• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Таным 18 Маусым, 2024

Шүлен тарату

160 рет
көрсетілді

Ауылдың баскөтерер азаматтары бірігіп, иелері көшіп кеткен соң босап қалған, жуан қарағайдан қиып салған, еңселі, төрт бөлмелі үйді сатып алып, мешітке ыңғайлап қайта жабдықтаған екен. Атшаптырым жерден менмұндалап тұратын мұнарасын да орнатыпты. Маңайы тап-таза, әдемілеп қоршалған. Несі бар, иманды шаруа. Мешіт мәселесі шешілгенімен, ие болатын адам керек. Ондай кісі шыға қоймаған соң аудан орталығынан діни сауатты, білімді жас жігітті ат-түйедей қалап, шақыртып алыпты.

Құрбан айтта ауылға бардық. Зират басында жаңағы жас молда жүр екен. Өтініш айтқан жамағаттың сөзін жерде қалдырмай, құран бағыштап жүр. Ата көрші Жәнібек құрбан шалған екен, «ат басын бұра кет, дәм татасың» деп шақырды. Бардық. Ертеректе ауылдың ақсақал, қарасақалы төрт-бес табақ болатын, қазір алпысты алқымдап қалғандар екі-ақ табақ қана. Ең үлкені Есенбай ақсақал. Әңгіменің әлібі – Құрбан айты.

Бір кезде елге иелік етіп отырған Есенбай ақсақал молда бала Мұ­раттың күн көрісі туралы әңгіме сабақ­тады. Жалақы алмағаннан кейін бөтен ауылда тұрып, бауыр басып кетуі де қиын екендігі айтылды.

– Қазақ баласы негізі бауырмал, қайырымды халық қой, – деді Есенбай ақсақал шоқша сақалын тарамдап, сипалай отырып, – мен бір сиырымды беремін, сүті бұлақтай. Сауып іш. Бұрынғылар мұндай көмекті шүлен тарату десе керек, қазір ұмытылған дәстүр. Баяғының байлары төңірегіндегі жоқ-жітікке сауын сиыр, аттың майын берген. Кеңес заманының кесір саясаты бай мен бағланды құбыжық етіп көрсетті ғой, әйтпесе олар да ел ішіндегі берекені ойламады дейсіз бе? Біз бүгін ортамызға келіп отырған осы азаматты қамқорлығымызға алсақ, елдігіміздің белгісі емес пе?

Ақсақалдың оң сөзін дастарқан басындағы жұрт қостай жөнелді. Біреу саулық, біреу тоқты атады. Құр­дастары жылқылы бай деп әжу­алайтын Қанатбек аға сүтін сауып ішуге бие беретін болды. Әп сәтте Мұрат молданың қаңырап тұрған қорасы төрт түлікке толды да қалды.

Дәм қайырған соң жолға шық­тық. Жол бойы халықтың ықыласына көңіліміз толып, тәнті болып бара жатыр едік. Шүлен тарату дегенді бұрын да естігенмін. Әлдебір орынсыз мырзалық, ысы­рапқа айтылатын сөз шығар деп ойлаушы едім. Сөйтсем, астындағы жалғыз атын жолаушыға түсіп беретін мәрт қазақтың табиғатын көрсететін тағылымды сөз, тамаша жосық екен ғой. Ауылдың осы бір аңқылдаған пейілінен айналайын деп күбірледім іштей.