Керекуде жантүршігерлік кісі өлімі болды. Екі ер адам тұрғын үй ауласында жанжалдасып, бірі екіншісін пышақтап өлтірген. Оқиға күндізгі уақытта, аулада тұратын тұрғындардың көзінше өрбіген.
Павлодар қаласындағы Мүткенов көшесі, №53 мекенжайында орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің аумағы, полицейлердің тілімен айтқанда, «қиын аудан». Ішімдікке салынғандар, түрмеде жазасын өтеп келгендердің дені осы маңайды жағалайды. Әсіресе үй алдында бала-шағаның ойнап жүргеніне қарамай, жиналып, алкогольді ішімдік ішіп отыратындар баршылық. Бір қарағанда, сонау 90-жылдардың ортасындағы көрініске ұқсайтыны да рас.
Осыдан екі жыл бұрын дәл осы жерде кісі өлімі болды. Әлгі үйде тұратын ер адамның бірі арақ ішіп отырып абайсызда көршісін итеріп жіберіп, өлтіріп алды. Қылмыс жасаған дәл сол азамат арада екі жыл өткенде өзге көршісінің қолынан қаза табатынын кім білген. Осыдан екі жыл бұрынғы кісі өлімі 16 маусым күні болған екен. Араға екі жыл салып, зұлмат дәл сол күні қылмыскердің өз басына оралып отыр. Көршілері мұны кек алу, алдын ала ойластырылған қылмыс деп есептейді.
Өңірлік полиция департаментінен хабарлағандай, 16 маусым күні аталған үйдің ауласында ер адам өз көршісін пышақпен бірнеше жерінен жаралап, өлтірген. Оқиға куәгерлердің көзінше өрбіп, көршілері бірден жедел жәрдемге хабарласқан. Алайда келіп жеткен медициналық бригада арыстай азаматтың сол жерде жантәсілім еткенін анықтады.
«Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, Павлодар қаласы полиция басқармасы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кісі өлтіру фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстың мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады», деп хабарлады Солтүстік полиция бөлімі басшысының орынбасары Жарас Ибраев.
Көршілерінің сөзінше, қайтыс болған адам осыдан екі жыл бұрынғы қылмысы үшін түрмеде бір жарым жыл отырып келген. Жақында босап шыққан оны өзге бір көршісі кек алу мақсатында өлтіргенге ұқсайды. Себебі ол қылмыстық әрекетін жүзеге асырып болған соң, ешқайда қашпаған. Пышағын ұстаған күйінде кіреберіс алдына отырып, асықпай полицейлердің келуін күткен.
ПАВЛОДАР