• RUB:
    5.31
  • USD:
    463.77
  • EUR:
    495.49
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Маусым, 2024

«Дипломмен – ауылға»: Жастар «Отбасы банк» арқылы баспаналы болып жатыр

140 рет
көрсетілді

Бүгінде жас мамандарды мазалайтын басты мәселе – баспанамен қамту. Жоғары оқу орны мен колледжде мамандықты меңгеріп, қолына диплом алып, еңбек жолын бастаған жастар өз үйіне қол жеткізуді армандайтыны рас. Сол арманға жетуде жобаның сенімді агенті болып тағайындалған «Отбасы банк» АҚ жүзеге асыратын «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының берері мол. Аталған банк тиімді тетіктер арқылы баспаналы болу мүмкіндігін ұсынып отыр.

Бағдарламаның басым тұсы көп

Сондай игілікке қол жеткізген мамандардың бірі – Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылының тұрғыны Баянсұлу Әзімбаева. Ол 2013 жылы Есік қаласындағы педагогикалық колледжде мұғалім мамандығын меңгеріп, Азат ауылындағы мектепте еңбек жолын бастады. Сол жылы-ақ «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының қатысушысы ретінде үй алуды қалайтынын білдіріп, кезекке тұрды. Бірақ бұл қалауы тек өткен жылы орындалды.

«Өткен жылдың сәуір айында «Отбасы банк» көмегімен көптен күткен үйімнің кілтін қолыма алып, баспаналы болдым. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының қатысушысы ретінде маған өте оңтайлы шарттар ұсынылды. Құжаттарды тапсыру, үйді ресімдеу жұмыстары да көп уақыт алған жоқ. Сөйтіп, тиімді талаптар арқылы үй алдым. Жас отбасы үшін бұл – зор бақыт. Атап өтерлігі, екі-үш жылдық тәжірибесі бар әріптестерім де аталған бағдарлама аясында «Отбасы банк» арқылы үйге заем рәсімдеу үшін құжаттарын реттеп жатыр. Содан-ақ бұл бағдарламаның жоғары сұранысқа ие екенін байқауға болады», дейді Түрген ауылындағы Қонаев орта мектебінің ұстазы.

Осы орайда мәртебелі мамандық иесі банк ұсынып отырған бағдарламаның басым тұстары баршылық екенін де ерекше атап өтті. Айтуынша, «Дипломмен – ауылға» елді мекенді өркендетіп, мұндағы сан саланың ілгерілеуіне сүбелі үлес қосуды қалайтын азаматтар үшін қолайлы әрі тиімді.

«Мен қарапайым тұтынушы ретінде банктің бұл бағдарламасының негізгі артықшылықтарын бірден байқадым. Бастысы – елді мекендегі үйді ипотекаға ресімдеу мүмкіндігінің болуы. Салыстырмалы түрде қарасақ, басқа қаржы институттары ауыл түгілі шағын қалаларда баспана алуға несие бере қоймайды. Екіншіден, бастапқы жарна мүлде жоқ. Өзге ипотека бойынша қарыз сомасының кем дегенде 20 пайызын міндетті түрде талап етсе, бұл бағдарламада мұндай шарт жоқ. Үшіншіден, ай сайынғы төлем қалтаны қақпайды. Мәселен, қарапайым ипотека алған азаматтар қазір ай сайын орта есеппен алғанда 150 мың теңге төлейді делік. Мен 5 млн 175 мың теңгені 15 жылға ресімдеп, ай сайын бар-жоғы 30 мың теңге көлемінде төлем жасап отырмын. Банк несиені 0,01 пайыздық жылдық мөлшерлемемен береді. Оны су тегін деп те айтуға болады. Осының барлығын саралай келе, «Отбасы банк» арқылы берілетін «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасы аясындағы ипотеканың басым жағы көп дер едім», дейді Баянсұлу Қайратқызы.

