Ақшалай өндіріп алу – әкімшілік процеске қатысушылардың өздерінің іс жүргізу міндеттерін орындауын, сондай-ақ процеске қатысушылардың және басқа да адамдардың сот талқылауы кезінде дұрыс мінез-құлқын қамтамасыз етуге бағытталған әкімшілік мәжбүрлеу шарасы.
Әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс аясында ақшалай өндіріп алу туралы көптеген судьяның жарияланымдары бар. Алайда кейбір мемлекеттік органдардың өкілдері осы уақытқа дейін бұл сот шарасына әлі де тиісті мән бермей отыр.
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында ақшалай өндіріп алу туралы 21 ұйғарым шығарды. 2023 жылдың ұқсас кезеңмен салыстырғанда бұл сан үш есе өскен, өткен жылы ақшалай өндіріп алу туралы 6 ұйғарым шығарылған.
2024 жылдың жартыжылдығында Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында ӘРПК-нің 127-бабының 3-бөлігімен көзделген ақшалай өндіріп алу қолданылмаған. Тек 127-баптың 4-бөлігімен ақшалай өндіріп алу қолданылған. 127-баптың 4-бөлігіне сай соттың талабын, сұрау салуын орындамағаны, әкімшілік іске қатысушы адамның сотқа келмегені, сотқа уақтылы хабарламағаны, кері қайтарып алуды уақтылы бермегені, сот отырысында төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбағаны, сотта белгіленген қағидаларды бұзғаны, сондай-ақ сотты және (немесе) судьяны құрметтемегені туралы анық куәландыратын өзге де әрекеттер (әрекетсіздік) үшін сот жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.
ӘРПК-нің 138-бабының 5-бөлігіне сәйкес судья жауапкерді Азаматтық процестік кодексінің талаптарына сәйкес дайындалған және ресімделген жазбаша пікірді және жоғары тұрған әкімшілік орган басшысының, лауазымды адамның уәжді ұстанымын он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде әкімшілік іспен бірге (бар болса) беруге міндеттейді.
Мысалы, бір ЖШС сотқа арызданып, онда мемлекеттік сатып алудан бас тарту туралы бұйрықты заңсыз деп тануды және күшін жоюды; жол берілген бұзушылықты жоюды сұрады. 2024 жылғы 8 қаңтардағы ұйғарыммен алдын ала тыңдау тағайындалды, онда сот жауапкерді Азаматтық процестік кодексінің талаптарына сәйкес дайындалған және рәсімделген жазбаша пікірді, сондай-ақ жоғары тұрған әкімшілік органның ұстанымын сот белгілеген мерзімде ұсынуға міндеттеген. Көрсетілген ұйғарыммен әкімшілік процеске қатысушылар «Сот кабинеті» электрондық сервисі арқылы танысты. Алайда жауапкер сот талаптарын сот белгілеген мерзімде орындамаған. Жоғары тұрған орган басшысының дәлелді ұстанымын ұсынбаған. Осыған байланысты соттың 2024 жылғы 19 қаңтардағы ұйғарымымен «Ақтөбе қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысына 73 840 теңге мөлшерінде ақшалай өндіріп алу қолданылды.
Осыған ұқсас негізде және сол мөлшерде ақшалай өндіріп алу «Ақтөбе қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысына, «Ырғыз аудандық ветеринарлық стансасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директорына, «Мұғалжар ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысына қатысты қолданылды. Бұдан бөлек, ӘРПК-нің 127-бабының 5-бөлігіне сай мекеменің басшысына соттың шешімін орындамағаны үшін ақшалай өндіріп алу қолданылды.
Соттың шешімін, соттың тараптардың татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімін бекіту туралы ұйғарымын орындамағаны үшін сот осы сот актісінде ол бір айдан аспайтын мерзім ішінде орындалуға жататын мерзімді көрсете отырып, жауапкерге елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолданады.
2024 жылғы 20 ақпандағы соттың шешімімен ЖШС-ның талап қою арызы қанағаттандырылып, сәулет және құрылыс бөлімінің алдын ала жобасын бекітуден бас тарту туралы хаты заңсыз деп танылып, бұзылған. Сонымен қатар, сәулет және құрылыс бөлімі алдын ала жобаны бекітуге міндеттелген. Соттың шешімі 2024 жылдың 30 сәуірде заң күшіне еніп, жауапкерге орындау үшін жолданған. Алайда соттың шешімі орындалмаған, осыған байланысты 2024 жылғы 12 маусымдағы соттың ұйғарымымен сәулет және құрылыс бөлімінің басшысына 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни 184 600 теңге көлемінде ақшалай өндіріп алу қолданылды.
Іс жүргізу міндеттерін орындамау фактілерін анықтаған кезде соттың ақшалай өндіріп алу құқығы сот билігінің дербестігі мен тәуелсіздігі қағидасынан туындайды және сот төрелігін жүзеге асыру үшін қажетті соттың дискрециялық өкілеттіктерінің бір көрінісі болып саналады. Сонымен қатар ақшалай өндіріп алу процестік мәжбүрлеу шарасы заңға және сотқа құрметпен қарауды қалыптастыру сияқты міндетін жүзеге асыруға ықпал етеді.
Мария ШАРИПОВА,
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы