ұлы Отан соғысы кезеңінің түлектері, жоғарыда есімдері аталған ұлтымыздың екі данышпанының айтқандарын жаттап өстік. Сондықтан да білім алуға суға шөліркегендей құмарлықпен кірістік. Бәріміздің балаң кезіміздегі арманымыз Алпамыс пен Қобыландыдай ел қорғаған батыр болу болса, өсе келе, Абай мен Сұлтанмахмұтты оқи келе көксеген мұраттарымызға дейін өзгеріп кетті. Енді қара күшпен емес, біліммен, ғылыммен ғана небір қиыншылықтарды жеңуге болатынын түсініп өстік. Сөйтіп, оқуға, білім алуға, ғалым болуға ерекше ынтамен кірістік. Өз басым химия ғылымын қудым. Талпынысым мен еңбегім жеміссіз болған жоқ. 33 жасымда химия ғылымдарының докторы атандым, қазір өзім жетекшілік жасап отырған үлкен ғылыми-зерттеу институтында зертхана меңгерушісі болдым. Орайы келгенде айта кетейін, сол бір кездері Қазақстанның химия ғылымы Ресей мен Украинадан кейінгі құрметті үшінші орынды түпкілікті иеленген болатын. Бірнеше ғалымдарымыз КСРО деп аталатын алып державаның әскери және ғарыштық зерттеулер саласындағы мақсатты бағдарламасы бойынша жұмыс істедік. Мұндай жағдайда менің жастай биікке көтерілдім, деп мақтануға толық құқым бар ғой. Жасыратын несі бар, көкейімде сондай пікір де болған. Бірақ сол райдан көп ұзамай қайтуға тура келді. Қызық...
Бәрі былай болған еді. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарының соңына қарай біздің институтқа ядролық физика саласындағы әлемдік ғылымда үлкен салмағы бар, сондай-ақ КСРО деп аталатын алып державадағы Ғылым академиясының президенті, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері А.П.Александров келді. Мұндай үлкен лауазым иесі келгенде есеп беру, болашақ жоспарды баяндау мақсатында алқалы жиын өтетіні және белгілі. Бәрі солай болды да. Осы алқалы жиынымызға А.П.Александровты ертіп келген Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің өнеркәсіп саласы бойынша хатшысы Н.Ә.Назарбаев қатынасып отырды. Ал мен жиналыста ион алмастырғыш полимерлер және мембрандық технология саласы бойынша дүние жүзіне белгілі болған ғылыми жаңалықтар жөнінде баяндама жасадым. Баяндама жасап болған соң тыңдаушыларға назар салуға көштім. Аңсарым Александров пен оның дәл жанында отырған Орталық комитет хатшысы Н.Ә.Назарбаевтың көңіл күйлерін “аулауға” ауған секілді. Сондағы байқағаным, өзіміздің хатшы Александровпен аздап әңгімелесіп алады да, бірдеңелерді қойын дәптеріне жаза қояды. Онда не жазып жатқанын қайдан білейін, бірақ негізгі түйіндер қағазға түсіп жатыр ғой деп ойлаймын. Әрі-берідесін Орталық комитеттің хатшысына оның жастығына қарап та көңіл аударатын секілдімін. Мен 27-імде институт зертханасының меңгерушісі болдым, деп масаттанып жүрсем, Нұрекең бүкіл Қазақстанның жоғары биліктегі он басшысының біреуі болып шыққан екен. Жалпы мұндайда он деген сөздің өзі нақтылықты білдірмейтін секілді. Себебі, ол кездегі қалыптасқан жүйе бойынша Жоғарғы Кеңес те, Үкімет те Компартияның Орталық комитетіне есеп беріп, соның бақылауында жұмыс істейтін. Олай болса, 38 жастағы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстандағы ең жоғарғы биліктегі бес басшының бірі деу керек. Бізге Қазақстанды жастай басқарғандардың есімдері белгілі. Ол Кеңес өкіметі құрамындағы Қазақстанның білімді кадрға зәру кезінде болған жағдай ғой. Ал өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында мұндай зәрулік болды дей алмаймыз. Қалай десек те, мұндай орынға үлкен іріктеуден сүрінбей өткен таңдаулылар ғана отыра алады. Бұл таңдауға Қазақстан ғана емес, Мәскеу Кремліндегі ең жоғарғы билік өкілдері де қатысады. Қысқасы, сол кездегі тілмен айтар болсақ, республикалық Орталық комитеттің хатшылығы СОКП Орталық комитетінің номенклатурасы. Демек Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы болған Н.Ә.Назарбаев Мәскеудің таңдауынан сүрінбей өткен тұлға болып тұр. Ал ондағы таңдау мен екшеу қандай жоғары талап деңгейінде болатыны баршаға белгілі. Олай болса кейіннен КСРО құрамында болған Қазақстанның Үкіметі басшылығына тағайындалғанда да, содан кейін республика Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшылығына сайланып, республиканың бірінші басшысы болып шыққанында да ол таңдаудан сүрінбей өткен, білім-білігі мен тәжірибесі және ұйымдастырушылық қабілеті, сондай-ақ бүгін мен болашақты ұштастыра бағалаушылығы жағынан жоғары талап деңгейінде болған тұлға дей аламыз. Орайы келгенде айта кетейік, КСРО-ның соңғы бірінші басшысы Михаил Горбачев кейіннен: “Мен Нұрсұлтан Назарбаевты КСРО Министрлер Кеңесінің төрағалығы қызметіне шақырдым, бірақ ол одан бас тартты. Егер Назарбаев КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы болғанда алып держава ыдырамас па еді, қайтер еді”, деп естелік айтқан. Демек, біздің Нұрекең КСРО секілді алып державадағы екінші тұлға болуға лайықты деген баға да алған екен-ау.
Байқап отырсақ, біздің Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстан Республикасын құрудағы еңбегінің жемісті болуы оның білімі мен тәжірибесінің, іскерлік ауқымының және ой өрісі мен дүниетанымының, саяси ұстанымының жоғары талап деңгейінде болуында жатқан секілді. Н.Ә.Назарбаев үшін қарапайым металлургтың, яғни, пролетариат табының мұң-мұқтажы бес саусағындай аян. Өйткені, ол еңбек жолын домна пешінің металл балқыту цехындағы жұмыстан бастаған. Н.Ә.Назарбаев үшін ауылдағы малшылар мен диқан қауымының да мұң-сыры, мақсат-мұраты жұмбақ емес. Себебі, ол ауыл шаруасының отбасында туып, өскен, орта білім алған азамат.
Бүгінгі әлемге танымал Қазақстан мемлекетінің әлем мойындаған көшбасшысы үшін елдегі жастардың да қажеттілігі жұмбақ емес. Ол жас шағында жастар ұйымын басқарған. Сонан соң өндіріс орындарының басшылық қызметінде, қаланың, облыстың басшылық қызметінде болған, ақыр аяғында КСРО құрамындағы Қазақстанның, кейіннен Тәуелсіздік алған егеменді Қазақстан Республикасының бірінші басшысы болды. Осындай барлық сатыдан өткен бүгінгі Елбасымыз үшін Қазақстанның әрбір шегесі қай жерде жатқаны да белгілі еді десек, артық айтқандық емес. Ол Қазақстанның қай аймағына не қажет екенін, қай аймағында қандай мүмкіндік пайдаланылмай жатқанын баршамыздан жақсы біледі. Сондықтан да ол Тәуелсіздік алған мемлекетін мейлінше қысқа мерзім ішінде Кеңестер одағынан “мұраға қалған” гиперинфляция мен алапат рецессиядан даму жолына сала алған посткеңестік аймақтағы тұңғыш басшы болып саналады. Мұны мен емес, бүкіл посткеңестік аумақтағы мемлекеттердің басшыларының өздері айтқан. Мұны әлемдік деңгейдегі сарапшы институттардың лауазымды тұлғалары айтқан. Қысқасы, мемлекет құрып, оны тұрақты даму арнасына салу ісіне Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев үлкен дайындықпен келген тұлға еді. Сондықтан да оның еңбегі жемісті болып шықты. Бұл – бір.
