Отан алдындағы борышын бұрынғы одақта өтеген асқар тау әкелеріміз бен ардақты ағаларымыз әскери өмір туралы майын тамызып әңгімелегенде аузымыздың суы ағатын. Тіпті олардың армияда түскен суреттерінен жасалған фотоальбомды көріп таңғалушы едік.
Әлі солай. Үлкендер жағы қазіргі жастарды «бір жылдық балабақшаға барып келді» деп кейде мұқатып жатады. Расымен азат елдің армиясында жастарға керемет жағдай жасалған ба? Кім білсін... Әйтеуір кейінгі жылдары Жамбыл облысы аумағындағы әскери бөлімшелерде жағдай ушыға беретін болды.
2022 жылы әскерге барудан жалтарып, есепке алу құжаттарын бүлдіргендердің саны ел бойынша 30 мыңнан асқан деген дерек бар. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды». Әскердегі әлімжеттік туралы әңгіме аз айтылып жүрген жоқ. Тәуелсіз елдің әскерінде бәрі керемет болса, жастар неге Отан алдындағы борышын өтеуден қашады деген заңды сауал туындайтыны анық.
Жанарында от ойнаған жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге баратыны, рухын көтергісі келетіні анық. Еңсесін тік көтеруге кеткен оғлан армиядан көк жасық, мінезсіз болып оралғысы келмейді. Алайда бәрі біз ойлағандай емес секілді.
Әскердегі сарбаздардың өлімі туралы деректерді оқығанда жан түршігеді. Мұндай оқиғалардың Жамбыл облысы аумағында жиі тіркеле бастағаны кімді де болсын, ойландырмай қоймайтыны даусыз. Шөлдала шекара заставасындағы оқиға кәдімгідей шу туғызғаны жадымыздан өшкен жоқ. Сарбаз Бекбол Мираштың өлімі қоғамды қатты дүрліктірді. 2022 жылы болған оқиға да жұрттың есінде. Кәмелет жасындағы маңғыстаулық сарбаз Әлібек Қалбай Гвардейскідегі әскери ауруханада мерт болған еді. Әскерде бірнеше күн ғана болған сарбаздың өлімін қоғам ауыр қабылдағаны рас.
Әскерге сау болып барған сарбаз сал болып қалғысы немесе жантәсілім еткісі келмейтіні анық. Айтар болсақ мысал аз емес. Қазбалаудың керегі қанша?
Тағы да Қордай. 19 жастағы қостанайлық оғлан әскери борышын өтеуге келіп, ес-түсін жоғалтқан. Баласының жансақтау бөліміне түскенін естіген анасының жүрегі атқақтап, әлеуметтік желіде жанұшыра бейнежазба қалдырған. Жанна Жанәлінің шырқыраған үні билікке жетті. 9 маусым күні болған оқиғаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударды. Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли мәселенің Президент бақылауына алынғанын әлеуметтік желі арқылы жеткізді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Отар аулындағы әскери бөлімде мерзімді қызметін өтеп жатқан сарбаздың комаға түсуіне қатысты анасының әлеуметтік желілерде жариялаған үндеуімен танысты. Мемлекет басшысы болған оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеп, кінәлі адамдарды жазалауды талап етті. Президент Қорғаныс министріне армияда мұндай жағдайға жол бермеу қажет екенін ескертіп, тергеу амалдарын бақылауға алуды тапсырды», деп жазды ол әлеуметтік желідегі жеке парақшасында.
Алматыдағы әскери клиникалық госпитальға түскен сарбаздың жағдайы мәз емес екенін мамандар да айтып отыр. Олар тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатқанынын тілге тиек еткен. Алайда науқастың жағдайы ауыр екенін жасырмаған.
Қордайдағы жағдайға қатысты Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі ресми мәлімдеме жасады. «2024 жылғы 9 маусымда Жамбыл облысының Қордай аудандық орталық ауруханасына Гвардейск гарнизонының мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі шұғыл жатқызылды. Бастапқыда өзін әлсіз сезініп, қызуы көтерілген сарбаз Гвардейск гарнизонындағы әскери госпитальдің жұқпалы аурулар бөліміне жеткізілген болатын.
Медициналық тексерулер мен зерттеулер әскери қызметшіден екіжақты полисегментті пневмония анықтады. Науқастың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Қазір оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Сонымен бірге ол жерде Қорғаныс министрлігі әскери клиникалық госпиталінің құрамына анестезиолог, реаниматолог және терапевт дәрігерлер кіретін көшпелі бригадасы жұмыс істеп жатыр.
Әскери қызметші емдеу мекемесіне түскен кезде оның денесінен көгерген немесе зақымдану іздері болмағанын атап өту керек. Мерзімді қызметтегі сарбазға қатысты келісімшарт бойынша әскери қызметші тарапынан билікті асыра пайдалану фактісі бойынша ІІМ Әскери тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Тексеру жүргізілуде. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпараттар жария етілмейді. Іс Қорғаныс министрінің ерекше бақылауында», делінген подполковник Руслан Жангулиннің бейнежазбасында.
Ресми өкілдің мәлімдемесіне қарап, Қордайдағы оқиғаға қатысты нақты айыпталушы азамат бар екенін аңғару қиын емес. Әрине, тергеу амалдары жүргізіліп жатқандықтан қалған ақпараттың құпия сақталуы – заңдылық.
Ресми мәліметте сарбаздың денесінде зақымдану ізі болмағаны айтылады. Бірақ мәселенің қалай өрбігені, кімнің айыпты екені, оқиғаның қалай ушыққаны алдағы уақытта белгілі болатыны анық. Қалай болған күнде де әскерде қайғылы жағдайдың жиі тіркелетіні алаңдатпай қоймайды.
Не десек те кейінгі бірнеше жылдың бедерінде қоғам әскердегі әлімжеттікке қатты алаңдап отырғаны айқын. Бір емес әр жылдары бірнеше сарбаздың өмірмен қош айтысқаны қоғамда кәдімгідей резонанс тудырып жатқаны да шындық. Тәжірибелі жауынгерлер «дедовщина» әрекеттеріне бармаса, жасөспірімдер әскерден қашпас та еді...
Иә, әскерден қашып жүргендердің біразы армиядағы доқ көрсетуден, яғни әскердегі әлімжеттіктен именетіні анық. Сарбаздарға күш пен қысым көрсетуді толық жоятын кез келе ме? Кім білсін.
Қордай мен Шөлдаладағы жағдайдан сабақ алатын кез жеткен шығар. Әйтеуір әскерде жағдай жиі ушыға бермесе екен дейміз. Үміт еткен көзінің нұрын қай ата-ана өлімге қисын...
Жамбыл облысы