• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Балалар 19 Маусым, 2024

Бала құқы бұзыла бере ме?

368 рет
көрсетілді

Ата-ана үшін баладан қымбат жан бар ма? Алайда әр ата-ана бауыр етіне балаған баланың құқығы жиі бұзылады. Тіпті өзінің балаларын саудаға шығарып, сататындар да бар.

Сондай істің бірі Атырау облысының кәмелет­ке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Айыпталушының орындығында 5 адам отырды. Оның бірі – балаларын сатқан безбүйрек ана. Ал төрт адам оған сыбайлас болған.

«С.А. жүкті бола тұра мате­риалдық жағдайын жақсарту үшін өзінің баласын дүниеге келген соң сататын болып, от­басылық жұп Р.Б. және Р.Г.-мен сөз байласқан. Ақшаны бергеннен кейін отбасылық жұп баланы өздеріне алған. Ал С.А. қайтадан жүкті болған. Сол кезде бөтеннің мүлкін алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен жымқыру үшін басқа екі отбасылық жұпқа баланы белгілі бір сомаға сатуға уәде берген. Алайда олардың ақшасын алып, ізін суытқан. Осылайша, жәбірленушілерге 2,3 млн теңге залал келтірілген», деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Осы кезде сотталушы С.А. өзі­нің баласын дүниеге әкел­геннен кейін сататын болып, басқа отбасылық жұппен сөз байласқан. Отбасылық жұп бала дүниеге келгенше сотталушының шотына ақша аударып отырған. Бала дүниеге келген соң ерлі-зайыптылар оны өз отбасына алған. Отбасылық жұптар Р.Б., Р.Г. және И.Б., У.А. жаңа туған балаларды ақшаға сатып алып, әкелікті анықтап, балалардың туу туралы куәліктеріне өз атын жаздырған.

«Сот үкімімен безбүйрек ана адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, бір­не­ше рет дәрменсiз күйдегі кәме­­лет­­ке толмағандар саудасымен айна­лысқаны, сондай-ақ бір­неше рет алаяқтық жасағаны үшін 8 жыл мерзімге бас бос­тан­­дығынан ­айыру жазасына сот­талды. Ал үш бірдей отба­сылық жұпқа дәл осындай әре­кет үшін Қылмыс­тық кодек­сінің 55-бабының 4-бөлі­гін қол­данумен шартты түрде ­3 жыл мерзімге бас бостандығы­нан айыру жазасы тағайындал­ды», деп мәлімдеді соттың баспа­сөз қызметі.

Бірақ сотталушылар мен ­адвокаттар бұл үкіммен келіс­пей, облыстық соттың қылмыс­тық істер жөніндегі сот алқасы­­на апелляциялық шағым түсір­­ді. Шағымданушылар сот үкімі­нің күшін жойып, ақтау үкі­мін шығаруды сұрады.

«Алқа апелляциялық ша­ғым­дарды зерделей келе, сот үкі­­мін өзгертуге немесе оның күшін жоюға негіз тап­па­ды. Осыған байланысты қыл­­мыстық істер жөніндегі сот ал­­қа­сының қаулысымен бірін­ші сатыдағы соттың үкімі өз­ге­ріссіз, апелляциялық ша­ғымдар қанағаттандырусыз қал­дырылды», деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.

Ал полиция қызметкер­ле­рінің пікірінше, ата-аналар тарапынан жасөспірімдерге бақылау жасалмайды. Сол себептен, кәмелетке толмағандар түн ортасында көшеде жүреді. Мәселен, облыстық жергілікті полиция басқармасының басшысы Ерлан Биғамбаевтың де­­регіне қарағанда, жыл басы­нан бері жасөспірімдер­ ара­сын­дағы заңсыздықтардың және оларға қатысты жасала­тын қыл­мыстардың, құқық бұзу­шы­лық­тардың алдын алу мақса­тын­да «Түнгі қаладағы балалар», «Жас­өспірім», «Жас­өспірім және жауап­кершілік» іс-шаралары өткі­зілді. Осындай іс-шараларға қара­мастан, ішкі істер органдарына 2 815 адам, оның ішінде 31 жас­өспірім қылмыс жасағаны үшін жеткізілген.

«Атырау облыстық кәме­летке толмағандарды бейімдеу орталығына 48 жасөспірім орналастырылды. Полицияның арнайы есебіне 89 жасөспірім алынды. Оның ішінде профи­лактикалық есепке қойылған 45 жасөсіпірім бар. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 41 ата-ана есепке қойылды. Қаңтардан бері балалардың қатысуымен 50-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жол-көлік оқиғасынан 6 жасөспірім қаза тапқан. Ал 60-тан астам жасөспірім әртүрлі дене жарақатын алып отыр», деді Е.Биғамбаев.

Ата-ана тарапынан бақы­лау­сыз оқушыға қатысты істің бірі сотта қаралды. Бұл істе 3-сынып оқушысының 20 күн бойы сабаққа бармау себебі қаралды. Атырау облыстық соты баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, оқушының сабақтан бір айға жуық себепсіз қалуына анасы кінәлі деп танылып отыр. Өйткені анасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабының 1-бөлігіне сәйкес кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, оған білім беру, сондай-ақ күтім жасау және күтіп-бағу жөнiндегi мiндеттерiн орындамағаны анықталды.

Ұлының білім алуына ба­қы­лау жасамаған анасы өзінің кінәсін мойындап, әрекетіне өкінетінін білдірді. Алайда бұл – кешіккен мойындау. Деген­мен, сот шешім қабылдар кез­де оқушы анасының жеке ба­сын, отбасылық және мате­риал­дық жағдайын, құқық бұзу­шылықтың сипатын ескерді. Сөйтіп, сот кәмелетке толмаған ұлдың анасына 24 мың 150 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салу жазасын тағайындауға қаулы шығарды.

Кәмелетке толмаған жас­өс­пі­рімдердің құқығын қор­ғау­­ға ата-аналар ғана емес мек­теп­тердің басшылары да мән бер­мейді. Бұған дәлел ре­тінде об­лыстық прокуратура қыз­мет­керлері анықтаған деректі алға тартуға болады. Мәселен, мек­тептерде кәмелетке тол­маған­дардың жыныстық тиіс­пеу­шілігіне қатысты және ден­сау­лығына қасақана ауыр зиян кел­тіргені үшін бұрын қыл­мыстық жауапкершілікке тар­тылған 3 адам жұмыс істеген. Сонымен қатар жоғары сынып оқу­шыларының өздерінен кіші­лерді ұрып-соғу деректері бар. Осындай теріс әрекеттерді және басқа да құқыққа қарсы іс-қимыл­дарды жасырғаны үшін 5 мек­тептің директоры Әкімші­лік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-1-бабы бойын­ша әкімшілік жауапқа тартылды.

 

Атырау облысы