Екіншіден, егер оның үлкен тәжірибесі ғана Қазақстан Республикасын құруда және даму арнасына салуда шешуші қызмет атқарды деумен шектелсек, қателескен болар едік. Себебі, Қазақстан социалистік қоғамнан капиталистік қоғамға өтуі тиіс болды. Ал арғы-бергі тарихты қанша ақтарсақ та, капиталистік қоғамнан социалистік қоғамға өтудің ғылыми негіздемесін көрсек те, социалистік қоғамнан капиталистік қоғамға өтудің ғылыми жолы болмағандығы және белгілі. Демек Н.Ә.Назарбаевқа данышпан Абай айтқандай: “соқтықпалы, соқпақсыз” жолмен жүруге тура келді. Мұндайда бастаған көшін аман-есен даму арнасына сала алған адамды қазақ халқы көшбасшы деген.
Н.Ә.Назарбаевтың көрегендігін дәлелдейтін нақты деректер мен дәйектер оның өз қызметінен-ақ көптеп табылады. Айталық, Семей ядролық сынақ алаңын жабу нағыз көрегендіктің, жауапкершілікті толығымен өз мойнына ала білушіліктің жарқын көрінісі. Жауапкершілікті өз мойнына алу дегенде мен Н.Ә.Назарбаев Семей ядролық сынақ алаңын жабу жөніндегі Жарлыққа қол қойған кезінде Қазақстан КСРО құрамында болғанын меңзеп тұрмын. Ал КСРО құрамында болған кезде мұндай бетбұрысты шешім түгіл, сәл қателікті жіберген тұлғалар да ату жазасына бұйырылғанын білеміз. Екіншіден, көрегендік дейтін себебім, Семей сынақ алаңының жабылуы басқа сынақ алаңдарының жабылуының бастауы болды. Кейіннен Франция өз сынақ алаңында бір жарылыс жасаған кезде ол дүние жүзі қауымдастығының қатаң сынына ұшырады. Сөйтіп, адамзат ядролық сынақ дейтіннен ада болды. Осындай игі іспен қызметін бастаған жас мемлекеттің құрушысы Н.Ә.Назарбаев көп ұзамай КСРО-дан мұраға қалған баллистикалық зымырандар мен олардың ядролық оқтұмсықтарынан өз еркімен бас тартып, оларды жою туралы ұстанымын заңдастырды. Мұның алдында осындай ниетті ұстанған қазақтың көшбасшысы ұлтының амандығын есінен бір сәт шығармай, алып ядролық державалардан қауіпсіздігіне кепілдік алды. Келе-келе бұл үрдіс тұтастай Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құру туралы игі іске ұласты.
Үстіміздегі жылдың сәуір айында Қазақстан Президенті Вашингтондағы қауіпсіздік жөніндегі дүниежүзілік форумға қатысып, сөз сөйледі. Онда адамзатқа “бөлшектенген атом өзімізді бөлшектеп жүрмесін” деген тілегін айтты. Нұрекеңнің бұл сөзі саммиттің афоризміне айналып, дүние жүзінің бұқаралық ақпарат құралдары оны дәл сол қалпында жарыса жариялады. Осындай озық ойлы көшбасшымызға арнап, АҚШ Президенті Барак Обама “егер Назарбаев қатыспаса, бұл форум өтпес те еді” деген мойындау сөзін айтты. Бұл біздің елдің көшбасшысын әлемдік деңгейде мойындаудың нағыз мысалы емес пе?!