Суретте Баянсұлу Әзімбаева

Оңай, тез әрі ыңғайлы

Айта кетейік, Ұлттық экономика министрлігінің шешімімен өткен жылдың 1 сәуірінде «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының уәкілетті агенті болып «Отбасы банк» АҚ белгіленген еді. Сол арқылы ауылдық жерлерде жоғары сұранысқа ие мамандардың баспаналы болуына тиімді жағдай жасалды. Олар бастапқы жарнасыз және төмен пайыздық мөлшерлемемен тұрғын үйді сатып алуға немесе салуға несие ала алады. Бастысы, қолында дипломы бар, сол диплом негізінде елді мекенде сұранысқа ие мамандық бойынша жұмыс істейтін азамат болса болғаны.

Биыл бағдарламаға қатысуға өтініш қабылдау 27 мамырда басталды. «Отбасы банк» тұрғындардың уақытын үнемдеп, ыңғайлы жағдай жасау мақсатында «Дипломмен-ауылға» жобасын цифрлық форматқа ауыстырды. Енді өтінішті otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында онлайн режимде қалдыруға болады. Бұл ретте «Отбасы банкінің» мемлекеттік деректер базасымен интеграциялануы және «Вlockchain» технологиясын қолдануы нәтижесінде де ыңғайлы жағдай қарастырылды. Азаматтарға түрлі мекемеге барып, анықтамалар мен құжаттар алудың еш қажеті жоқ. otbasybank.kz порталында тіркеліп, ЭЦҚ арқылы қол қойса болғаны.

Енді бағдарламаның шарттары мен талаптарына ойыссақ. Негізгі талабы сол, бағдарламаға қатысушы елді мекенде денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен, мемлекеттік қызмет саласында еңбек етуі тиіс. Еңбек өтілі сол ауылда мамандығы бойынша 3 жыл жұмыс істегені жөн.

Қарыздың ең жоғары сомасы – 2500 айлық есептік көрсеткіш көлемі. Бұл дегеніңіз – 9 млн 230 мың теңге. Несиенің мөлшерлемесі – 0,01 пайыз. Қарызды 15 жылға дейінгі мерзімде ресімдеуге мүмкіндік бар. Байқағанымыздай, еңбек етемін деген жастарға ауылдық жерден де үй алуға оңтайлы жағдай қарастырылған. Мұндай тиімді талаптар өзге жобаларда жоқ.

Биыл аталған бағдарлама бойынша жастарды қолдап, оларға баспана беру үшін мемлекеттік қазынадан 30 млрд теңге қарастырылды. Бүгінде ел көлемінде барлығы 87 өтініш қабылданды.

Тұрғын үй жинағы – тиімді тетік

Жалпы «Отбасы банк» мемлекеттік бағдарламалар аясында моноқалалар мен ауылдардағы азаматтарды несиелендіруге баса назар аударады. Мемлекет басшысы Жолдауында облыс орталықтарынан аудандарға, моноқалалар мен ауылдарға назар аудару қажет екенін тілге тиек еткен еді.

Соның аясында «Отбасы банк» АҚ ауылдағы ағайынға бұрынғыдан да ауқымды ұсыныстар жасап отыр.

Тұрғын үй жинақтарының сапында ауылдықтардың да тірнектеп жинаған қаржысы бар. Айталық, банктегі 2 803 388 депозиттің 920 597-сін ауыл азаматтары ашқан. Қазір банк ұзақ мерзімді салымдар нарығында екінші орынға ие. Сол сияқты банк берген 315 803 қарыздың 24 599-ы ауыл жұртшылығының баспаналы болуына оң ықпал етті.

Жалпы соңғы 20 жыл ішінде «Отбасы банк» көмегі арқылы 521 402 отандасымыз қоныс тойын тойлады. Қаржы институты барлық ипотеканың 54 пайызын беріп отыр. Жыл басынан бері 19 565 заем мақұлданды.

Мұндайда «Тұрғындардың басым бөлігі не себепті «Отбасы банк» өнімдерін таңдайды?» деген заңды сауал туындауы мүмкін. Мұны пайыздық мөлшерлеменің төмендігімен байланыстыруға болады. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі 2-14,4 пайыз аралығында (ЖТСМ 2%-дан 15,4%-ға дейін) ипотекалық несие беруге әзір. Сондықтан тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары.

Бүгін сондай тиімді өнімдердің бірі – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын қаузадық. Бұл – ауылдағы ағайынның қалаған үйін алуына оңтайлы мүмкіндік. Сол себепті оны қалт жіберіп алмаңыздар!