Орайы келгенде бір естелікті айта кеткен жөн шығар. Жоғарыда әңгімелеген Ә.Бектұров атындағы химия ғылымдары институтында болған жиналыс кезінде болашақ елдің құрушысы Н.Ә.Назарбаев өзінің алдағы қызметтеріне қажетті “азық” жинап отырғанын кейін білдім. Көп ұзамай-ақ Нұрекең Үкімет басшылығына тағайындалды. Сонан соң Қазақстан ғылымына, оның ғалымдары ашқан жаңалыққа сұраныс басталды. Иә, біздің ғалымдар бұрын да қамқорлықтан кенде болмаған. Соған сәйкес небір теңдессіз жаңалықтар өмірге келді. Біздің институттың ғалымдары ашқан жаңалықтары Кеңес өкіметінің зауыттары мен комбинаттарында пайдаланылды. Міне, осылардың бәрінің игілігін Қазақстан көре алған жоқ. Барлық зауыттар мен фабрикалар Ресейде немесе басқа да одақтас республикаларда жұмыс істеді. Осыны дер кезінде көре білген Н.Ә.Назарбаев Үкімет басшысы қызметіне тағайындалған соң отандық ғалымдар ашқан жаңалықты Қазақстандағы конвейерлік өндірістен шығаруға қамқорлық жасап бақты. Бірақ Нұрекең мұндай игілікті істі аяғына дейін жеткізуге үлгере алмады. Себебі, көп ұзамай-ақ әбден әлсіреген КСРО державасы келмеске кетіп, ыдырап тынды. Ғалымдар жаңалығының игілігін Қазақстанның өзі көре алмауы еліміз егемендік алған кезде айқын байқалды. Халық тұтыну тауарларын өндіретін, бірде-бір толыққанды бәсекелестікке қабілетті өндіріс ошағының болмауы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстан экономикасының әбден әлсіреуін туындатты. Ал бір-бірінің ажырамастай бөлігі болған КСРО орта мәшине жасау министрлігіне қарасты Мәскеуге тікелей бағынатын әскери-ғарыштық өндіріс кәсіпорындары көп ұзамай тоқтады. Сондықтан қалаларда миллиондаған жұмыссыздар армиясы қалыптасты. Сондықтан елімізде егемендіктің алғашқы кезінде қол жуатын сабын да, сіріңке де зәру затқа айналды.
Бір назар аударатын тұс, Н.Ә.Назарбаевтың жоғарыда айтқан ядролық қару-жарақтан біржақты бас тарту жарлығын шығару кезінде қазақ ғылымының мүмкіндігін алыптардың өздеріне іс жүзінде дәлелдеуге қатысты әрекет жасағандығы еді. Мәселен, жойылуға тиісті қару-жарақтарды зарарсыздандыру ісіне әлемге аты мәшһүр “Brown&Root Cіvіl”, АВВ SUSA деп аталатын АҚШ мемлекетіндегі компаниямен бірге мен бастаған отандық химиктер тобы жұмыс істеу құқығын ұтып алды. Әрине, тендерде біздің мұндай мәртебеге ие болуымызға Президентіміздің өзі тікелей атсалысқан секілді. Әйтпесе, әлемдік деңгейде жұмыс істеп танылмаған, тіпті мемлекеттігін жаңа жариялап жатқан Қазақстан деп аталатын республикадағы химия институтының ғалымдарын осындай зор жауапты және терең білімді, мол тәжірибені қажет ететін іске қатыстыру шетелдіктердің ойына кіріп те шықпас еді. Не керек жұмыс істедік, жұмысымыздың ойдағыдай болғаны соншалық, оған Америка қорғаныс министрлігінің өзі таңғалып, бізге құны 264547 доллар тұратын далалық зертхананы сыйға тартты. Бұл жерде Елбасымыз тағы да көрегендік танытқан секілді. Себебі, біздің жұмысымыздан кейін басқаны былай қойғанда, АҚШ қорғаныс министрлігіндегі білікті мамандардың өзі Қазақстанның ғылымы уранды байыта да алатынын, зарарсыздандыра да алатынын көзбен көрді ғой. Демек Назарбаев бұл жерде шетелдіктерге “біз ядролық қару-жарақтан оны пайдалану қолдан келмегендіктен бас тартып тұрған жоқпыз. Мәселеге адамзаттық парасат биігінен қарау арқылы осындай өміршең шешімге келдік. Қажет етсек, мұндай қарудың санын жасап алуға ғылымымыз қабілетті” дегенді осынау әрекеті арқылы, былайша айтқанда ыммен түсіндіріп тұр. Бәлкім, ядролық державалардың кейіннен бізбен толыққанды тең дәрежеде аралас-құраластықты өрістетуінде Назарбаевтың сол кездегі осындай “сесі” жатқан шығар. Ескерте кетейін, 100 ядролық оқтұмсық жасауға жететін байытылған плутонийді де Қазақстан ғалымдарының өздері “жойды”. Мұны да әлемнің танымал ғалымдары мен мемлекеттердің лауазымды тұлғалары көздерімен көрді. Мұндай мүмкіндікті қорықпай, үрікпей, жасырмай, баршаның көзінше іс жүзінде дәлелдеп шығу Қазақстан ғылыми әлеуетінің қандай деңгейде екенін мойындату арқылы басқа жақтың жас мемлекетімізге қоқан-лоқы жасауына болмайтынын іспен түсіндірудің айқын көрінісі болып шықты. Бұл көрегендік емей немене?!
Жетпістің биігіне шыққан бүгінгі көзбен қарап, көкірекпен сараптасам, сонау жылдарда бар болғаны отыз сегіз жасында республика Компартиясының салалық хатшысы болып сайланған Н.Ә.Назарбаевтың үлкен өсуіне таңғалысымыз бекершілік екен. Себебі, мұндай өсуге оны сол уақытқа дейін “жиған-терген” білімі, тәжірибесі, ой-өрісі, дүниетанымы, парасатты ойы бастаған екен. Кейінгі қызметтерінде өсудің сыры осындай екенін Н.Ә.Назарбаев толық дәлелдеп шықты. Ол экономикасы мүлде күйреген КСРО тастандысындай елден дамудың даңғыл жолына түскен, әлем мойындаған Қазақстанды жасап шығарды. Және бұл күндері жастармен жиі кездесетін Нұрсұлтан Әбішұлы ұдайы: “Мемлекетіміздің болашағы сендерсіңдер, ендігі даму сендердің білімдерің мен таланттарыңа тікелей байланысты” деген ақылын жиі айтады. Бір риза боларлығы сол, Елбасымыз мұндай ойын сөзбен айтып қана қоймай, ісімен де бекіте білді. Еліміз үшін аса қиын болған кезеңдердің өзінде ол “Болашақ” атты бағдарлама жасап, сол арқылы ең талантты жастарды алыс-жақын шетелдердің халықаралық деңгейде мойындалған білім ордаларында оқытуды дәстүрге айналдырды. Ал 2008 жылы осы бағдарлама бойынша шетелден мамандық алған және сол кездері оқып жатқан жастардың басын қосып, өзінің түпкілікті мақсатын жариялады: “Мақсат – интеллектуалды ұрпақ тәрбиелеп, интеллектуалды ұлт қалыптастыру”, деді ол. Мемлекеттің, ұлттың қай бағытта бара жатқанын осыдан-ақ ұғуға болады.
Н.Ә.Назарбаев Абай өсиетін толыққанды ұлт игілігіне айналдыру жолында күш жұмсап жүрген көшбасшы. Қазақтың кемеңгер ұлы кезінде былай деген екен: “Қалың елім қазағым, қайран жұртым, ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың”. Жоғарыда біз Кеңестер одағы кезінде ғылымды жақсы меңгергенімізді және оның игілігін Қазақстанның өзі көре алмағанын айтып өттік. Мәселен, әлемдік ғылымда небір керемет теңдессіз жаңалықтар ашсақ та, егемендік алған кездегі Қазақстан Республикасында Абай армандаған “ұстараны” шығаратын да кәсіпорын болмаған екен. Қандай өкінішті! Бодан елдің көретін күні осы. Осыны жан жүрегімен сезінген Н.Ә.Назарбаев 2010 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында енді “Қазақстан-2030” Стратегиялық даму бағдарламасының екінші кезеңі басталатынын және 2010 жылдан бастап одан кейінгі он жыл ішінде елде тек қана инновациялық индустрия құру жоспары бойынша ауқымды және серпінді жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді. Менің жеке пайымдауымша, көшбасшымыз өзінің түпкілікті мұратына жету жолындағы жойқын шабуылды енді бастаған секілді. Саяси ұстанымында “әуелі – экономика, сонан соң – саясат” деген қағиданы басшылыққа алатын Н.Ә.Назарбаев бағдарламасы 2010 жылға дейін отандық шикізат секторын қарқынды дамыту арқылы халықты тыңайту, әлеуметтік жағдайды жақсарту болғандай. Бұл орайдан алғанда, алынған шеп көңіл толтырады. Өткен жиырма жылға жуық жолымыз жемісті болды. Ұлттық банкінде бір цент валюта, бір унция бағалы металл болмаған Қазақстан дүниежүзілік қаржы дағдарысын баршамен бірдей бастан өткізсе де, Ұлттық қорына 50 миллиард доллардан астам алтын-валюта жинап алған ел болып тұр. Дүние жүзінің көптеген алыс-жақын шетелдерімен жақсы байланыс орнаттық. ЕҚЫҰ секілді ең беделді халықаралық ұйымға төрағалық жасаудамыз. Осының бәрі меніңше, Н.Ә.Назарбаевтың негізгі мұратқа жету жолындағы алған шептері. Ал ол мұрат Қазақстанды инновациялық индустриясы бар елге айналдыру. Демек 2010-2020 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы тұтастай алғанда ұлттық сапаны, ұлттық менталитетті жоғары деңгейге көтеру деген сөз. 2010 жылдан бастап ұлт жастары компьютермен басқарылатын озық технологиялы өндірісте жұмыс істейтін болады. Мінеки, осындай өндірісті құру арқылы 2020 жылы Қазақстанның жылдық ішкі жалпы өнімін шамамен 170 пайызға өсіруді жоспарлаған Елбасымыздың бұл бағдарламасына дендеп назар аударған адам ұлттық сапа мен менталитеттің де сондай деңгейге көтерілуін көздеп отырғанын түсінсе керек. Өйткені, мұндай өсімді қамтамасыз ететін өндіріс орындарында жұмыс істейтіндер негізінен ұлттық кадрлар болып шықпай ма?! Сондықтан да болса керек, бұл күндері Білім және ғылым министрлігі мен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі бірлесіп, өскелең талап сұранысына сай жаңа мамандықтар бойынша кадрлар даярлаумен айналысу бағдарламасын жасауда. Мінеки, бұл ұлттық даму емей немене!
Н.Ә.Назарбаев өзінің “Еуропаға жол” атты еңбегінде Қазақстанның көксегені еуропалықтарша өмір сүру деңгейі екенін тайға таңба басқандай анық жазған. Ал қазіргі дүниеде Еуропа ең дамыған аймақ саналады. Олай болса, Елбасымыз өзі құрған Қазақстанды дамығандардың қатарында көруді жоспарлаған және сол жоспарын жүзеге асырып жатыр дегенді батыл айтуға болады.
Н.Ә.Назарбаевтың басқару стилінде “қанағаттану, тоқмейілсу” байқалмайды. Ол бір биікті алған соң екінші биікке бастайды елін. Осы мақаланың бас жағында таулардың өсетіні жөніндегі пікірді жайдан-жай айтқан жоқпын. Мұның сырын зерделі оқырман ұққан да шығар. Бүгінгі ұлтымыздың көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев та, оның төл перзентіндей Қазақстан Республикасы да ұдайы өсудің жемісі. Кәдімгі табиғаттағы таулар секілді. Өсу үшін қажетті жағдай жеткілікті. Ол көшбасшымыздың білім-білігі, мол тәжірибесі, парасатты ұстанымы.
Иә, біздің көшбасшымыздың ерекше қасиеттерінің бірі осы – парасаттылық. Ол кез келген мәселеге биік парасат тұрғысынан қарайды. Биікке ұмтылғанда біреуден үстем болсам дегенді ойламайды. Керісінше, кейінгілерге жәрдемдесіп, адамзаттың баршасы бірдей өмір сүрсе екен, дейді. Сондықтан да болар, ол жер беті тарихында тұңғыш рет әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бастарын бір мәміле дастарханы басына жинап, “Жаратушымыз бір, сондықтан да бірлесіп өмір сүрейік” дегенді осы уақытқа дейін бір-бірімен діни негізде қырқысып келгендердің баршасына айтқызған Мемлекет басшысы болып тұр. Мұндай парасаттылық ниет оның әрбір қадамына жәрдемдесуші қуатты күш болғандай. Алла парасатты басшымыздың әрбір қадамын оң қылғай!
Еділ ЕРҒОЖИН, химия ғылымдарының докторы, профессор, “Ә.Бектұров атындағы химия ғылымдары институты” АҚ президенті.
Суретте: Алыста қалған жылдардан бір ескерткіш, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Н.Ә.Назарбаев, КСРО Ғылым академиясының президенті, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері А.П.Александров, Б.А.Жұбанов Е.Е.Ерғожиннің баяндамасын тыңдау кезінде.